қазақша · русский · english
 
 
 
09.04.2020

ЖОО ректоры: Қиын сәтте халықтың мұқтаждығын шешу - бірінші кезектегі мәселе

 


 

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде айтылған дағдарысқа қарсы шаралар еліміздегі басты құндылық - халықтың әлеуметтік жағдайы екендігін білдіреді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Бүкіл әлемге тараған коронавирус пандемиясына байланысты Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолға алған алдын алу шараларынан бастап, одан кейінгі көмек беру шараларының барлығы халықтың бүгінгі жағдайын толық түсінудің нәтижесі деп білемін. Екіншіден, Президенттің соңғы үндеуіне қатысты айтар болсам, ондағы ең маңыздысы, осы әлеуметтік жағдайы төмен немесе жұмысынан айрылған жандарды қолдауға арналған шаралар деп ойлаймын. Бір жағынан карантин шарасы ел денсаулығына пайдалы болса, екінші жағынан экономикалық субъектілерге, әсіресе ШОБ субъектілеріне әсер етіп жатыр. Көптеген адамдар күнделікті табысынан айырылды. Осы орайда, біріншіден, зейнеткерлерге, басқа да әлеуметтік көмек алатын тұлғаларға 10 пайыздық индексация бүгінгі экономикалық жағдайға байланысты қолдау болып отыр. Одан бөлек, Үкімет жұмыссыз қалған халықты да ұмытып жатқан жоқ. Осы уақытта қызметінен айырылған адамдарға беріліп жатқан ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңге көмекті 3 млн жуық адам алатын болса - үлкен көмек. Тіпті, басқа жұмыс табу туралы жергілікті әкімдерге, басшылық органдарға тапсырма берілді. 85 мыңдай көтермеақы берілетін болды. Осының барлығы қазіргі қиын халде қалған халыққа көмек деп түсінемін», - деді Такир Балықбаев.

 

Ректордың айтуынша, қазір Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқытушылардың, қызметкерлердің жұмыс орнын сақтап қалу маңызды болып отыр.

 

«Енді, білім саласына келсек, алдын ала айтылған шаралар бойынша наурыздың 16-нан бастап ЖОО қашықтан оқу форматына көшті. Оның негізгі идеясы біріншіден, жастарымыздың, оқушылардың, студенттердің, мұғалімдердің денсаулығын ойлау. Қазір әркімнің үйінен шықпай білім алуына толық мүмкіндік бар. Біз сол мүмкіндікті пайдаланып отырмыз. Біздің оқу орнында 10 мыңнан астам студент, магистрант, докторант бар. 2000 қызметкер педагог, оқытушылар үйлерінен жұмыс істеп жатыр. Ақылы бөлімде оқитын студенттердің оқу ақысын төлеуді мамырға дейін тоқтатып отырмыз. Оқу орнында 2000 жуық қызметкер бар. Олардың жалақысын да төлеу керек. Сол себепті, жеңілдік мәселесіне келгенде әр студенттің мәселесіне жеке қарайтын боламыз», - деді ректор.

 

 

Автор: Гүлмира Ғосманәли

09.04.2020 ж.

Ақпарат көзі: inform.kz



 




Кері оралу