қазақша · русский · english
 
 
 
10.01.2022

Жұдырықтай жұмылу маңызды

 


 

Елімізде белең алған жаппай тәртіпсіздік пен деструктивті әрекеттерді тоқтатып, жоюға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен нақты шаралар жүзеге асуда. Ал оны тиянақты іске асыруды әрбір жауапты орган өз деңгейінде орындауы шарт. Оған халық қолдау білдіре отырып, қазіргі кезде талап етіліп отырған барлық шараға мұқият болғанын қалаймыз.

 

Ел басына төнген қиын кезеңде халықтың амандығы - басты міндет. Президентке қолдау білдіріп, мемлекеттігімізді сақтау жолында жауапкершілікті сезіне отырып, жұдырықтай жұмылу маңызды. Осы орайда студент жастарды, ата-аналарды қиын сәтте сабырлы болуға шақырамын. Отанымызға адалдықты сақтау маңызды.

 

Өкінішке қарай, бейбіт шеруде кейбір белсенділердің, арандатушылардың жауапсыз әрекетінен жүздеген бейбіт тұрғын мен әскерилердің өміріне қауіп төнді. Ел тыныштығы бұзылды. Қазіргі кезде оқу орындарында студенттердің, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жатақхана мен оқу ғимараттары қатаң бақылауға алынды. Биылғы оқу жылының екінші семестрі Білім және ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес 24 қаңтардан басталады.

 

Қиын-қыстау кезеңде бірлігіміздің, Тәуелсіздігіміздің бекем болуы маңызды. Осы орайда барша қазақстандықтарды, әсіресе жастарды сақтық танытып, ел тұрақтылығын сақтауға атсалысуға шақырамын.

 

Авторы: Дархан БІЛӘЛОВ,

Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры.

10.01.2022 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz, PDF

 




Кері оралу