қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
22.05.2022

Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы ұсынып отырған өзгерістер мен толықтыруларды толық зерттеді

 

Екі аптадан кейін елімізде референдум өтеді. Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының ұсынған заң жобасының толық нұсқасы 6-мамыр күні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын еске саламыз. Реформа туралы Оңғар Алпысбайұлының материалы.


Қазақстан өткен отыз жылда «әуелі экономика, сосын саясат» ұстанымын негізге алды. Ал, бүгін заман талабы өзгерді. Бұл - Президенттің айқын ұстанымы. Ендігі кезек қоғам мен билік арасындағы алшақтықты азайтып, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған Екінші республика жүйесіне көшу.

 

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік хатшысы:


«Екінші республика» дегеніміз бұл саяси мемлекеттік жүйенің түбегейлі жаңаруы. Енді, біз супер Президенттік басқару жүйесінен классикалық үлгідегі Президенттік республикаға көшетін боламыз және бұл Президенттік республика моделінде жаңа модель.


Референдумда заң жобасын көпшілік қолдаса, конституцияға 3-рет түбегейлі өзгеріс енгізілгелі тұр. Ата-заңның 33 бабына яғни, үштен біріне түзету жасалмақ.

 

Алуа Жолдабалина, ҚР Президенті жанындағы қазақстан стратегиялар зерттеулер институтының директорының орынбасары:


Әлемдік тәжірибеде 21 ғасырда шамамен 90 мемлекет өзінің Консититутциясына өзгеріс енгізді. Оның ішінде 57 мемлекет ол жаңа Конститутция қабылдады өзінің тарихында.


Қазақстандағы саяси трансформацияның негізгі мақсаты да сол саясаттағы монополияны жойып, ашық әрі әділ бәсеке орнату. Президент өкілеттігін атқару кезінде партияны басқаруға тіпті, оған мүше болуға тиым салынбақ. Президентпен қатар аймақ басшылары, өзге де лауазымды тұлғалар партия қатарынан шығады. Партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдемек. Қазіргі таңда мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға құзырлы. Президент тіпті облыс пен ауданды айтпағанда, ауыл әкімдерін де лауазымынан босата алады.

 

Қанат Мусин, ҚР Әділет министрі:


Бұл былай айтқанда, Президенттің жұмысы ма? Әрине, жоқ. «Супер Президенттік форма» деген осы.


Мемлекет басшысының Жоғарғы Сот Кеңесінің құрамын бекітуге қатысты өкілеттігі де өзгеруі тиіс. Президенттің Сенатты бақылау тетігі де азаяды. Қазіргі таңда 15 сенаторды Президент тағайындайды. Енді квота 10-ға дейін қысқарады. Онда да тең жартысын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады.

 

Мақсат Жақау, саясаттанушы:


Яғни бесеуін ғана өзі тағайындай алады. Бұл дегеніміз Президент өзінің құзыреттілігін халықпен бөлісіп отыр.


Ал, Мәжіліс түрлі саяси көзқарастар тоғысқан жерге айналуы тиіс. Ассамблеяның квотасы жойылады. Депутаттар партиялық тізім бойынша ғана емес, бір мандатты округтар арқылы да сайланады. Ал, аудандар мен қалалардағы мәслихат сайлауы толығымен мажоритарлық жүйеге көшеді. Бұл елге сөзі өтетін, беделді тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашпақ.


Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


Соңғы кезде осы адамдардың саулау процесінде сенімсіздігі, оған деген қызығушылығы төмендеп бара жатыр. Әсіресе бұл үлкен қалалар. Осыған орай сайлауға сол сайлаушыларды мейлінше қатыстыру.


Мәжіліст депуттарының саны азайғанымен құзыреті кеңейеді. Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы беріледі. Заң шығару ісінде Үкіметке де үлкен құзыр берілгелі отыр. Сондай-ақ, Парламентке Президент қарсылығына қарамастан конституциялық заңдарды қабылдау құзырын беру қарастырылып отыр.

 

Алуа Жолдабалина, ҚР Президенті жанындағы қазақстан стратегиялар зерттеулер институтының директорының орынбасары:


Президентке немесе Президент институт қой бізде сол институтқа қарама-қарсы ретінде пікір айта алатын бізде институттар болу керек. Сол институттардың тепе-теңдігін қамтамасыз ету мақсатында біз осындай қадамға барып отырмыз.


Жергілікті өкілді биліктің дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымы да енгізелмек.

 

Қазыбек Майгелдинов «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының» басқарма төрағасы:


Оған дейін маслихат әкімнің қол астындағы құрал ретінде болды. Маслихаттың кез-келген мәселелерге дауыс берген кезде әкімге қарап отырады.


Түркістандық Жанысбек Өтегенов алдағы сайлауда тағы бақ сынауға бекініп отыр. Қазірден бастап күні-түні сайлауалды бағдарламасын жазып әлек. Атазаңға өзгерістер енгізілсе, араға 15 жыл салып Парламетке сайлауға түсу мүмкіндігі қайта пайда болады, - деп қуанып отыр.

 

Жанысбек Өтеген, Шымкент қаласы қоғамдық кеңестің мүшесі:


Қазір Қасым Жомарт Тоқаевтың мынау осы сайлау туралы өзгерткені өте дұрыс. Себебі, жүйені екі жолмен өзгертесің. Біреуі революциялық жолмен, екіншісі осы сайлау арқылы, әділетті сайлау арқылы.


Ал, сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты халық мандатынан айыруға құқылы болады. Ықпал етудің бұл тетігін талай жылдан бері әлеуметтік проблемалары шешілмей келе жатқан Қызылорда қаласы маңында орналасқан «800 бас» елді мекенінің тұрғындары асыға күтіп отыр.

 

Нұрбек Мұханов, ауыл тұрғыны:

 

Бір 10-шақты адам келіп кетті. Арыз жазамыз әкімгершілікке, сонымен яя дейді де бір екі-үш депутатты жібереді, сосын земельныйдын балдарын жібереді. Өйтеміз-бүйтеміз бәрін қатырамыз, тас қыламыз дейді де сонымен жоқ.


Бұл Ақтөбе облысы, Алға ауданына қарасты Үшқұдық ауылдық округі былтыр әкімдерін өздері сайлап алған. Қазір кез-келген бастама әуелі әкімдік жанынан құрылған қауымдастықтың сүзгісінен өтсе ғана жүзеге асады.

 

Шәміл Балмұханов, ауыл тұрғыны, қауымдастық мүшесі:


«Осы ауылдың ит-күшігіне дейін бәрін білетін адам. Сондықтан халық қалауымен сайланған әкім, жұмысы жақсы. Ауыл көркейіп келе жатыр.


Президент жолдауына сай елімізде Конституциялық сот қайта құрылмақ. Яғни, конституциялық бақылау институты қайта жаңғырады деген сөз.


Абзал Құспан, адвокат, қоғам белсендісі:


«Конституциялық кеңес ол аты айтып тұрғандай бар-жоғы кеңес береді. Ол кеңесінің қандай да бір міндеттемелік күші болмайды. Ал Конституциялық сот алдына түскен мәселе бойынша істі мәні бойынша қарап, нақты шешім шығарады. Билік етеді.


Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы ұсынып отырған өзгерістер мен толықтыруларды толық зерттеп, Қазақстан ТРК «Екінші республика» деректі фильмін әзірледі. Таныстырылымы осы аптада өтті. Референдумның мақсаты мен «Жаңа Қазақстан» ұғынғысы келген көрермен осы жоба арқылы көкейдегі сан сұраққа жауап ала алады. Фильмнің толық нұсқасын 29 мамыр кешкі сағат 20:50 де ұлттық арна эфирінен тамашалай аласыздар.

 

Оңғар Алпысбайұлы

 

 

22.05.2022 ж.

Ақпарат көзі: qazaqstan.tv