Басқарма төрағасы-ректор |
11.05.2020
Такир Балықбаев: Жарқын болашақтың бағдарламасы іспетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 5 мамыр күні «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты қазіргідей коронавирус індеті жер-жаһанды шарпып отырған әлемдік дағдарыс кезінде елімізді сол қиындықтардан сүріндірмей алып шығуға бағытталған бағдарламалық сұхбат болды десек асыра айтқандығымыз емес. Бұл сұхбат Президенттің жуырдағы Қазақстан халқына жасаған Мәлімдемесімен сабақтасып, оны толықтыра түсті деуге негіз бар. Сондай-ақ мұнда Президенттің басшылығымен елімізде бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы ел назарына ұсынылып отыр.
Президент атап өткендей, пандемия әлем халқына, оның ішінде біздің Қазақстан жұртшылығына да, үлкен сынақ болды. «Індеттің салдарынан дүниежүзінде экономикалық белсенділік күрт төмендегенін көріп отырсыздар, - деді Қ.Тоқаев осы сұхбатында. - Әрине, мұндай дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтіру оңайға түспейді. Шұғыл әрекет етпесе, әлемдік рецессия күрделене бермек. Сондықтан шамасы жететін елдер өз азаматтарына қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар жүргізуде».
Мемлекет басшысы Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралар кешенді түрде жасалып жатқанын атап өтті. Бұл шаралар экономика және банк секторын дамытумен бірге әлеуметтік маңызды бағыттарды қамтиды. Біріншіден, 4,2 миллион адамға 42 500 теңгеден арнайы көмек пен 1 миллионға жуық жандарды азық-түлікпен және қажетті заттармен қаматамасыз ету осы кезеңде жұмыссыз қалған және мұқтаж кісілерге үлкен көмек болды.
Екіншіден, экономиканың түрлі салалары мен кәсіпкерлікті қолдауға үлкен күш салынуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына бөлінген 1 триллион теңге жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттары мен несие беруге жұмсалатын болды. Бір жарым миллионнан астам кәсіпкердің салықтар мен міндетті төлемдер мерзімі ұзартылып, несиесін қайтару мерзімін кейінге шегеру төтенше жағдай кезіндегі қызметтері тұрып қалған кіші және орта бизнеске үлкен көмек болып жатыр.
Үшіншіден, еліміздің экономикасында ерекше орын алатын ауыл шаруашылығы басты назар аударылуда. Президент бүгінгі күні басты міндет егіс науқанын уақтылы өткізуге қажетті жағдай жасалғанын көрсетті. Бұл бағытқа 200 миллиард теңге, оның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға бөлінгені дихандар мен шаруа қожалықтарына көп жеңілдік беретін болды.
Сұхбатта айтылған банк жүйесін қолдау, теңге бағамын тұрақтандыру, халықты азық-түлікпен, баспанамен қамтамасыз етуді жақсарту, сарабдал сыртқы саясат жүргізу арқылы халықаралық қатынастарды дамыту сияқты өзекті мәселелер еліміздің стратегиялық дамуының басымды бағыттарын іске асыруды айқын айғағын көрсетеді.
Мемлекет басшысы пандемиямен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне жасалып отырған қолдау-көмек туралы да нақты айтты. Төтеннен келген індет денсаулық сақтау және медицина ғылымы саласында шешімін күткен көптеген өзекті мәселелердің бар екенін көрсетті. Бірінші кезекте медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет. Екіншіден, елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Осылай деген Қ.Тоқаев денсаулық сақтау айбынды әскермен бірге мемлекеттің негізгі қалқаны, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір саласы екенін атап көрсетті.
Сұхбатта білім беру саласы да назардан тыс қалмады. Президент еліміздің оқу орындары қашықтықтан оқыта бастаған кезде көптеген қиындыққа тап болғанымызды еске алды. «Телесабақ, интернет-платформадағы сабақтар ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдер мен оқушыларды компьютермен, мобильді интернетпен қамтамасыз етуде. Осының нәтижесінде қашықтықтан оқыту қазір қалыпқа түсті», - деді Президент. Осы сөздердің артында қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудағы ұстаздардың, білім беру мекемелері, саланың және аймақ басшыларының орасан еңбегі жатқаны белгілі. Сол себепті, Мемлекет басшысының «шәкірттеріне қашықтан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін» деген сөздерін білім беру саласының қызметкерлері айрықша ынтамен қарсы алды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ризашылығы ұстаздардың бекзат та қадірлі істеріне берілген өте жоғары баға ғана емес халқымызға сол еңбекті бағалаудың үлгісін көрсетеді. Біз осы бағалау барлығымызға орасан жігер беретін күш екенін атай келе, Президентімізге зор алғысымызды білдіреміз.
Мемлекет басшысы әлемнің көптеген жоғары оқу орындары қашықтықтан оқыту әдісін біраздан пайдаланып келе жатқанын, сондықтан алдағы уақытта бізде де онлайн жүйесін жетілдіре түсу керектігін ескертті. Иә, осы айтылған коронавирус індетіне байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де студенттерін үйлеріне қайтарып, олармен онлайн дәрістер өткізуде. Қашықтықтан оқыту жағдайында оқу үдерісінің сапалы жүргізілуі біздің басты назарымызда. Қазір алдағы сессия мен қорытынды емтихандарды талап деңгейінде өткізуге толығымен әзірлік жүргізілді. Сондықтан біз оқу жылындағы барлық жоспарларымызды толық аяқтаймыз.
Президент өткен жолғы Мәлімдеме және осы сұхбатында еліміздегі интернет байланысын дамыту және жалпы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сапалы өзгерістер жасап іске асыру міндеті мемлекетіміздің құзырында болатынын айтты. Бұл еліміздің экономикасының барлық саласының оның ішінде білім берудің (әсіресе қашықтықтан оқытудың) дамуына ерекше үлес қосатыны сөзсіз.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында қазіргі таңда ел өміріне қатысты қамтылмаған мәселе кемде-кем. Мәселені қоя отырып, оның шешімін бірден ұсынған Президентіміздің сөздері ел дамуының жаңа кезеңге арналған бағдарламасы іспетті.
Авторы: Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор 11.05.2020 ж. Ақпарат көзі: qazaquni.kz
Кері оралу |
050010, Қазақстан Республикасы
|
Кеңсе: 291-48-74, 291-37-23 (факс)
Қабылдау комиссиясы: 8(727)291-57-68
Call-орталығы: 8 (727) 221 85 14
Психологиялық қызмет секторы: 8 700 976 89 97
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау
|
«Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы Кірушілер статистикасы
|