Басқарма төрағасы-ректор |
06.10.2022
Инклюзивті білім бүтін қоғамның күшін талап етеді - Дархан Біләлов
Соңғы жылдары Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытуға көп көңіл бөлінуде. Және бұл түсінікті де: елде, сондай-ақ бүкіл әлемде білімнің бұл түріне мұқтаж балалар саны қарқынды өсуде. Ал, егер бұрын жас азаматтардың бұл санатына физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдар ғана жатқызылса, бүгінде бұл мәселе әлдеқайда кеңейді. Бұған себеп - әртүрлі психологиялық ауытқулары бар балалардың көптеп кездесуі тек аутизм спектрінің бұзылуының таралуымен ғана емес, сонымен қатар босқындар проблемаларынан туындаған жағдаймен және олардың жаңа жерге бейімделуімен, отбасылық және тұрмыстық қиындықтармен, экологияның нашарлауымен, т.б. байланысты.
Қазіргі заманғы вундеркинд балалар да қазір ерекше балалар қатарына енгізіледі. Олардың дамуы жалпы қабылданған нормаларға сәйкес келмейді, мұндай балаларды қоршаған орта ғана емес, тіпті олардың ата-аналары да түсінбейді және қабылдай бермейді.
Өзімнің мамандығым - мұғалім, көп жылдар бойы отандық және шетелдік білім беру мәселелерімен айналысып келемін, екінші жыл еліміздің жетекші педагогикалық университеті - Абай атындағы ҚазҰПУ-ды басқарып келемін. Бұл мәселеге тереңірек үңілген сайын бүгінгі таңда инклюзивті білім беру, дәлірек айтсақ, оны дамыту және осы саладағы проблемаларды шешу жаһандық салалық процестің ең негізгі міндеттерінің бірі екеніне сенімдімін. Ал, оның шешімін кешіктіру, Ұлы Петр айтқандай, өліммен тең. Қанша ауыр естілсе де, болашақта бүкіл адамзаттың дамуы осыған байланысты. Және бұл көп күттірмес мәселе!
Әр елдің бұл мәселені шешуге деген өзіндік көзқарасы, өз мүмкіндіктері бар екені түсінікті. Бірақ, балалар мен жастарға келгенде, материалдық шығын емес, қоғамның, бүкіл елдің моральдық жауапкершілігі бірінші тұр. Сондықтан бізге инклюзивті білім беру керек пе деген сұрақ қою дұрыс емес. Біз адамға жалпы қоғам керек пе деп сұрамаймыз ғой. Кез келген мемлекет өзінің балалары үшін жауапты және олардың дамуы үшін тең мүмкіндіктер беруге міндеттенеді.
Адамның биоәлеуметтік тіршілік иесі екенін есте ұстауымыз керек. Оның қоғамнан тыс дамуы мүмкін емес. Әрине, инклюзия тек физикалық барьер мәселесі емес, әлеуметтік және психологиялық сипатта да көрініс табады. Бұл барлық балалардың бірігіп білім алуына қоғамның дайындығы мәселесі. Ал, инклюзивті білім беру тұжырымдамасы қазақстандықтар үшін жаңа дүние болғанымен, біз, еліміздің бүкіл педагогикалық қауымдастығы, өз ісімізге аса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Әрқайсымыз өз кезегімізде қоғамды ерекше балаларға толерантты болуға үйрету. Олай болса, ұстаздар болашақ ұстаздарды соған баулуы, ал олар өз шәкірттерін дайындауы керек.
Әрине, инклюзивті білім беру және оны тарату белгілі бір қаржылық инвестицияларды қажет етеді. Бірақ, менің ойымша, мәселе елдің болашағы туралы болғанда, мұндай көзқарас орынсыз. Инклюзивті білім беру - этикалық мәселе. Бір сәттік пайданы қарастыратын болсақ, инклюзивті білім беру ешқашан тиімді болмайды және айтарлықтай табыс әкелмейді деп ойлаймын. Бұл мемлекеттің этикалық жауапкершілігі, қоғамның барлық мүшелеріне тең мүмкіндіктер берудегі моральдық жауапкершілігі. Болашақта бәрі өзгереді.
Кішкентай кезімде ата-анамнан неге ана жақтағы баланың қолы кішкентай немесе адам неге жүрмейді деп сұрайтынмын. Менің балаларым ондай сұрақтар қоймайды. Біздің жақын туысымыз, ерекше мұқтаж бала бар, ал ұлым бірде-бір рет неге бұлай немесе басқалай емес деп сұрамады. Менің ойымша, бұл - инклюзивті мәдениеттің пайдасы. Кішкентай кезінен адамдардың әртүрлілігін көрген балалар біреуді «өзгеше» немесе «ерекше» деп санамайды. Олар ешқандай норма жоқ екенін, әркім әртүрлі екенін біліп өседі. Біз, ең алдымен, ұстаздар қауымы, жұрттың бәрі сіздей бола бермейтініне шыдамдылықпен қарауға үйретуіміз керек. Осының өзінен адамзаттың алға жылжып келе жатқанын көремін.
Біз қаласақ та, қаламасақ та, балалардың дамуында көп нәрсе олардың ортасына - сыныптастарына және курстастарына байланысты. Сондықтан, тағы да айтамын, біз, ұстаздар, ел арасында толеранттылыққа тәрбиелеуді өз мойнымызға алуымыз керек. Өйткені, біз еліміздің өскелең ұрпағымен жұмыс істеп отырмыз.
Әрдайым салалық қоғамдастыққа жүгінетіндіктен, жақында «Дара» қорының ҚазҰПУ базасында инклюзивті зертхана ашқанын атап өткім келеді. Бұған дейін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары үшін инклюзивті білім беру бойынша ресурстық кеңес беру орталығы құрылған болатын. Біз өзімізді қоғамға қызмет ететін белсенді университет ретінде жариялаймыз және инклюзивті білім беру ортасында жұмыс істеуге қатысты сұрақтары бар мұғалімдер бізге кеңес алуға келе алатындай етіп жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Университет есігі баршаға ашық, ұстаздарымыз осы салада әлі де түрлі мәселелерге тап болып жүрген ұстаздарға кеңес беруге әрқашан дайын.
Тарихқа көз жүгіртсек, Абай атындағы ҚазҰПУ 1976 жылдан бері арнайы оқытушылар дайындап келеді. Бұл әрі қарай дамуға қуатты негіз беретін үлкен тарих, орасан зор ғылыми және адами әлеует. Университет төрт бағыт бойынша мамандарды дайындайды: тифлопедагогика, сурдопедагогика, олигофренопедагогика және сөйлеу педагогикасы. Яғни, іс жүзінде біз дамудың барлық түрін «ескердік». Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біз озып кетпесек те, инклюзивті білім берудің сұранысына сай болуға ұмтылатын боламыз. Себебі, жоспарымыз өте үлкен!
Қорытындылай келе, жоғарыда аталған себептерді шешу бүкіл қоғамның күш-жігеріне байланысты екенін тағы да атап өткім келеді. Сондықтан мен барлық мүдделі тарапты, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, инклюзивті білім беруді дамыту мәселелерін шешу бойынша өз ұсыныстарымен бөлісуге шақырамын. Біз Қазақстанымыздың дамуы үшін ынтымақтасып жұмыс істеуге дайынбыз.
Авторы: Дархан Біләлов, 06.10.2022 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com
Кері оралу |
050010, Қазақстан Республикасы
|
Кеңсе: 291-48-74, 291-37-23 (факс)
Қабылдау комиссиясы: 8(727)291-57-68
Call-орталығы: 8 (727) 221 85 14
Психологиялық қызмет секторы: 8 700 976 89 97
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау
|
«Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы Кірушілер статистикасы
|