Негізгі бет
Жаңалықтар
20.11.2022 Университет оқулықтарды цифрландыру жұмыстарына кірісті
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қыркүйекте өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында мектеп оқушыларының сөмкесі тым ауыр екенін айтып, мəселені цифрландыру арқылы шешуді тапсырды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәселелерді шешуге бағытталған міндеттерді баяндап, цифрлық оқулыққа кезең-кезеңмен көшу жүргізілетіндігін айтты. Осыған байланысты «Алматыкітап» баспасы «TopIQ.kz» тұңғыш отандық электрондық оқулықтар платформасын ұсынды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне қарасты Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының оқытушылары Тұрашова Ш.П. және Наурызбаев Д.Б. «Алматыкітап» баспасының Цифрландыру бөлімінде оқулықтарды цифрландыру бойынша фрилансер қызметін атқарып жатыр. Бүгінгі күні оқытушылар 20-дан астам оқулықтарды цифрландыру үдерісіне қатысты. Атап айтқанда, «Информатика» (5-6-сынып), «Цифрлық сауаттылық» (4-сынып), «Физика» (7-сынып), «Математика» (6-сынып), «Геометрия» (7-сынып), «Жаратылыстану» (3 сынып) және т.б. жалпы білім беру мектептеріне арналған баспа оқулықтарының цифрлық нұсқасын жасауда «Алматыкітап» баспасының Цифрлық контент департаментің қызметкерлері және оқулықтардың авторларымен бірлесе отырып жұмыс істеуде. Оқулықтар https://topiq.kz/ru платформасына қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүктелген. Бүгінде оқушылар мен мұғалімдер платформада орналасқан электрондық оқулықтарды, оқулықтағы интерактивті тапсырмаларды сабақ уақытында қолданып, оның тиімділігі мен заман сұранысына сай әзірленгенін атап өтуде.
Абай университеті мен «Алматыкітап» баспасы арасындағы білім саласын цифрландыру бойынша жұмыстар әрі қарайда жалғасын табады.
20.11.2022 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com |