қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
10.01.2023

Қысқы мектеп сессиясы


2023 жылдың 9 қаңтарында Абай атындағы ҚазҰПУ-да оқытушыларға арналған қысқы мектептің кезекті апталығының ашылу салтанаты өтті. Ол ағымдағы жылдың 13 қаңтарына дейін жалғасады.


Іс-шараның мақсаты - академиялық саясат пен ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру үшін кәсіби дағдылар мен құзыреттілікті дамыту, сондай-ақ жаңа Қазақстанның талаптарына жауап бере алатын педагогтердің әлеуетін қалыптастыру. Қысқы мектеп аясында оқытушылар білім алушыларды оқытуда заманауи технологияларды, әдістемелер мен әдістерді үйренуге және қолдануға мүмкіндік алады.


Қысқы мектеп сессиясын аша отырып, Басқарма төрағасы-ректор Дархан Біләлов бұл кездесудің ерекше маңызы бар екенін атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Білім беруді дамытудың негізгі қағидаттарының қатарында орта білім мен жоғары білім беру жүйесінде саналы және жан-жақты дамыған азаматты қалыптастыру мәселелерімен қатар жаңа формациядағы педагогтарды даярлау және педагогикалық білім беруді жаңғырту көзделген. Бұрынғыдай біз бірлесе отырып алға қойылған міндеттерді кеңінен талқылап, жүзеге асыратын боламыз, яғни университет жаңа ұрпаққа беретін қажетті білім мен тәжірибені енгіземіз, сонымен қатар жоғары сапалы педагогикалық капиталды қалыптастыру мәселелерін қарастырамыз», - деді Дархан Біләлов.


Одан кейін академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжан Жарасованың қазіргі қоғамның талаптарына жауап беретін педагогтар мен педагогикалық білім беру жобалары бойынша баяндамасы тыңдалды. Баяндамада оқу процесін оңтайландыру, жетілдіру және цифрландыру мәселелері қаралып, университеттің білім беру бағдарламалары бойынша өткен оқу жылының қорытындылары шығарылды.

Білім беру бағдарламаларын жобалау департаментінің директоры Адиля Байділдина Қысқы мектеп сессиясының жұмысында қарастырылатын мәселелер ғылыми аудиторияның үлкен қызығушылығын тудырып, қолдауына ие болып отырғанын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне тоқтала келе, университеттің профессор-оқытушылар құрамының «Univer» жүйесімен жүйелі жұмыс жүргізуі, білім алушылармен кері байланыс орнатылуы, сонымен қатар, алдағы айларда жасалатын іс-шараларды толық орындаудың маңызды екендігін атап өтті.


Қысқы мектеп барысында білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланды: педагогикалық білім беру үрдістері, академиялық және ғылыми мәтіндерді жазудың негіздері мен ерекшеліктері, педагогикалық білім берудегі оқытудың инновациялық заманауи әдістері, студентке бағдарланған оқыту, оқыту және оқыту әдістері, жоғары білім беруді цифрландыру, цифрлық трансформация жағдайында білім беру сапасын қамтамасыз ету және арттыру.


Қысқы мектеп сессиясына институт директорлары мен олардың орынбасарлары, кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

Қоғаммен байланыс департаменті