қазақша · русский · english
 
 
 
07.04.2026

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТҮРІК ТІЛІ ПӘНІ КАБИНЕТІНІҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ


2026 жылғы 7 сәуірде Абай университетінің № 10 ғимаратында түрік тілі пәніне арнайы жабдықталған аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Маңызды іс-шараға Түркия Республикасының Алматыдағы Бас Консулы Туба Алан Өзденфедекар (Tuğba Alan Özdenfedakar) ханым, Консулдық жанындағы Білім беру атташесінің басшысы Шүкүр Көсе (Şükür Köse) мырза, Абай университетінің Стратегия және интернационалдыру жөніндегі проректоры Айгүл Төлеутайқызы Искакова, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Оралханқызы Сапаргалиева, Әлем тілдері факультетінің деканы Еділбай Оспанов, Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі Күлсін Абдрахманова, профессор А.К.Жұмабекова, түрік тілі пәні оқытушылары Е.З.Есбосынов, Г.Сатбай, А.Абуова, Д.Ашимова, Н.Қоспағанбетова және педагогикалық іссапардағы ерікті оқытушы PhD Женнет Алтундаш (Dr. Cennet Altundaş) ханым қатысты.


Алматы Түрік Консулы Туба Алан Өзденфедекар ханым құттықтау сөзінде сыныпқа түрік халқының мемлекеттік қайраткері Қараманоғлы Мехмет Бей (Karamanoğlu Mehmet Bey) есімі берілгендігін атап өтті. Алматы Түрік Консулдығы жанындағы Білім беру Атташесі басшысы Шүкүр Көсе мырза түрік тілі пәні сыныбының Түрік Алматы Консулдығы мен Түрік Білім беру атташесі және Абай университеті Әлем тілдері факультеті әкімшілігінің ортақтаса тиянақтаған ісі екендігіне назар аударды. Проректор Айгүл Төлеутайқызы Искакова құттықтау сөзінде кафедра әкімшілігі мен түрік тілі пәні оқытушыларына алғыс айтты. Факультет деканы Еділбай Төлебайұлы Оспанов құттықтау сөзінде түрік тілінің педагогикалық бағыттағы оқытылуының маңыздылығына назар аударды.


Спикерлер халықаралық қатынастар контекстінде Түркия мен Қазақстанның аса ірі серіктес екендігін, екі ел арасындағы гуманитарлық қарым-қатынастардың жүйелі түрде дамып келе жатқандығын, мұндай ынтымақтастық әсіресе ЖОО арасындағы түрлі нысан мен бағыттағы келісім-шарттарда көрінгенін атап өтті. Абай университеті мен Түркия ЖОО академиялық ұтқырлық бағдарламасымен қоса, оқытушы-профессор құрамымен тәжірибе алмасу, халықаралық деңгейдегі конференция мен семинарлар ұйымдастыру сияқты маңызды іс-шараларда көрініс табатындығына назар аударды.


Салтанатты ашылу рәсімінен кейін кафедра меңгерушісі ф.ғ.к. Күлсін Халыққызы Абдрахманова Түркия Республикасының Алматыдағы Бас Консулы Туба Алан Өзденфедекар ханымға және Консулдық жанындағы Түрік Білім беру атташесінің басшысы Шүкүр Көсе мырзаға Алғыс Хат табыс етті. Салтанатты жиын соңында шағын фуршет ұйымдастырылып, 6В01718 Шығыс және ағылшын тілдерінің мұғалімі мамандығының 3-ші курс студенттерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Студенттер қазақ және түрік ұлттық киімін киіп түрік және қазақ тілінде өлең айтып, мәнерлеп тақпақ оқыды. Түрік дастархан мәзірін Ахметова Маржан, Сейдильда Айшолпан мен Торқыс Ақбота дайындады. Карлова Жібек, Есқали Қамарсұлу, Болат Лағыл, Жақсыбай Балнұр ән айтып өнер көрсетті. Салтанатты іс-шара 6В01718 Шығыс және ағылшын тілдерінің мұғалімі мамандығының 301- ші тобынан құралған хордың орындауында «Өмір – Мейрам» әнімен аяқталды.


  alt=  


  alt=  

 




Кері оралу