қазақша · русский · english
   
12.10.2021

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасуда


2021 жылғы 11 қазанда Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы - ректоры Дархан Біләловтың басшылығымен университеттің институт директорлары, оларадың орынбасарлары, кафедра меңгерушілері қатысқан жиналыс болып өтті. Жиналыста жоғары оқу орнында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралар барысы баяндалды. Басқарма төрағасының орынбасары - академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Мақтағали Бектемесов, әдеп және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі уәкілі Серікбай Нұрғисаев баяндама жасады. ​

 

Әдеп жөніндегі уәкіл С.Ө. Нұрғисаев өз сөзінде жалпы университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға бағытталған іс-шаралар Университеттің кешенді жоспарына сәйкес жүргізілетіндігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесінің жаңа құрамы бекітілгендігі, студент жастарды сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру рухында тәрбиелеу үшін тақырыптық сауалнамалар, кездесулер, дәрістер, шығармашылық конкурстар, дөңгелек үстелдер және білімді аралық бақылау кезеңінде «Таза сессия» акциялары өткізілгендігі туралы баяндады. Сонымен қатар, ең ауқымды да маңызды іс-шараның бірі ол - сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында университеттің нормативтік актілеріне ішкі талдау жүргізу жұмыстары жүзеге асырылғандығы, бүгінгі күні екінші кезеңі (академиялық мәселелер, тәрбие жұмысы және ғылым департаменттері, жалпы білім беру институттары) бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатқандығы туралы ақпараттар берді. Алайда, жүзеге асқан іс-шараларға қарамастан, білім алушылардың әлеуметтік желілері мен чаттарына жасалған мониторинг көрсеткендей ықтимал сыбайлас жемқорлық фактілерінің әлі де болса бар екендігі, сондай-ақ шағымдар мен өтініштердің түсу деңгейі мен жиілігі төмендемей тұрғаны айтылды. Сол өтініштер мен шағымдарды тексеру барысында университетімізде енгізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі ИСО 37001-2016 халықаралық стандарты және университеттің әдептік Ережесі талаптарының орындалмау салдарынан әскери кафедраның бастығы P. O. Ракышев пен Педагогика және психология институтының екі аға оқытушысы жұмыстан босатылғандығы туралы ақпарат берілді.

 

   

 

   

 

   

 


«Парасат» орталығы




Кері оралу