Абай университеті және Йогякарта университеті докторанттары ғылыми зерттеуді жүргізу тәжірибелерімен бөлісті
2023 жылғы 18 қаңтарда Педагогика және психология институтының ұйымдастыруымен өткізілген докторанттардың кезекті ғылыми семинар сәтті аяқталды. Семинарда 2-3 курс докторанттары, профессор-оқытушылар құрамы және Йогякарта университетінің (Индонезия) «Ғылыми зерттеу және бағалау» мамандығы бойынша 1 курс докторанты, Абай университетінің «Педагогикалық өлшем» мамандығының магистратура бағдарламасының түлегі Гүлдана Бегимбетова қатысты.
Семинардың негізгі спикерлері: «8D01101 - Педагогика және психология» мамандығының 2- ші курс докторанты Айнур Калиаскарова «Аралас оқытуды жүзеге асырудың шетелдік және қазақстандық тәжірибесі» тақырыбында, «8D01301-Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» 2-ші курс докторанты Құндұз Алимова «Болашақ бастауыш білім педагогтерінің әдіснамалық мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында, «8D01301-Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 2-ші курс докторанты Ақгүл Сихаева «Арт-технологиялар негізінде білім беру-кәсіби маман даярлаудағы маңызды фактор» тақырыбында, «8D01201-Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының 2-ші курс докторанты Динара Ердембекова «Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың әлеуметтік дағдыларын Реджио Эмилия әдістемесі негізінде дамыту» тақырыбында, «8D01901-Арнайы педагогика мамандарын даярлау» мамандығының 2-ші курс докторанты Асия Даркембаева «Көру қабілеті бұзылған оқушылардың адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудағы халық музыкасының рөлі» тақырыбында, «8D01301-Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 2-ші курс докторанты Шолпан Калбергенова «Ағылшын тілін оқытуда кіші мектеп жасындағы оқушылардың креативті сөйлеу әрекетін қалыптастыру» тақырыбында өз зерттеулерімен бөлісіп, баяндама жасады.
Спикерлердің баяндамалары жоғары деңгейде өтті, бұл семинарға қатысушылардың мазмұнды пікірталастарымен дәлелденді. Семинарға қатысушылар - докторанттар кездесуде көтерілген мәселелер бойынша онлайн дереккөздерді іздеуде өзара тәжірибе алмасып, бір-біріне алға қойылған мақсаттар мен міндеттердің жүзеге асуын тіледі.