Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
02.09.2022 Жаңа мүмкіндіктерге жетелеген Жолдау
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі дәстүрлі мереке Білім күнінің қарсаңында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Ел тарихына үңілсек Тәуелсіздік алғалы бері Мемлекет басшыларының Жолдауы тек қана елдің әл-ауқатын арттыру болса, бұл жолғы Жолдаудың мазмұны тіптен бөлек. Олай дейтінім, Президент Жолдауы тек халықтың ертеңгі болашағын ғана емес, сонымен қатар өзінің де, өзінен кейінгі ел тұтқасын ұстайтын азаматтың да негізгі міндеттерін айқындап беруі. Президент Қ.Тоқаев Жолдауда биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауы болатынын және ол додаға өзінің де қатысатынын мәлімдеді. Дегенмен ендігі жерде Президенттер тек қана бір мерзімге 7 жылға ғана сайлана алатынын, екінші мерзімге қайта сайлануға мүмкіндігі болмайтынын Ата заңымызға енгізетінін мәлімдеді. Міне, бұл ендігі жерде Конституция жеке адамның мүддесі үшін емес, жалпы мемлекет болашағы үшін жұмыс істейді деген сөз. Өз сөзінде Президент 7 жыл ел тұтқасын ұстап отырған азаматтың ел экономикасын ілгерлетіп, мемлекет дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдыра алуға толық мүмкіндік беретінін, бұған ұзақ ойланып барып қадам жасағанын атап өтті.
Сонымен қатар Президент Үкіметке алдағы уақытта жұмыстарын одан әрі жеделтету керектігін, халық тұтынатын тауарлардың қолжетімді болуын үнемі назарда ұстауын міндеттеді. Ел экономикасынан мемлекетке түсетін табыстың белгілі мөлшерін кәмілеттік жасқа толмаған бүлдіршіндерге жеке шот ашып, сол жерге теңдей бөлінеді деген тапсырмасы болашақ ұрпаққа деген үлкен қамқорлық. Бүгінгі кішкентай бүлдіршіннің ертеңгі жаңа өмірге қадам басқанда, сол мемлекет бөлген қаржы өзін дұрыс бағтта дамытуға септігін тигізері сөзсіз.
Бүгінгі Жолдаудан білім саласы да тыс қалмады. Өйткені білім мемлекеттің түп қазығы. Сондықтан бұл саладағы жасалынып жатқан реформалар одан әрі жетілдіріле түсетін болды. Әсіресе, мектепке дейінгі 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен толық қамту Үкіметке тапсырылды. Сонымен қатар орта білім мен жоғары білім ордаларында да бәсекеге қабілеттілік артатын болды. Бұл дегеніміз білім саласы қызметкерлерінің ел ертеңі үшін аянбай тер төгуін қажет етер мәселе. Президент айтқан Жаңа Қазақстанда өмір сүреміз десек ел болып «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып жұмыла әрекет еткеніміз абзал.
Авторы: Құттыбаев Шоқанхан Дүйсенханұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты, аға оқытушы 02.09.2022 ж. Ақпарат көзі: taulik.kz
|