қазақша · русский · english
 
 
 
30.12.2023

Абай университеті 2023 жыл: ғылыми жетістіктер мен болашақ бағдарлар

 


 

95 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - республикада болашақ педагогтарды даярлайтын көшбасшы әрі Орталық Азиядағы ірі педагогикалық жоғары оқу орындарының бірі.

 

Биыл Абай университеті үшін ғылыми жаңалықтарға және жетістіктерге толы жыл болды. Осы сөзімізді университет ғалымдары мен зерттеушілерінің ғылым мен ғылыми-техника салаларындағы айрықша белсенділіктері мен табысты жаңалықтары айқындай түседі. Атап айтқанда, ағымдағы жылда Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы бас рейтингінің ТОП-50 үздіктер құрамына біздің бес жетекші ғалым-профессор В.Н. Косов, Е.А. Бөрібаев, Ж.А. Хамзина, А.С. Бердышев, А.К. Жармағанбетова және бір жас ғалым Е. Тілеуберді еніп отыр.

 

Осы жылы университет ғалым-оқытушыларының әлемдік рейтингтерде басты өлшем болып табылатын жоғары импакт факторлы журналдардағы мақалалар саны 300-ден артты. Соның ішінде Scopus базасындағы басылымдарда 211 болса, Web of Science дереккөздерінде 100-ден астам ғылыми мақала жарияланды. Бұл университеттің былтырғы нәтижесімен салыстырғанда Q1, Q2 жоғары рейтингті журналдардағы жарияланымдар үлесінің 20%-ға артқанын көрсетеді.

 

Ауыз толтырып айтатын бағыттың бірі - ғылыми жобалар. Абай университетінде 2023 жылы республикалық бюджеттен 61 ғылыми жоба, соның ішінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттық қаржыландыратын 56 ғылыми жоба, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 4 ғылыми бағдарлама және 1 коммерцияландыру жобасы табысты жүзеге асып келеді. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 74%-ға артты, өйткені 2022 жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 35 ғылыми жоба болса, биыл 61 ғылыми жобаны құрап отыр. Осы жылы ұтып алған ғылыми жобалар арасынан 2023-2025 жылдарға арналған 740 млн. теңгені құрайтын 2 ірі бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын ерекше атап өткім келеді. Олар педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұлжарқын Әбдіғапбарованың жетекшілігімен «Жоғары оқу орнының «online community» кеңістігінде оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастыру жүйесін кастомизациалау» және PhD Елена Музыкинаның жетекшілігімен «Постқалыпты уақыттағы рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік құбылыстар ретіндегі исламның ықпалы мен келешектері: Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінің тәжірибесі» деп аталады. Бірінші жоба бойынша цифрлық білімді кеңейтуге және цифрлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған міндеттерді шешуді көздейді, яғни ҚР ҒЖБМ нормативтік-құқықтық базасына Цифрлық әдеп кодексін әзірлеу, толықтырулар енгізу, цифрлық зертхана құру және «CyberEdNetworks» цифрлық платформасын жасау және оларды жүзеге асыруды ғылыми-әдіснамалық, оқу-әдістемелік қамтамасыздандыру көзделіп отырса, екінші жоба бойынша нәтижелер қазақстандық исламтану мен дінтану, педагогикалық және мәдени-білім беру ғылыми саласының одан әрі дамуына үлес қосады. Сондай-ақ, аса мән бергім келіп отырғаны - Абай университеті мен «Keruen Plus» ЖШС бірлесіп іске асыратын гранттық қаржыландырудан 350 млн. теңге, қосымша қаржыландыру 275 млн. теңге, барлығы 621 млн. теңге құрайтын коммерцияландыру жобасы. Ол «YBCO Модификаторларын қолдана отырып, ПВХ негізіндегі композиттік материалдардан жасалған жылтыр экологиялық таза терезе төсеніштерін инновациялық өндіру» деп аталады. Жоба Абай университетінің PhD, аға оқытушысы Әсем Қырықбаеваның ғылыми жұмысы негізінде әзірленді. Жобаны іске асыру зерттеу процесінің барлық кезеңдерінде тиісті материалдық және техникалық қолдау көрсететін «Keruen Plus» өндірістік компаниясының (Алматы облысы, Талғар қаласында орналасқан) базасында жүзеге асырылады. Осы жоба - Қазақстанда инновациялық өндірісті құру бағытындағы ғылым мен өнеркәсіптің табысты интеграциясының жарқын айғағы. Биыл бір қуантарлық жағдай - «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлтық орталығымен бірлестікте 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық нысаналы қаржыландыру бойынша BR21882260 «Күрделі әлемге арналған білім беру аспектісінде педагогтарды үздіксіз кәсіби дамыту жүйесін құру: парадигма, әдіснама, цифрлық құрылғылар» жобасын ұтып алып, жүзеге асыра бастауы. Бұл университеттің республиканың зерттеу орталықтарымен интеграциялық жобаларының дамуын арттырады.

 

2023 жылы ғылыми жобалардың нәтижелері жоғары оқу орындары мен орта білім беру жүйесіне енгізілді. Мәселен, ғылыми жоба аясында 4 оқу ғылыми зертханасы мен 1 әдістемелік кабинет ашылды. Осы зертханалар мен әдістемелік кабинет студенттерге педагогика ғылымдарының өзекті мәселелерін зерттеу барысында бірегей мүмкіндіктер береді. Атап айтсақ, 2023 жылдың қараша айында AP14871883 «Hyflex» технологиясы арқылы болашақ педагогтің кәсіби табыстылығын қамтамасыз ету» жобасын (жетекшісі - профессор А. Әмірова) жүзеге асыру нәтижесінде Абай университетінде «Hyflex сыныбы» оқу зертханасы ашылды. Жаңа зертхана студенттердің аралас оқыту үрдісін үйлесімді ұйымдастыруға бағытталып, озық технологиялық құрылғылар негізінде бейнеконференциялар, дәрістер жазу мен экранды бөлісудің әртүрлі формаларын жүзеге асырады. Сондай-ақ, Action Research зертханасы оқыту кезінде «іс-әрекетте зерттеу» элементтерін енгізумен, оқыту әдістемесін әзірлеумен айналысады (жоба жетекшісі - профессор А. Берікханова). Және оны үйрету бойынша республика деңгейінде жас ғалымдар мен докторанттарға тренингтер өткізуге мүмкіндіктер беріп отыр.

 

Сонымен қатар, «Мобильді білім беру ортасын құру арқылы болашақ бастауыш білім беру педагогтарын ұлттық құндылықтарға баулу» жобасы (жетекшісі - А. Жұмабаева) аясында «Білім берудегі мобильді технологиялар», «Мобильді білім беру ортасын құру арқылы білім алушыларды ұлттық құндылықтарға баулу әдістемесі» элективті курстары білім беру бағдарламаларына ендіріліп, оқытылуда. «Ұлттық қазына» жастар клубы жұмыс істейді. AP08857119 «Цифрлық орта жағдайында болашақ мұғалімнің студентке орталықтандырылған оқытуын трансформациялау» жобасы (жетекшісі - Ұ. Әбдіғапбарова) нәтижесінің бірі - студентке орталықтандырылған ақпараттық жүйе жасалып, апробациядан өткізілді.

 

Бұлардан басқа да биыл ғылыми жоба нәтижелері негізінде 10-нан астам монография, 20-ға жуық оқулық, оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдар, электронды оқу құралдары, сөздіктер, сондай-ақ мобильді қосымшалар жоғары және орта білім ұйымдарының оқу процестеріне енгізілді.

 

Жыл сайын университет жас ғалымдарды, профессорлық-оқытушылар құрамын және қызметкерлерді қолдап, олардың перспективалық идеяларын дамытуға өз бюджетінен қаражат бөледі. Әсіресе, жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға аса мән беріледі. Осы мақсатта республикалық гранттарға startup тұрғысынан университет қаржыландыратын қысқа мерзімді гранттарға жоғары оқу орны ішілік конкурс ұйымдастырылып, жүзеге асырылады.

 

2023 жылы республикалық «Жас ғалым» гранттық қаржыландыруды төрт жас зерттеуші Д. Орынбаева, Н. Конкабаева, Е. Тілеуберді, А. Сейілхан ұтып алса, жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсында М. Ревшанова және А. Өмірбекова жеңімпаз атанды.

 

Абай университеті Қазақстанда алғашқылардың бірі болып 2019 жылы жас ғалымдарды қолдау үшін постдокторантура бағдарламасын енгізді. 2023 жылы посдокторантураны екінші түлектер (Ш. Лайсханов, А. Сейілхан, Ә. Байқұлова, Б. Молдағали, Ш. Әкімбекова, Б. Сапарғалиева, С. Серікова) аяқтап шықты. Олардың постдокторантура аясында біреуі «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», екеуі талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендия иегері және біреуі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанды. Үш жылдың ішінде постдокторанттар Scopus және WoS базасының рецензияланатын журналдарында 55 мақала жариялады, оның ішінде СiteScore бойынша жоғары процентильді журналдарда 29 жарияланым (процентиль 50-ден кем емес және Q1, Q2-ден кем емес) және ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған журналдарда 81 мақала жарияланды. ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын ғылыми жобалардың, халықаралық жобалардың жетекшілері болды. Бұл нәтижелер университеттің зерттеу әлеуетін, сондай-ақ оның әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерін арттыруға оң әсер етіп отыр. Сол себепті 2023 жылы постокторантураға стипендиаттар қабылдау 28 орынға жетіп отыр.

 

Осы жылы университетте 6 халықаралық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде DAAD ұйымы қаржыландыратын «Білім беруді интернационалдандыру» жобасы (жетекшісі - профессор Ұ. Әбдіғапбарова) мен Эрасмус аясындағы «Қаздуалды (университет тарапынан үйлестіруші - постдокторант Б. Сапарғалиева)» ерекше атап өткім келеді. Бұл халықаралық ғылыми кеңістікте университеттің имиджін арттыруға, Қазақстан мен шетелдің ғылыми-педагогикалық қоғамдастығымен ынтымақтастық бағытында қолайлы орта құруға, студенттер мен профессор оқытушылар құрамының кәсіби өсуі мен ғылыми идеяларын іске асыруға мүмкіндіктер берді.

 

Әрине, бұл жетістіктер ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоғары деңгейін көрсетеді.

 

Тағы бір атап өтер жайт, Абай университетінің Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығы дайындаған «Мұқағали тілі сөздігі» монографиясының авторлары - гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеулер үшін Ш.Уәлиханов атындағы атаулы сыйлыққа ие болды. Бұл маңызды еңбектің авторлары - Шерубай Құрманбайұлы, Жансейіт Түймебаев, Байынқол Қалиев және Сәбира Исакова. Түркітану орталығының жетекшісі - ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Шерубай Құрманбайұлы. Биылғы жылы Абай университеті ғылым мен білім саласындағы ерекше жетістіктері үшін осымен екінші мәрте Ш.Уәлиханов атындағы атаулы ғылыми сыйлыққа ие болып отыр.

 

Мемлекеттік ғылыми стипендия Абай университетінің үш ғалымына - физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Абдумаувлен Бердышевке, PhD докторлары Жарасбек Байшемиров пен Айнұр Сейілханға берілді.

 

Болашақта Aбай университетінің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі - педагогикалық зерттеу университеті мәртебесін алу.

 

Осы мақсатта бірқатар перспективалық міндеттер қойып отырмыз:

- білім беру жүйесін дамытуға арналған, соның ішінде орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына нәтижелерін ендіруге ықпалы басым ғылыми жобалардың санын арттыру. Ол үшін университет ішілік жобаларды осы мақсатта ұйымдастыру және олардың қаржыландыру көлемін ұлғайту көзделіп отыр;

- университет базасында орындалған ғылыми зерттеулер нәтижелеріне мониторинг жасап, коммерциаландыру көздерін арттыру;

- «Abai Labs» ғылыми инновациялық парк құрамында озық технологиялық, инновациялық, креативті лабораторияларды іске қосу және олардың өзін-өзі қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру;

- постдокторантура мен профессор-зерттеуші бағдарламасы тиімділігін жоғарылату;

- халықаралық және республикалық итеграциялық жобалаларды көбейту;

- «Жас зерттеушілер» кеңесінің жұмысын республикалық деңгейде үлгі ету және т.б.

 

Аталмыш мақаланы жазып отырған сәтте тағы бір жаңалық - университетіміздің 20 профессор-оқытушы құрамы «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдік тағылымдаманы жеңіп алуы.

 

Келесі жылдан біз жаңа ғылыми жетістіктер мен нәтижелі жаңалықтар күтеміз. Ғалым-оқытушыларымыздың және зерттеуші-білім алушыларымыздың қолдауымен Abai University озық білім беруімен, ғылыми асуларымен болашақты қалыптастыруда өз миссиясын табысты іске асыруды жалғастыратынына сенімдіміз.

 

Авторы: Абай атындағы ҚазҰПУ

Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп

30.12.2023 ж.

Ақпарат көзі: qazaqadebieti.kz

 

 




Кері оралу