қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
27.10.2022

Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін халықаралық деңгейдегі қосдипломдық бағдарламасы бойынша қорғау жұмысы


2022 жылдың 26 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы «6D021300 - Лингвистика» мамандығы бойынша Диссертациялық кеңесте Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Франция Республикасының Еуропа және Сыртқы істер министрлігінің бірлескен «Абай-Верн» бағдарламасы аясында Пуатье университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қос дипломдық бағдарламасы негізінде PhD докторант Райгуль Бактиярованың «Қазіргі медиадискурстағы «іскер әйел» концептісі» тақырыбында докторлық диссертациясының қорғауы өтті. Халықаралық деңгейде жүргізілген диссертациялық қорғау жұмысына Француз Республикасы Пуатье университетінің Диссертациялық кеңесінің мүшелері, шетелдік және отандық жетекші ғалымдар офлайн және онлайн режимде қатысты.


Диссертация Абай атындағы ҚазҰПУ-дың академик С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында орындалған. Ғылыми кеңесшілері - ф.ғ.д., профессор Қалбике Есенова (Абай атындағы ҚазҰПУ) және PhD доктор, профессор Личия Баджини, PhD доктор, профессор Элвир Диаз (Пуатье университеті, Франция).


Қорғау жоғары ғылыми-теориялық және ұйымдастырушылық деңгейде сәтті өтті. Қорғауға Пуатье университетінен арнайы келген Диссертациялық кеңестің мүшелері профессор Катрин Пужоль (INАLCO, Париж), профессор Элвир Диаз (Пуатье университеті, Франция - онлайн), профессор Личия Баджини Диаз (Пуатье университеті, Франция), сонымен қатар, профессор Мария Акчекеева (Қырғыз Ұлттық университеті, Бішкек) диссертацияны талқылауға белсенді қатысып оң бағасын берді. Диссертация халықаралық деңгейде орындалғандықтан төрт тілде (қазақ, француз, ағылшын, орыс) ашық сұхбат пен ғылыми талқылау түрінде жүргізілді. Қорғау университет тарихында алғаш рет халықаралық деңгейде конструктивті-іскерлік және өзара ынтымақтастыққа негізделген атмосферада өтті. Диссертациялық кеңес туралы жаңа Ережеге сәйкес қорғау жұмысының ресми рәсімделуі электронды форматта: келу парағын толтыру, дауыс беру, Zoom және Youtube желілеріндегі тікелей эфир көрсетілімінде жүзеге асырылды.


Қорғау нәтижесінде Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы 6D021300 - «Лингвистика» мамандығы бойынша философия докторы (РhD) дәрежесін беру үшін құрылған Диссертациялық кеңеспен қатар Пуатье университетінің диссертациялық кеңесінің екіжақты бірлескен шешімінің нәтижесі бойынша Р.Бактияроваға 6D021300 - «Лингвистика» және Пуатье университетінің «Роман тілдері» мамандықтары бойынша PhD философия докторы дәрежесін беру туралы шешім қабылданды.

 

  alt=