Негізгі бет
Жаңалықтар
13.04.2023 Абай университетінің ТОП-10 ғалымы
12 сәуір күні Қазақстанның ғылыми қауымдастығы өзінің кәсіби мерекесі - Ғылым күнін кеңінен атап өтті. Бұл мереке 95 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үшін де орны ерекше екені баршаңызға белгілі. Абай университетіміз жыл сайын сәуір айының алғашқы күндерін арнайы Ғылым онкүндігіне арнап үлкен іс-шара өткізуді дәстүрге айналдырған. Өйткені осы күні біз ғылыми-зерттеу жұмысына қызығушылық танытатын жас оқытушылар мен білім алушылардың қатысуымен конференциялар, семинарлар, көрмелер өткізіп, білікті ғалымдармен тәжірибе алмасу үшін арнайы кездесулер ұйымдастырамыз.
Бір ғасырға жуық тарихы бар университетіміздің қатпарлы тарихы - еліміз бен шетелдерге кеңінен танымал білікті ғалымдардың қасиетті шаңырағы. Олай дейтініміз, кешегі Алаш қайраткерлері мен қазақ ғылымының көшін ілгері жылжытқан азаматтар: С.Асфендияровтың, С.Сейфуллиннің, А.Байтұрсыновтың, Х.Досмұхамедовтің, Т.Жүргеновтің, И.Кабуловтың, Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллиннің және т.б. көрнекті ғалымдардың университет дамуында алар орны ерекше. Осы жылдар ішінде университетте ғылымның көптеген бағыты бойынша сүбелі еңбектер жазылып, ғылыми мектептер құрылды.
Университеттің халықаралық беделін қалыптастыруда ғылыми мектептердің орны бөлек. Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ QS World University Rankings рейтингінде 2023 жылы әлемде 511-520-орын, Қазақстан бойынша - 6-орында. Міне, мұның бәрі университеттегі ғалымдарымыздың қажырлы еңбегі екені айтпасақ та түсінікті. Біз жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында отандық және әлемдік ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан қызметкерлеріміздің арасынан ТОП-10 ғалымды анықтап оларға ілтипат көрсетеміз. Бұл басқа жас ғалымдарға зор үлгі-өнеге.
Осы орайда бүгінде отандық ғылымның дамуына баға жетпес үлес қосқан ТОП-10 ғалымды таныстырғанды жөн көрдік.
Қойгелдиев Мәмбет - Қазақстанның жаңа тарихы саласындағы көрнекті жетекші маман, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, профессор-зерттеуші.
Ол қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының тарихы, ұлттық саяси элитаның, атап айтқанда Алашорданың Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін жөніндегі қызметі мәселелері бойынша 400-ден астам жарияланымның авторы. ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру бойынша бірқатар ғылыми жобаның жетекшісі. Сондай-ақ ол 17 ғылым кандидатын, 3 PhD докторын дайындап, қазақ ғалымдарын жаңа лекпен толтыруда өлшеусіз үлес қосқан қайраткер.
Сонымен қатар Мәмбет Қойгелдиев Вена қаласы Халықаралық университетінің құрметті профессоры (Аустрия 2007), халықаралық Сократ сыйлығымен (Socrates international Award Оксфорд, Ұлыбритания, 2007) марапатталған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының президенті. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының (2012), «Парасат» орденінің (2013), III дәрежелі «Барыс» орденінің иегері (2019).
Әбілқасымова Алма - еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының және Ресей мемлекеттік білім академиясының академигі (Мәскеу қ.), педагогикалық білім беруді дамыту орталығының директоры, математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі. А.Әбілқасымова білім беру дидактикасы, үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесінің әдіснамасы мен даму стратегиясы бойынша еліміздің ғылыми мектебін басқарады. Осы жылдар ішінде ол 11 доктор және 30-дан астам ғылым кандидатын, 4 PhD докторын дайындап шығарды. 500-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың авторы, оның ішінде республика мектептеріне арналған 31 монография, энциклопедиялық және терминологиялық сөздіктер, математика, алгебра және талдау негіздері бойынша оқулықтар. «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, көптеген мемлекеттік наградамен марапатталған, «Ильхам» халықаралық сыйлығының лауреаты (2013 ж.).
Бөрібаев Ермек - заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық заң академиясының академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма мүшесі - зерттеу қызметі жөніндегі проректоры. 2020, 2021 және 2022 жылдардағы Ұлттық рейтинг қорытындысы бойынша қатарынан үш рет Қазақстан жоғары оқу орындарының ТОП-50 ғалым-оқытушылар тізіміне кірді. Қатарынан екі рет ELSEVIER-Scopus компаниясы және ҚР БҒМ Best Researcher in Social Sciences (2018, 2019 ж.) номинациясы бойынша әлеуметтік ғылымдар саласындағы үздік зерттеуші болып танылды. 300-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрді. 9 монографияның авторы, 4 монография шетелдік баспаларда жарық көрді, оның ішінде 3 монография - ағылшын тілінде, 6 монография Ресейдің ғылыми дәйексөз индексі (РИНЦ) базасында индекстелген. 1 оқулық пен 3 оқу құралының авторы. Web of Science және Scopus ғылыми-метрикалық базаларында индекстелген шетелдік ғылыми журналдарда 60-тан астам мақала жарияланды. Scopus базасы бойынша хирш индексі - 15, WоS базасы бойынша - 5. 2015 жылы отандық ғылымға қосқан елеулі үлесі үшін Еуропалық өнеркәсіптік консорциум М.В.Ломоносов атындағы Алтын медальмен марапатталды. 2016 жылы Қазақстан мен Орта Азияның жалғыз өкілі: Халықаралық Нотариат одағының жеке мүшесі (UINL, Буэнос-Айрес штаб-пәтері, Аргентина). «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» атағының иегері (2018 ж.); Мемлекеттік ғылыми стипендия иегері (2020 ж.).
Жәмпейісова Қорлан - КОНКОРД халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі (Франция, 2014), педагогика ғылымдарының докторы, педагогика кафедрасының профессоры. Ол студент жастарды ұлттық тәрбиелеу және өзін-өзі тану мәселесі бойынша ғылыми мектеп құрды, ҚР-да жоғары білім беруді жаңғырту, «Мәңгілік ел» және «Рухани жаңғыру» ұлттық идеяларын іске асыру бойынша бірқатар тұжырымдама әзірледі. 180-ден астам жарияланымның, оның ішінде Қазақстанның педагогикалық жоғары оқу орындарына арналған ағылшын тіліндегі «Педагогика», «Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі», «Білім берудегі Менеджмент» атты алғашқы оқулықтардың және «Мәңгілік ел» ұлттық тәрбие бойынша оқулықтың авторы. «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері.
Косов Владимир - физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, физика кафедрасының меңгерушісі. 2020, 2021 және 2022 жылдардағы Ұлттық рейтинг қорытындысы бойынша, ҚР ЖОО ТОП-50 ғалым-оқытушылар тізіміне кірді. Оның басшылығымен Қазақстанда көп компонентті ортадағы диффузия мен конвективті тұрақсыздықты зерттеуге байланысты ғылыми бағыт дамуда. 2017 жылы оларға Астана қаласындағы «Қазақстан» ұлттық павильонындағы EXPO дүниежүзілік көрмесінде «Көмірсутекті газ қоспасын бөлуге арналған құрылғы» авторлық жобасы ұсынылды. Профессор В.Н.Косовтың ғылыми зерттеулері ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің гранттарымен қаржыландырылады. 300-ден астам ғылыми мақалалар, 4 монография және 15 патент (оның ішінде 1 халықаралық), жоғары оқу орындарына арналған 2 оқулық жариялады. Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, 2 физика-математика ғылымдарының докторы, 8 ғылым кандидатын, 2 PhD докторын дайындады. 2002, 2006 жылдары ҚР Мемлекеттік ғылыми стипендиясының, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының (2017), «Құрмет» орденінің иегері (2022 ж.). Қазіргі уақытта қазақстандық физиктер қоғамының басқарма мүшесі болып табылады.
Оразбаева Фаузия - ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Латын» ғылыми-практикалық орталығының директоры. Коммуникативтік лингвистика, лексикология, семасиология, қазақ тілін оқыту әдістемесі саласындағы көрнекті маман. 300-ден астам еңбектің, оның ішінде еуропалық және халықаралық стандарттар (DALF/DELF, IETS, TOEFL және т.б.) негізінде қазақ тілін оқыту бойынша 6-деңгейлі оқу-әдістемелік кешеннің, Израильдің «Edusoft» тілдерді оқыту орталығымен бірлесіп әзірленген demo қазақ тілі курсының авторы. 11 ғылым докторы мен 40 ғылым кандидатын дайындады. ҚР ХӘҰ гранттық қаржыландыру бойынша бірқатар ғылыми жобалардың жетекшісі, қазіргі уақытта «Деңгейлік парадигмалар әдіснамасы: оқу және жазу» жобасын басқарады. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеу үшін Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, «Парасат» орденімен марапатталған, «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие.
Бердышев Абдумаувлен - физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ математика және математикалық модельдеу кафедрасының меңгерушісі. 200-ден астам ғылыми жарияланымдардың, ғылым салаларындағы 4 монографияның авторы: жартылай дифференциалдық теңдеулер, математикалық физиканың классикалық емес теңдеулеріне арналған жергілікті және жергілікті емес шекаралық есептер, аралас және аралас типті теңдеулер, сандық әдістер, математикалық модельдеу. Scopus - тағы жарияланымдардың жалпы саны-38, Scopus-та көрсетілген дәйексөздердің жалпы саны - 207 (144 құжат бойынша). ҚР ҰМ гранттық қаржыландыру бойынша бірқатар ғылыми жобаның жетекшісі болып табылады. Мемлекеттік ғылыми стипендия иегері (2017 ж.); «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты (2011 ж.); «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2008 ж.); Ы. Алтынсарин медалімен марапатталған (2006 ж.).
Хамзина Жанна - заң ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың зерттеуші-профессоры. «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарды зерттеу» басымдығы жөніндегі Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі. 2020-2022 жылдары үш рет Ұлттық рейтинг (НААР) қорытындысы бойынша ҚР жоғары оқу орындарының ТОП-50 ғалым-оқытушылар тізіміне кірді. «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты «Best Researcher in Social Sciences», 1 -st Scopus Award Ceremony, Elsevier 2018 марапаттарының иегері. 250-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрді. 5 оқулықтың, 3 оқу құралының, 9 монографияның, 4 монографияның авторы, ғылыми еңбектері шетелдік баспаларда жарық көрді, оның ішінде 3 монография - ағылшын тілінде, 6 монография Ресейдің ғылыми дәйексөз индексі (РИНЦ) базасында индекстелген. Web of Science және Scopus ғылыми-метрикалық базаларында индекстелген шетелдік ғылыми журналдарда 50-ден астам мақала жарияланды. Scopus базасы бойынша хирш индексі - 15, WOS базасы бойынша - 5. Халықты әлеуметтік қорғауды құқықтық қамтамасыз ету, жалдамалы еңбек, халықты жұмыспен қамту, азаматтық іс жүргізу, халықаралық құқық мәселелері, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, отбасы мен баланың әлеуметтік құқықтарының кепілдіктерін дамыту, сондай-ақ білікті заң көмегіне конституциялық құқықты іске асыру тетіктері саласындағы жетекші ғалым болып табылады. Мемлекеттік ғылыми стипендия иегері (2022 ж.).
Ахметов Бақытжан - техника ғылымдарының докторы, информатика және білім беруді ақпараттандыру кафедрасының профессоры. 2022 жылғы Ұлттық рейтинг қорытындысы бойынша, 400-ден астам ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектердің, патенттердің, оның ішінде 5 монография мен 7 оқу құралының авторы ретінде ҚР ЖОО ТОП-50 ғалым-оқытушыларының қатарына кірді. Ғылыми қызығушылық саласы - энергия үнемдеу технологиялары, ақпаратты қорғаудың биометриялық әдістері, білім беруді ақпараттандыру және басқару мәселелерімен байланысты. Хирш индексі - 6, дәйексөз статистикасы - 207. ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру жобаларының жетекшісі (ҚР БҒМ), бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларының қосымша жетекшісі. 17 ғылым кандидаты мен PhD докторын дайындады. «ЖОО үздік оқытушысы» атағының иегері (2017 ж.).
Абдигапбарова Ұлжарқын - педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ғылым департаментінің директоры. Ол әлемдік педагогикалық ғылымның заманауи трендтері: білім берудегі көшбасшылық, дуальды оқыту, ұлттық тәрбие, студенттік орталықтандырылған оқыту бағытында озық ғылыми мектеп қалыптастырды. «Қазақстандағы Рухани-адамгершілік білім беру» ұлттық жобасын іске асыруға елеулі үлес қосты. Білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуы, логикалық сипаттағы тестілерді әзірлеу, TIMSS, PISA және т.б. халықаралық зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу туралы Ұлттық баяндаманы дайындау бойынша жұмыстарды басқарды. 300-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектің, оның ішінде 5 монография, 1 тұжырымдама, 11 оқулық, 16 оқу құралының авторы. Педагогика ғылымдарының 5 кандидатын, 8 PhD докторын дайындады. 6D01 (8D01) диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы. Фридрих-Александр Эрланген-Нюрнберг университетімен (FAU) және Әзербайжан мемлекеттік педагогикалық университетімен (ASPU) білім беруді интернационалдандыру жөніндегі халықаралық жобаның тең басшысы (2020-2023). Инновациялық жобалардың авторы, бастамашысы және ұйымдастырушысы: ғалымдар мен мұғалімдердің бірінші республикалық конференциясы (2016); Педагогика ғылымдары бойынша магистранттардың бірінші республикалық олимпиадасы (2017); «Білім берудегі Менеджмент» магистратурасының эксперименттік білім беру бағдарламасы; екі рет «ҚР жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» ҚР БҒМ белгілерімен марапатталған.
Абай атындағы ҚазҰПУ үздік ғалымдарының еңбегі зор. Олар өздерінің ашқан жаңалықтары мен маңызды әзірлемелерімен отандық және әлемдік ғылымды қозғап қана қоймай, лайықты ауысымды тәрбиелеп отыр, барлық қазақстандық жастар үшін үлгі болып табылады.
13.04.2023 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz |