қазақша · русский · english
 
 
 
27.11.2024

«Қазақ әдебиетінің классигі, балалар әдебиетінің бәйтерегі» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті


2024 жылдың 26 қарашасында Түлектер қауымдастығының бастамасы әрі қолдауымен, Өнер факультеті, Филология факультеті және «Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығының бірлесе ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, Абай атындағы ҚазҰПУ түлегі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақ әдебиетінің классигі, балалар әдебиетінің бәйтерегі» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.

 

Қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас қолтаңбасын, еліміздің руханиятына өшпес мұрасын қалдырған, шоқтығы биік қаламгердің 100 жылдық мерейтойына арналған шара барысы «Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мұрасы» шығармашылық көрме-байқауы, «Бердібек Соқпақбаев балалар әдебиетінің бәйтерегі» тақырыбында дөңгелек үстел және Бердібек Соқпақбаев атындағы дәрісхананың ашылу рәсімі бөлімдерінен тұрды.

 

Айтулы шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева және Бердібек Соқпақбаевтың нағашысы Бақытжан Қағазбаев, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, профессор, педагогика ғылымының кандидаты, ҚР Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі Тоққожа Қожағұлов, «Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектеп» директоры Гүлмира Төлегенова, Абай атындағы ҚазҰПУ түлегі, «Қоңыр» тобының продюсері Сержан Молдасынұлы, «AMANAT» партиясы, Алматы қаласы Медеу аудандық филиалының өкілі Ахмет Тасшабай және университет басшылығы мен Өнер, Филология факультеттерінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

 

Бірінші бөлім «Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мұрасы» шығармашылық көрме-байқауының жеңімпаздарын марапаттауға арналды. Өнер факультеті мен Түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен көрме-байқауға студенттер Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» сынды автордың атақты туындыларына арналған композицияларын қойып, көрермендер назарына ұсынды. Байқау нәтижесінде бас жүлдені Ақжол Нұрбол, І орынды Иманғали Тоқтар, ІІ орындарды Айым Ғалым мен Айдын Ерғазы иеленді. Ал ІІІ орындарды Серік Жұмағалиұлы, Жанерке Кенес пен Әділет Абитжанов қанжығаларына байлады. Жүлделі орын иегерлерін Өнер факультетінің деканы Кәрім Байқұтов дипломдар мен арнайы ақшалай сыйлық қорымен марапаттады.

 

Екінші бөлімде Бердібек Соқпақбаев атындағы дәрісхананың ашылу рәсімі өтті. Түлектер қауымдастығының бастамасы әрі қолдауымен ашылған дәрісхананың қызыл лентасын шараның құрметті қонағы Самал Соқпақбаева мен университеттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікжан Әлмұхамбетов, филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов пен ф.ғ.д., профессоры Балтабай Әбдіғазиұлы кесті.

 

Үшінші бөлім «Бердібек Соқпақбаев балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты дөңгелек үстелге арналды. Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығын насихаттау, артында қалған әдеби мұраларын жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің ұйымдастыру комитеті филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова, Түлектер қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров, ф.ғ.к., доцент Еділбай Оспанов, ф.ғ.к., доцент Ботакөз Тлеубекова, филология факультетінің 1 курс докторанттары Өміртай Еділхан, Асанәлі Әділжан, Дидар Сағынбекова болды.

 

Аталған дөңгелек үстелде Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева әке туралы естелігімен бөліссе, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, театртанушы Мәншүк Тәшімова «Менің атым Қожа» повесі негізіндегі инсценировка театр сахнасында» тақырыбында баяндама оқыды. Ал, Ресей Ғылыми академиясы, А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ольга Шуган мен Филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев Университеті, Қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы Ермек Адаева дөңгелек үстелге онлайн қосылып, құттықтау сөздері жеткізді. Одан өзге аталған тақырып аясында «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, Қазақстан Жазушылар одағының, ҚР Ұлттық құндылықтар академиясының, «Қыр баласы» ҚҚ Басқарма, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің, Абай атындағы ҚазҰПУ Жас зерттеушілер кеңесінің мүшесі әрі аға оқытушысы, жазушы Әлібек Байбол, Алматы облысы әдістемелік орталығы, Білім беру менджменті және инновациялық қызмет бөлімінің тәрбие әдіскері Исатай Сатаев баяндамаларын оқыды.

 

Шара соңында университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау шараның құрметті қонағы Самал Соқпақбаеваға университеттің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп атынан гүл шоқтарын ұсынып, сый-сыяпат көрсетті. 

 

Осы орайда аталған іс-шараны қолдап, демеушілік жасаған Бердібек Соқпақбаевтың бауырларына алғысымызды білдіреміз!

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

Түлектер қауымдастығы, «Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы




Кері оралу