Шығыс филологиясы және аударма кафедрасы | Басты / Факультеттер / Филология факультеті / Кафедралар / Шығыс филологиясы және аударма кафедрасы / Жаңалықтар
03.03.2021
«Білімге күнде жүз теңге» вебинары
2021 жылы 1 наурызда Филология және көптілді білім беру институты шығыс филологиясы және аударма кафедрасының аға оқытушысы Гүлназ Сәтбайдың ұйымдастыруымен «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбында онлайн-сұхбат өткізілді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаев өткен 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады (https://kazakh-tv.kz/kz/view/society/page_205496_2020-zhyl-eriktiler-zhyly-dep-zhariyalandy). Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде «Еріктілер күні» аталып өтіп, мұқтаж жандарға арнайы көмек көрсетілді. Елімізде қолға алынып БАҚ-та кеңінен жарияланған іс-шара әрбір мекеме, ұжым мен жекелеген азаматтардың белсенділігі арқасында өз нысанын тауып, шынымен-ақ мұқтаж жандарды қуантып жатты. Көпшілік жағдайда бұл істің басы-қасында жүрген белсенділерді де күнделікті тұрмыс күйттеп байқай бермейтіндігіміз шындық. Еріктілер қашанда назар аударуға тұрарлық, ғибраты мен шапағаты мол жандар екендігін ұмытпағанымыз жөн. Еріктілердің қоғамдық белсенділігі мен мұқтаж адамдарды қолдап-сүйемелдеуі әлеуметтік, тіпті саяси маңызы бар істер қатарына жатады. Білім беру саласындағы, оның ішінде педагогтық ортадағы еріктілер тобының маңызы тіпті де жоғары. Осы орайда университетіміздің Филология және көптілді білім беру инcтитуты шығыс филологиясы және аударма кафедрасы ұжымының «Білімге күнде 100 теңге» қайырымдылық іс-шарасы елеп-ескеруге лайық. Бұл іс-шара кафедрамыздың аға оқытушысы Гүлназ Сәтбайдың бастамасымен қолға алынып, жүйелі және тұрақты түрде жұмыс істеп тұрғанын қуанышпен айта аламыз.
Атап айтқанда, кісі басынан күніне 100 теңгеден шым-шымдап жиналған азын-аулақ ақша шынайы мұқтаж иелерін тауып, студенттерімізді шама-шарқынша қуантып жүр. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қаулысымен жарияланған «Алғыс айту күні» мейрамы қарсаңында кафедрамыз «Білімге күнде 100 теңге» тақырыбында ізгілік вебинар ұйымдастырды. Конференцияға институт басшылығы өкілдері мен шығыс филологиясы және аударма кафедрасы меңгерушісі К.Х.Абдрахманова қатысты. Онлайн-кездесуде материалдық марапатқа ие болған студенттермен қатар кафедра ұжымы өкілдері де сөз сөйлеп, пікірлері мен алғыстарын білдірді. Іс-шарада ұйымдастырушы Гүлназ Сәтбай «...Көп түкірсе көл деген. Жиналған тиын-тебен жақындарым, достарым, әріптестерім, көршілерім, студенттерім және инстаоқырмандарымның шын ниетімен берген адал ақшасы, шынайы көңілінің көрінісі. Қайырымдылық көрсетіп, еріктілер легіне қосылған абзал жандарға алғысым шексіз!», - деп атап өтті . Біз, кафедра және Филология және көптілді білім беру инcтитуты ұжымы осы сөзге қосылып еріктілерімізге алғыс айтамыз және қолға алған істерін одан әрі жалғастыра түседі деп сенеміз.
Кері оралу |
050010, Қазақстан Республикасы
|
Кеңсе: 291-48-74, 291-37-23 (факс)
Қабылдау комиссиясы: 8(727)291-57-68
Call-орталығы: 8 (727) 221 85 14
Психологиялық қызмет секторы: 8 700 976 89 97
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау
|
«Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы Кірушілер статистикасы
|