«Мен және менің ұжымым» тренинг-практикумы
2022 жылғы 19 қазанда «Мейірім» клубының әлеуметтік-педагогикалық бағыты бойынша қауымдастырылған профессор Г. К. Ширинбаеваның жетекшілігімен «6В01801-Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 3-ші курс ерікті студенттері Б. Сабитов, Н. Қияқбай, А. Изимгалиев және М. Әділетхан Алматы қаласындағы «ЕРЗИ» әлеуметтік-оңалту орталығының мүмкіндіктері шектеулі адамдарына арналған «Мен және менің ұжымым» атты тренинг-практикумын өткізді.
Іс - шараның негізгі мақсаты - әлеуметтік-оңалту орталығы жағдайында мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу, тренингтік жаттығулардың көмегімен топтық өзара іс-қимыл жасау дағдыларын қалыптастыру.
Іс-шараны өткізудің әлеуметтік-педагогикалық міндеттері мүгедектер ұжымын біріктіруге арналған психологиялық тренингтер тәсілдері негізінде жүзеге асырылды: «Жағымды көңіл-күй (Теңізге саяхат)»; музыкамен сүйемелденген Медитациялық техника; бірқатар жаттығуларды қамтитын «Мен және менің ұжымым» тренинг-практикумы: «Жағымды сөздер» ойыны; «Автопортрет» шағын топтағы әңгімелесу; «Сиқырлы қорап» ойыны; «Тор» жаттығуы; «Бұл менен» рефлексиясы; «Тілектер эстафетасы» жаттығуы; Топтық ән айту. Мүгедектер ұжымын біріктіруге арналған тренинг-терапия кешенін қолдану өзін еркін сезінуге, шағын топтағы тәуелсіздік деңгейін арттыруға және әртүрлі қызмет түрлеріне қосылуға ықпал етті. «Бұл менен» рефлексиялық талдау кезеңінде іс-шараға қатысушылар сезімдерімен алмасты, бір-біріне «Тілектер эстафетасы» жаттығуын қолдану арқылы ең жылы тілектер айтып, өз композицияларын естелік ретінде сыйға тартты.
Іс-шара соңында топта талқылау өтті. Қатысушылар сабақ туралы өз әсерлерімен бөлісті, олар үшін не маңызды екенін және өздері үшін қандай қорытынды жасағаны туралы айтты. Тренинг-практикумды өткізу барысында қолданылған барлық белсенді формалар әр қатысушының әлеуметтік-педагогикалық үдерістегі жеке басының рөлін күшейтуге мүмкіндік беріп, оларға әлеуметтік бейімделуі үшін шығармашылық өріс берді.