Педагогикалық жоба аясындағы жүздесу
Өткен оқу жылының басында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен «Педагогикалық сыныптарды құру» пилоттық жобасы жүзеге аса бастаған болатын. Ондағы мақсат - оқушы жастарды педагогикалық салаға ерте бейіндеу, оқушылардың мұғалім мамандығына деген оң көзқарас қалыптастыру, қызығушылығын арттыру және педагогикалық қызметте өзін-өзі тәрбиелеу еді. Жобаны жүзеге асыру ісі бүгінгі таңда жалғасын тауып жатыр. Міне, осы пилоттық жоба аясында Алматы қаласындағы №81 мектеп-гимназияның ұжымы «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Оян, қазақ» телехикаяларының қоюшы-режиссері Мұрат Есжан және бас продюссері Айсәуле Әбілдамен кездесу өткізді.
Жобаны іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шараға Абай университетінен - әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Шынғыс Нұрланов, аталған пилоттық жоба авторларының бірі, педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бауыржан Сайдахметов, «Абай университеті» газетінің бас редакторы Болат Шарахымбай, сондай-ақ «Зердеш» интелектуалдық мектебінің директоры Данияр Бибатыр, Ш. Смағұлов атындағы ммандандырылған физика-математика лицей-интернатынынан және тағы басқа қала мектептерінен мұғалімдер мен қонақтар қатысты.
Кешті ашқан №81 мектеп-гимназиясының директоры Нұрғали Тұрымбетов жоғары сынып оқушылары үшін арнайы ұымдастырылып отырған рухани-интеллектуалдық кештің мақсаты туралы айта келіп, бүгінгі таңда жалпы жеке адам тәрбиелеуде болсын, ұлт тәрбиелеу мәселесінде болсын киноның атқаратын рөлі арасан зор екендігіне тоқталды, келген қонақтарды жылышырайда лездеме бере таныстырып өтті.
Кездесу кешіне негізінен №81 мектеп-гимназияның оқушылары мен оқытушылар ұжымымен бірге жобаның тағы бір қатысушысы болып табылатын Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының 11 сынып оқушылары да қатысып отырды.
Кездесу жоғары ұйымдастырушылық деңгейде және жан-жақты диалогта өтті. Соңынан оқушылар кеш қонақтарымен естелік суретке түсті.