қазақша · русский · english
 
 
 
21.02.2023

Оқушылар мен студенттерге арналған «Шабыт берген Абай сөзі» I Халықаралық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды


2023 жылдың 17 ақпанында Абай атындағы ҚазҰПУ филология институты «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасында оқушылар мен студенттерге арналған «Шабыт берген Абай сөзі» I халықаралық жыр мүшәйрасы өтті. Байқау Слупскідегі (Польша) Помор академиясы жанындағы Абай атындағы Қазақ Мәдениеті және Ғылым орталығымен бірлесіп өткізілді. Орталықтың атынан Абай атындағы ҚазҰПУ түлегі, қазіргі таңда поляк жоғары оқу орнындағы «Неофилология» кафедрасының оқытушысы, PhD докторы, Максим Пономаренко қатысты.


Байқауға Алматы және Астана қалаларындағы поляк сыныптарының оқушылары және Оңтүстік астанадағы жоғары оқу орындарының студенттері - барлығы 35 адам қатысты. Олар Абаймен поэтикалық диалог құрып, ұлы қазақ ақынының «қара сөздеріне» поляк, қазақ және орыс тілдерінде өз өлең-рефлексияларын жазды.


Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов келіп, байқауға қатысушыларға арнап Абайдың «Ғылым таппай мақтанба...» өлеңін оқыды және марапаттау рәсіміне қатысты.


Байқау жеңімпаздарына, оқушылар мен студенттерге сертификаттар және Слупскідегі Помор академиясы мен Абай атындағы ҚазҰПУ-нен естелік сыйлықтар табыс етілді. Барлық жеңімпаздар Академия мен Abai University логотиптері бар кітаптар, қаламдар, футболкалар, кепкалар, шоперлер алды. Қалған қатысушыларға сертификаттар табысталды. Оқушылар поляк тәттілерін алды, ал кафедра меңгерушісі Сәуле Әбішева студенттерге белгілі қазақстандық жазушы және кафедраның бұрынғы профессоры Хасен Адибаевтың «Абай патшалығы» және «Егіздер шоқжұлдызы» романдарын табыс етті.


Байқаудың халықаралық қазылар алқасының құрамында Польша (профессор Бернадетта Жинис, профессор Адель Квик-Калиновска, PhD докторы Максим Пономаренко) және Қазақстанның (ф.ғ.д., профессор С.Д. Әбішева, ф.ғ.к. Ш.Т. Адибаева және аға оқытушы З.К. Көкенова) әдебиеттанушы ғалымдары болды.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу