Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
12.04.2023 Ғылым саласына қатысты өзекті сұрақтарға жауап берген онкүндік
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жыл сайынғы Ғылым онкүндігін өткізу игі дәстүрге айналған. «Ғылым онкүндігі - 2023» іс-шаралары Абай университетінің мерейлі 95 жылдығына арналды.
Биылғы Ғылым онкүндігінің басты ерекшелігі 3-12 сәуір аралығында күн сайын университеттің ректоры мен проректорлары тарапынан «Top Time: Ғылым аясындағы 100 сұрақ» семинар топтамасы өткізілді. Бұл семинар топтамасына университеттің құрылымдық бөлімдерінің басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, постдокторанттар, докторанттар және жас зерттеушілер қатысып, өздерінің ғылыми-білім беру саласында толғандырып жүрген сұрақтары мен мәселелеріне жауаптар ала алды. Бұл форматтағы семинарлар университет басшылығының ғылымның өзекті мәселелерін талқылау аясында қызметкерлермен, оқытушылармен, білім алушылармен тікелей байланыс орнату арқылы тақырыптық позицияның ашықтығын, яғни қатысушылардың тақырыпқа өз көзқарасын білдіру мүмкіндігі айқындады.
Алғашқы дәрісті 5-6 сәуірде Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы - ректор Дархан Біләлов бастап, 2 үлкен іс-шара өткізді. Соның бірі «Тиімді және қолжетімді оқу және зерттеу құралдары» семинарында Google forms, Excel Data Analysis Toolpak, PSPP бағдарламаларында сандық деректермен жұмыс істеу мәселесіне талдау жүргізілді; Google Docs, QDA Miner lite қосымшалары арқылы мәтіндік транскрипция деректерін көрсетті. Сондай-ақ, «Университеттің негізгі миссиясы ретінде жаңа білім құру» семинарында ректор Дархан Біләлов зерттеу қызметінің оқытушының жұмысында маңыздылығын негіздеп, зерттеу қызметінің өнімдері мен оқытушылардың еңбегін бағалаудағы ғылыми өлшемдердің рөліне жан-жақты тоқталды.
Стратегия, цифрландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева 6 сәуірде «Ғылыми бренд пен халықаралық ынтымақтастықтың университет рейтингіне ықпалы» тақырыбында семинар өткізді. Семинар барысында университеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түрлі рейтингтердегі орны нақты деректермен көрсетілді. Және университет рейтингін көтеруде шет елдік ғалымдармен коллаборация мәселесін дамыту қажеттілігі дәлелденіп берілді.
10 сәуірде әкімшілік және қаржы қызметі жөніндегі проректор Клара Исакованың «Ғылыми жобаларды бюджеттеудің негізгі қағидаттары» баяндамасы белгілі бір жобаны іске асыруға арналған шығыстарды, бюджеттеу құралдарын, салық аударымдарын жоспарлаудың өзекті мәселелеріне арналды. Бұл семинарда ғалымдар мен жас зерттеушілер конкурстық өтінімдерді толтыруда қаржылық сауаттылықтарын көтеруге арналған бірқатар құнды да қажетті мағлұматтармен қаруланды.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжан Жарасова университетте оқу процесін ғылыми басқару мәселелеріне арналған үш семинар өткізді. Гүлжан Жарасова Top Time семинары аясында 7 және 12 сәуірінде өткізген «Академиялық саясатты таза парақтан реттеу тұжырымдамасының негізгі мәселелері», «Сапаны ішкі қамтамасыз ету стандарттары: контингент, білім беру бағдарламасы, бағалау жүйесі» және «ЖОО-ның академиялық қызметін алқалы басқару» семинарларында тыңдаушылардың назарын жоғары білім саласындағы бақылау субъектісіне қойылатын міндетті талаптар тізіліміне аударды. ЖОО-ның тәуекел дәрежесін бағалау, тәуекелдерді бағалау критерийлерін негіздеп, білім беру бағдарламаларының тиімділігін арттыруды нақты дәлелдермен талдап көрсетті.
11 сәуірде зерттеу қызметі жөніндегі проректор Ермек Бөрібаев пен ғылым департаментінің директоры Ұлжарқын Әбдіғапарова «Ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа қағидаларын жүзеге асырудың форсайт механизмі» тақырыбында семинар өткізді. Семинарда философия докторы (PhD) дәрежелерін беру Ережесіне, диссертациялық Кеңес туралы Ережеге, ғылыми атақтар беру туралы Ережеге енгізілген жаңа қағидаттарды, басылымдар тізбесіне кіретін ғылыми журналдарға қойылатын талаптарға толықтыруларды түсіндірді. Сондай-ақ, статистика және сауалнама негізінде университетте ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жағдайына объективті баға берілді. Семинардың басты мақсаты ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа талаптарын тиімді іске асыруға арналған тетіктерге аса мән берілді.
Ғылым онкүндігі сәтті аяқталды. Қатысушылар «Top Time: Ғылым аясындағы 100 сұрақ» семинарлары өте мазмұнды, қызықты, тиімді өткізілгенін, онда көптеген пайдалы практикалық ақпараттар ұсынылғанын атап өтті. Ең бастысы - университет өміріне енгізілетін барлық жаңалықтарды әкімшілік қызметкерлеріне, оқытушыларға, постдокторанттарға және докторанттарға жеткізуге жақсы мүмкіндік туындады.
Авторы: Ұлжарқын Әбдіғапбарова, 12.04.2023 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com
|