«Тұрақты даму мүддесінде жоғары білім беруді трансформациялау» халықаралық вебинары
2023 жылдың 24 қаңтарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы ЮНЕСКО-ның Педагогика және мұғалімдерді оқыту бойынша кафедрасының ұйымдастыруымен «Тұрақты даму мүддесінде жоғары білім беруді трансформациялау» халықаралық вебинары өтті.
Вебинардың мақсаты - жоғары білім беруді трансформациялау жөніндегі саммит бастамаларын, цифрлық білім беру міндеттерін сәтті іске асыруға көмектесетін әдістерді, ресурстар мен шешімдерді талқылау болды.
2022 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен Білім беруді трансформациялау саммиті келесі жаһандық бастамаларды қабылдаумен аяқталды: «жасыл» және цифрлық технологияларға көшу, гендерлік теңдікті ілгерілету, базалық оқыту, дағдарыс жағдайында білім беру және білім беруді әділ және тиімді қаржыландыру.
Вебинардың алдында ЖОО оқытушылары (39 адам қатысты) мен жас мұғалімдер (49 адам) арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнама спикерлерге тыңдаушыларды қызықтырған сұрақтардың көпшілігіне жауап беруге, сондай-ақ білім беру контентін құру, студенттердің білім деңгейін арттыру, тұрақты даму мүддесі үшін оқыту сапасын мониторингілеу құралдарын қамтитын өзекті цифрлық технологиялар арқылы сапалы білім алуға қол жеткізу бойынша ЮНЕСКО-ның әдістемелік ресурстарын ұсынуға мүмкіндік берді.
Вебинар спикерлері: Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов; Алматы қ. ЮНЕСКО Кластерлік бюросы директорының м.а. Магнус Магнуссон; «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеулер орталығының директоры Алибек Тажібаев; Қазақстандық ЮНЕСКО кафедраларының басшылары: Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихи материалдарды зерттеу жөніндегі республикалық орталығының директоры, «Ғылым және руханият» ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Меруерт Әбусейітова; Қазақ-Неміс университетінің халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты даму жөніндегі вице-президенті, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Барбара Януш-Павлетта; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Тұрсынкүл Базарбаева; Білім берудегі ақпараттық технологиялар жөніндегі ЮНЕСКО институтының бағдарламалық маманы Татьяна Муравана; Абай атындағы ҚазҰПУ Даму стратегиясын сүйемелдеу бөлімінің бастығы Бағлан Құлымбаева; Қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері Светлана Шапкина.
Вебинар барысында спикерлер Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру тәжірибесімен, әдістемелік әзірлемелермен бөлісті. Сондай-ақ, инклюзивті, ЖОО білімі; өмір, жұмыс және тұрақты даму үшін кәсіби саладағы сыни ойлау мен пікірталас дағдыларының рөлі; «жасыл» және цифрлық технологиялар сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастық мәселелері қаралды.