қазақша · русский · english
   
Институт жаңалықтары мен оқиғалары
06.06.2016

Тәуелсіздіктің мерейтойына арналған халықаралық конференцияға Абай атындағы ҚазҰПУ-нің қызметкерлері қатысты

2 маусымда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры және ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасының кітапханасында «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25-жылдығы: табысты мемлекет, табысты ел» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.

Конференция еліміздің 25 жылдағы тәуелсіз даму жетістіктерін қорытып, Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудағы, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын қалыптастыруда көп салалы саясатты әзірлеу мен іске асырудағы, отандық ғылымды жаңғыртудағы рөлін зерделеу үшін ұйымдастырылды.
Конференция Қазақстанның 25 жылдағы толағай табыстарын түйіндеу, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігін құру мен оны нығайту, қазақстандықтардың тарихи зердесін қалыптастырудағы рөлін зерттеу, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының қалыптасуындағы көп салалы саясатты жүзеге асыру, отандық ғылымды модернизациялау мақсатында ұйымдастырылды.
Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев және Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты (1991-2016жж.), отандық тарихты дәуірлеу, ұлттық тарихнаманың түйінді мәселелері, т.б. талқыланды.
Конференция жұмысына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен тарих және құқық институтының директоры Болат Жұмағұлов қатысты. Ол «Мәңгілік Ел ұлттық идеясы - халқымыздың ұлы мұраты» атты тақырыпқа баяндама жасады. Б.Жұмағұлов өз баяндамасында Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы біздің халықтың, еліміздің саяси және тарихи философиясын зерделеудің кілті болып табылатындығын атап өтті.
«Мәңгілік ел» идеясы ұрпақтардың тарихи сабақтастығы мен олардың байланысындағы жалпыұлттық идеяны анықтаудың түпқазығы болып табылады», - деді Б. Жұмағұлов өз баяндамасында.
Конференция жұмысының барысында Владыслав Соколовски (Польша) ғылыми редакциялауымен шыққан «Хандықтан Республикаға дейін: Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи және заманауи шарттары» кітабының тұсакесер рәсімі жүзеге асырылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, жоғары оқу орындары мен колледж оқытушылары, докторанттар, магистранттар, БАҚ өкілдері, қазақстандық және Польша, АҚШ, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Түркия және басқа да елдерден шетелдік ғалымдар қатысты.

 

Конференцияға қатысушыларға арнап Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков, сонымен қатар басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері құттықтау сөз сөйледі.

 

 




Кері оралу