қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
27.04.2017

«СӘБИДІҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУЫ ҮШІН ЖАРАЛҒАН» АТТЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯ

        Қазақ халқы «Қайырымдылық жасасаң - қайырымын өзің көресің» деп, қайырымдылық пен мейірімділікті ең ізгі қасиеттерінің бірі санаған. «Жанашырлыққа - жан риза» дегендей, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іс жасау - жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған халық үшін азаматтық парыз.
         Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық танытып, олардың өмір сүруге деген құлшыныстарын арттыру мақсатында университет жастары балалар үйінде түрлі мейірімділік шараларын тұрақты өткізіп тұрады.
              Осы орайда 2017 жылдың 25 сәуірі күні «Жастар. Шығармашыл. Инновация» атты Студенттік көктем фестивалі аясында университетіміздің Тәрбие басқарамасы, Студенттік кәсіподақ ұйымы және Жастар ісі жөніндегі комитетінің бірлесе ұйымдастыруымен Алматы облыстық  №1 балалар үйінде «Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» атты қайырымдылық акциясы өткізілді.
          Акция барысында университетіміздің өнерпаз студенттері бүлдіршіндерге әртүрлі ойындар ұйымдастырып, арнайы дайындаған «Менің кішкентай достарым» атты концерттік бағдарламаларын ұсынды. Университетіміздің Студенттік кәсіподақ ұйымы және «Два крыла» МЕҰ қолдауымен балар үйінің бүлдіршіндеріне оқу құралдарына қажетті заттар мен ойыншықтар сыйға тартылды. Өз кезегінде тәрбиеленуші балалар да өнерден құр алақан емес екендерін көрсетіп, би билеп, әсем әннен шашу шашты.
           Балалар үйінің басшысы Қондыбаева Гүлмира Сансызбайқызы және тәрбиешілері бала жүрегіне шаттық сыйлап, көңілдерін мейірім сәулесімен нұрландырған университет жастарына үлкен ризашылықтарын білдірді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Тәрби, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясаты жөніндегі басқарма