Басқарма төрағасы-ректор |
05.10.2020
Такир Балықбаев: «Сапалы білім - ұлт болашағы»
Мемлекетіміздің басты құндылығы - адам. Осы тұста Сізді де адами капиталды дамыту туралы тұжырым толғандырады ма? Бүгінгі жас ұрпақ өз интеллектуалдық әлеуетін қалай ұтымды пайдаланбақ? Халық өмірін жақсартуда басты назарға нені алуға тиіспіз? Ұлт болашағы неге білімге тәуелді? Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Оспанұлымен осы және өзге де мәселелер турасында сұхбаттасқан болатынбыз. - Такир Оспанұлы, жақында Алматы қаласы тұрғындарымен есеп беру кездесуіңіз өткенінен хабардармыз. Онда қандай мәселелер талқыланды? - Менің алматылықтармен есеп беру кездесуім Президент Жарлығына сәйкес өтті. Онда университеттің өткен оқу жылындағы жетістіктері, қол жеткен мақсаттары мен қара шаңырағымыздың әлемдік деңгейдегі үздіктер керуенінен көрінгендігі сөз болды. Мысалы, ұлттық рейтинг бойынша ҚазҰПУ отандық оқу орындары арасында бесінші орыннан төртінші сатыға табан тіреді. Абай атын иеленген университетіміз - еліміздегі педагогикалық мамандарды даярлайтын көшбасшы оқу орны. Сондай-ақ, қара шаңырақ ғылым көкжиегінде биік белестерді бағындырып, QS World University Rankings (QS) компаниясының 2020 оқу жылына жасаған жоғары оқу орындарының жыл сайынғы рейтингісінен орын алды. Ауылдық жерлерде университет «құру», ғылыми бағыттағы оқу орны және цифрлық білім беру жүйесін жасау - басты назардағы мәселелер. Соңғы уақыттарда негізгі екі аспектіге ден қойылуда. Біріншісі - тәжірибелік оқыту. Бір жыл бұрын біз оқыту жүйесіне өзгеріс енгізу арқылы университетімізде дамудың жаңа бағытына жол ашқан болатынбыз. Бұрындары 4-курс студенттері үшін педагогикалық тәжірибе алмасу жұмыстары 2-3 айға ғана созылатын болса, қазір жыл бойы мектептерге барып, еңбекке етене араласуға мүмкіндік жасалған. Аптаның төрт күнінде оқытушы, оқушылармен біліктіліктерін дамытса, қалған екі күнде университетте білімдерін шыңдайды. Осындай ұтымды тәсілдермен студенттер пайдалы дағдыларға қол жеткізді. Түрлі іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде 208 студент маман атанбай тұрып-ақ жұмысқа орналасты. Мектеп басшыларының біздің студенттеріміз жайлы оң пікірлері де көңіл қуантады.
Екіншісі, еліміздегі пандемияға байланысты қашықтықтан оқыту жүйесін іске қосуға тура келгендігі белгілі. Оқу жүйесіндегі дәстүрлі дағдыны бір күнде өзгертіп, қайта құру оқытушылар үшін де, білім алушылар үшін де оңай болмады. Біз үшін қашықтықтан оқыту - жалпы білім берудің кішкентай ғана құралы іспетті еді. Білікті маман даярлаудағы басты бағыт классикалық оқыту әдісімен тікелей байланысты. Бұл үшін біздің университетімізде барлық жағдай жасалған. Жайлы әрі жеткілікті жабдықталған аудиториялар - студенттің алаңсыз білім алуының басты кепілі. Карантиндік шаралардың енгізілуіне орай ел ертеңдерінің сапалы білім алуы ұтымды шешім шығаруды қажет ететін үлкен мәселе туғызды. Бұған дейін біздің университетіміз оқытуды толық қамтамасыз етіп отырған Univer және Мoodle ақпараттық автоматтандырылған жүйелерінде жұмыс жасайтын. Елдегі жағдайға сәйкес, аталған жүйелермен қатар бейнедәрістер, Zoom, Microsoft Teams, Google Meet, Microsoft Classroom платформалары енгізіліп, студенттердің электронды кітапханаға қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Оған дейін мұғалімдер аудиторияда дәріс оқып, студенттерді білім нәрімен сусындатса, ендігі жерде қажетті ілім электрондық жүйелер арқылы ізденушілерге жол тартты.
- Қашықтық режимі мұғалімдерге де, студенттерге де келеңсіздік туғызып, түрлі мәселелер орын алғаны анық. Онлайн форматқа көшу қалай болды? - Қашықтықтан білім алу жүйесіне көшуге ешкім де дайын болмады. Бізге, мұғалімдерге, жұмысымызды жедел түрде жүйелеп, қайта құру және онлайн платформаны игеру қажеттігі туындады. Бастапқыда аздап қиын болғаны рас. Кей студенттердің интернетке қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі еді. Осындай кедергілерге қарамастан біз Proctoring арқылы онлайн түрде сессия, мемлекеттік емтихан, диплом қорғауды ұйымдастырдық.
Қашықтықтан оқыту, тестілеу өткізу барысындағы оқу процесін ұйымдастыру және бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нормативтік құжаттарына сәйкес жүзеге асырылды. Есеп беру отырысында халық тарапынан негізгі сұрақ осы мәселеге қатысты қойылды. Пандемия бізге дәстүрлі оқу жүйесімен қатар қашықтықтан оқыту жүйесін қатар қолданудың тиімділігін көрсетіп берді. Кездесуге келгендердің көкейінде «жағдай қашанға дейін жалғасады?» деген сауал тұрды. Бұл, әрине, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ. Жағдай тұрақталса, рұқсат берілген сәттен бастап классикалық оқыту жүйесіне көшуге әзірміз. Бұл үшін аудиториялар, жатақханалар, зертханалар - барлығы дайын.
- Сіз білім беру министрлігінде жұмыс жасаған, 40 жылдық тәжірибесі бар жоғары білікті кәсіби оқытушы әрі біздің қоғамның белсенді мүшесісіз. «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатыстыңыз. Праймериздің алдын ала мәліметтері бойынша сайлауда Медеу ауданы партия мүшелерінің 64 пайыз дауысына ие болдыңыз. Газет оқырмандарына сайлауалды бағдарламаңыздың басым бағыттары туралы айтып берсеңіз... - Биылғы жылы «Nur Otan» партиясы алғаш рет праймериз өткізуде. Партия Төрағасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл бастамасы лайықты кандидаттарды таңдауға, Қазақстанның дамуы бойынша жаңа идеялар мен нақты жобаларды іріктеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Түрлі қызықты бастамалар көтеруші тұлғаларға жол ашылуда. Мен қатысқан Алматы қаласының Медеу аудандық мәслихатында 49 кандидат бар. Олардың барлығы өзіндік пікірі мен ұтымды бағдарламасы бар жандар. Бірі кәсіпкер, бірі шығармашылық адамы болғанына қарамастан, барлығы қоғамдағы елеулі мәселелерді шешуде белсенді, анық бағытты ұстанушылар. Праймериздің негізгі мақсаты да осындай тұлғаларды таңдау. Мен өзімнің өмірлік және кәсіби мол тәжірибеме сүйене отырып, «Nur Otan» партиясының ел алдына қойған міндеттерін орындауға мүмкіндіктерім бар екендігін ескеріп, праймеризге қатысуға бел будым. Сайлауалды бағдарламамның басты бағыты - Алматы қаласы шеңберінде адами капиталды дамыту. Неге? Біріншіден, қазіргі кезде адам капиталы экономикалық өсу мен өркендеудің басты элементі болып табылады. Жетекші әлемдік державалар үшін бұл өте маңызды сала.
Екіншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының жеті бағытының бірі - адами капиталды жоғарылату мен білімге қаражат құю екендігін атап өткен болатын. Сондай-ақ, білім беру, жастар саясаты, еріктілер, Алматының инновациялық экожүйесі және басқа да мәселелер маңыздылығы көрсетілген. Әр тармаққа шамалап тоқталып өтейін. Білімнің қолжетімділігі мен сапалылығы - басты идеология. Мен мектепке дейінгі және орта білімге баса назар аударамын. Елімізде мектептер тапшы екендігін мойындауымыз керек. Нәтижесінде жаңа оқу ордасын тұрғызу мәселесі туындайды. Мен бұндай бастаманы қолдаймын. Бұл «Nur Otan» партиясының бағдарламасында да қозғалған. Мемлекет басшысының айтуынша, республиканы 2025 жылға дейін қажетті балабақшалармен толықтырып, 6 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі білім алуын қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселеде сапа бірінші орында болуы тиіс. Сапалы білім беру ең алдымен ұстаздар қауымына артылар жүк екенін, Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім - мектептің жүрегі» деген даналығының астарында терең мән жатқанын ұғынуымыз қажет. Сондықтан біз үшін мұғалім мәртебесенің көтерілуі маңызды. Осы мақсатта елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, ұстаздардың айлық табысын төрт жылда екі есеге көтеруге шешім шығарылды.
Үшіншіден, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен олардың одан әрі дамуына жағдай жасалуын қамтамасыз ету. Қазірдің өзінде бұл мәселеге қатысты толық бағдарлама дайындап қойдық. Біздің профессорларымыз жылына 30, яғни аптасына бір сағатын мектептерде дәріс оқып, семинар жүргізуге, белгіленген ғылыми жобаларды жүзеге асыруға арнайды. Еліміздегі білім сапасының дәрежесі - ұстаздар еңбегінің нәтижесі. Өз тәжірибеміз бен білімімізді пайдалана отырып, бұл бағытта жетістікке жете аламыз. Мен өз бағдарламамда барлық университеттерге мектептер мен балабақшаларға көңіл қойып, жұмыс жасауды және мұғалімдерге қосымша мүмкіндіктер беруді ұсынамын.
Төртіншіден, ересектердің білім алуына жағдай жасауымыз қажет. Қазір әлемде «Өмір бойы білім алу» («Life long learning») түсінігі қалыптасқан. Бұл жай ғана жүйе емес, жаңашыл адамның ұстанымы. Заман ұдайы даму жолында жұмыс жасауды қажет етеді. Мұғалімдер мен педагогтер ғана емес, басқа да ересек тұлғалар үшін сапалы білімнің қолжетімділігі маңызды. Осыған сәйкес «Күміс университет» ұғымы бар. Бұл «күмістей ақ шашты тұлғалардың білім алуына» байланысты пайда болған. Біздің оқу ордаларына да осындай жүйені енгізіп, әр түрлі салада білім алғысы келетін орта жастан асқан тұлғаларға жағдай жасалуын қамтамасыз етуді ұсынамын.
Бесіншіден, біздің әсем қаламыздың көпшілік үшін мерейлі мекен екендігіне баса назар аударғым келеді. Қала - еліміздегі кәсіпкерлік пен мәдениеттің ірі ошағы. Сондықтан ол өзінің әлеуметтік потенциалын арттыруы қажет. Алматының инновациялық әлеуетін көтеруді көздегенде, біздің университеттердегі мүмкіндіктерді басты назарда ұстауымыз керек. Қаламызда ондаған мың ғалымдары, зертханалары мен ғылыми орталықтары бар 40 жоғарғы оқу орны бар. Біз бұл көрсетілген сандарды тұтастай алып, барлығының алдына бір ғана мақсат қою арқылы мәселенің түйінін таба аламыз.
Алматы Smart city - өте жақсы идея, оның әлеуетін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ-Британ техникалық университеті және Халықаралық ақпараттық технологиялар университеттерінің көмегімен жүзеге асыра аламыз. Аталған оқу орындары Алматы қаласының әлеуметтік потенциалын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ете алады. Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамда осындай идеяларды тиімді жүзеге асырудың жолдарын ұсынамын.
Алтыншы. Партия бағдарламасында Алматы қаласының шығармашылық индустрия орталығына айналуы мүмкін екендігі сөз етіледі. Бұл шаһардағы өнер, музыка, теледидар және басқа да салалардың жоғары дәрежелігімен байланысты. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Құрманғазы атындағы консерватория, Абай атындағы ҚазҰПУ худграфы -қаламыздағы мәдениет пен өнер туындыларын тудырушы арналар. Шығармашылық индустрия орталығы дәл осы институттардың негізінде салынуы керек. Қосымша аймақтар құрып, оған шығындалудың қажеті жоқ. Оның есесіне, қолда барды тиімді пайдаланудың жолын іздегеніміз ұтымды болмақ.
Жетіншіден, Алматының экологиялық мәселелеріне тоқталғым келеді. Соңғы жылдары бұл турасында жиі айтылуда. Билік партиясының бағдарламасында экологиялық мәселені шешуге бағытталған ауаны тазарту мен ластануды азайтуға арналған бастамалар жеткілікті. Іске асыру үшін әрине, ғалымдарымыздың ұсыныстарына құлақ аса отырып, зерттеу жүргізу қажет. Бұл тұста жастарды түрлі тазалық жұмыстары мен ағаш отырғызу сияқты шараларға белсенді тартуға да болады. Алайда, біздің басты проблемамыз - экологиялық мәдениеттің төмендігі. Бұл адамдарға экологиялық сауаттылық саласындағы білімнің жетіспеушілігінен орын алады.
Менің бағдарламамның сегізінші бағыты жастар саясатына арналған. Қала тұрғындарының 700 мыңнан астамы жастар. Бұның ішінде студенттер, жұмыс жасайтындар санатындағы және жұмыспен де, оқумен де қамтылмаған адамдар бар. Өз кезегінде олардың әрқайсысына қатысты проблемалар бары анық. Мысалы, жұмыс жасайтындар үшін баспана мәселесі өзекті. Қаламызда «Алматы жастары» бағдарламасы құрылып, оған сәйкес 2025 жылға қарай бес мың пәтер бой көтереді деп болжануда. Біз өз тұжырымдамамызда мұғалімдерге, медицина қызметкерлеріне, ЖОО оқытушыларына көбірек пәтер беруді ұсынамыз. Қажет болған жағдайда салынып жатқан тұрғын үй санын көбейтудің қосымша мүмкіндіктерін қарастыра аламыз. Жұмыссыз жастар үшін қалалық жұмыспен қамту бағдарламасы оқытуға мүмкіндік берсе, студенттер үшін де жатақхана мәселесін шешуге болады. Сонымен қатар, бізде қаланы, инфрақұрылымды, көшелер мен жол құрылысын, қоғамдық қауіпсіздікті дамытудың тұтас бағдарламасы бар.
- Сіздің партияішілік сайлауға қатысу ниетіңізді отбасыңыз қалай қабылдады? - Мен өзім көпбалалы отбасынан тәрбие алып өскенмін. Он ағайындымын. Менің әкем ұстаз болған кісі. Анам да мектеп мекемесінде қызмет атқарған. Отбасымыздан жетеуіміз білім беру саласында, оның ішінде мектептер мен университеттерде жұмыс жасаймыз. Біздің отбасымыз үшін педагогика әрдайым басымдыққа ие болды. Ата-анамыздың ұстаздық жолда жүруі бізге зор ықпал етті. Менің ұлттық білім беру жүйесіне үлес қосу мақсатымен жасап жатқан әрекеттерімді, сонымен қатар педагогикалық қызметімді бауырларым әрдайым қолдайды.
Өзімнің отбасым туралы айтатын болсам, жұбайым, ұлым, қызым және төрт немерем бар. Олар менің белсенді өмірлік ұстанымымды ұдайы қолдайды. Біз бен сіздің өміріміздің, қала экономикасының, білім беру жүйесінің, сонымен қоса басқа да аспектілердің дамуы әрбір ел азаматы үшін маңызды екенін түсінеді. Мен жақындарымнан әркез жылулық сезінемін және бұл үшін оларға алғыс айтамын. Өмірде, әсіресе, жаңа толқынға түскенде отбасының қолдауы өте маңызды.
- Бірнеше жыл бұрын Сіздің университетіңізде ақылы бөлімде оқитын бір студенттің анасы қайтыс болып, оның оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі болмай, Сізге хат жолдағанына куә болдым. Нәтижесінде ол оқуын ақысыз жалғастыруға мүмкіндік алып, университетті аяқтап, дипломды маман атанды. Сіз ректор ретінде осындай жағдайларды жиі кездестіресіз бе? - Өкінішке қарай, оқу ақысын төлей алмайтын студенттер көп. Бұл - біздің басты проблемаларымыздың бірі. Сіз айтып отырған жағдай нақты есімде жоқ, бірақ ондайлар көп болып тұрады. Университетіміздің басты байлығы - студенттер. Біздің әрбір іс-әрекетіміз, қабылдаған шешімдеріміз солардың талап-тілектеріне негізделген. Студенттердің өтініштеріне ұдайы құлақ асып, олардың қажеттіліктерін басты назарда ұстаймын. Барлық талаптарын орындап жатырмыз деп айта алмаймын, бірақ білім алушыларға мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз. Ата-анасы, қамқоршысы жоқ студенттерге тегін білім алуына, жатақханамен қамтамасыз етілуіне, тегін медициналық көмек берілуіне жағдай жасаймыз. Бұндай жеңілдіктер жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасы балаларына да қарастырылады. Мысалы, өткен оқу жылында 1,5 мың студенттің білім алуы үшін 10 мыңнан жалпы құны 255 млн теңгеге дейін әртүрлі көмек бердік. Пандемия кезінде көптеген азаматтар табысынан айырылғаны аян. Соның салдарынан студенттердің ата-аналары бірінші кезекте оқу ақысын төлеуді кейінге қалдыруды сұрады. Біз сұранысты қанағаттандырып, оқу ақысын төлеу уақытын ұзарттық. Жыл бойы білім алып, бірақ оқу ақысын төлей алмай қалатын жағдайлар да жиі кездеседі. Біз олардың келесі курсқа өтуіне мүмкіндік береміз. Бұл негізінде қауіпті, бірақ өмірде әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Сол себепті әрқайсысын түсінуге тырысамыз. Кейде жеңілдіктер жасауымызды сұрап ата-аналар да келіп жатады. Биыл пандемияға байланысты өтініштер мен ұсыныстар да көп. Білімге құштар студенттер біздің оқу орнымызға білім алу үшін келетіндігі белгілі. Осы тұста біз де ел болашақтары үшін жеткілікті жағдай жасауға барымызды салуымыз қажет деп ойлаймын.
- Еліміздегі пандемия жалғаса берсе, біздегі білім дәрежесі қандай болады? Онлайн оқу жалғасуда, дегенмен студенттер үшін мұғалімдермен бетпе-бет байланыс жасау, аудиторияда дәріс тыңдап, пікір алмасу маңызды емес пе?! - Өкінішке қарай, қауіпсіздік шараларын жеңілдету біздің қолымызда емес. Мен студенттермен онлайн-кездесу ұйымдастырып, байланыс орнатып, жағдайды мәлімдедім. Олар қазіргі жағдайда білім алуды жалғастырудың басқа жолы жоқ екендігін түсінеді. Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар енгізген сәтте-ақ біз оқу жүйесін екі жолға да бұруға дайын болдық. Егер карантин аяқталса, университетке келіп оқуды жалғастыруға, басқадай жағдай бола қалса, қашықтықтан оқуға да дайын отырдық. Бірақ мұнда мектеп қабырғасында басқа қағидалар негізінде білім алып келген бірінші курс студенттері үшін екі маңызды мәселе туындады. Мәселені шешу үшін не істеп жатырмыз? Біріншіден - оларды барынша қолдауға тырысудамыз. Бұл тұста институт директоры, эдвайзерлермен бірлесе отырып, онлайн-кездесулер өткіздік. Жиналыс барысында оларға елдегі жағдайды, университеттің ішкі саясатын түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірінші курс студенттерінің ата-аналары классикалық оқу дағдысына көшіруді сұрап ұсыныстар жасайды. Біз үшін де бетпе-бет сабақ өтіп, студенттермен тікелей кездесу маңызды. Бірақ, бұлай екен деп жағдайды ушықтырмауымыз қажет. Қаламызда 40-қа жуық оқу ордасы, онда шамамен 200 мың студент бар. Бұл сандардың барлығын бір уақытта бір жерге жинайтын болсақ, елдегі жағдай жақсарады ма? Меніңше, жоқ. Бұлай ету арқылы тек індеттің таралуына жол ашамыз. Екіншіден, қазіргі уақытта біздің университетіміз бүкіл оқу процесін өзгерте бастады. Жағдай тұрақталған күнде де кей пәндер қашықтықтан оқытыла бермек. Яғни, аралас оқыту жүйесі енгізілуде. Карантиндік шаралар аяқталғанымен, тура бұрынғыдай бір жақты оқыту жүйесі ғана жүрмейтінін түсіну қажет. Жаңа жүйеге сәйкес түрлі қолайсыздықтар мен келеңсіз жайттар болып жатқанынан хабардармыз, өз кезегінде университеттің сапалық рейтингіне әсер ететіні тағы бар. Бірақ, біздің студенттеріміз өз бетінше білім алудың маңыздылығын түсінуде. Бұл қазіргі таңда заман талабы болса, бір жағынан олардың келешегі үшін маңызды қадамдар. Өз бетінше білім алып, өзінше жұмыс жасап үйрену арқылы болашақта өз мәселесін өзі шеше алатын, тәуелсіз тұлға қалыптасатындығы сөзсіз.
- Өткен жылы Президентіміз дипломды «басып шығарумен» ғана айналысатын оқу орындарын жабуға бұйрық берді. Ол өзінің соңғы жариялаған Жолдауында да бұл мәселені баса айтты. Сіздің ойыңызша осындай келеңсіздіктермен қалай күресуге болады? Және неліктен осы күнге дейін ұлттық дипломдар базасын жақсарту туралы мәселе қозғалмады? - Мемлекет басшысы өте маңызды мәселе көтерді. Сапасыз білім беретін университеттер - біздің қоғамымыз үшін үлкен проблема. Бізде университеттердің қызметін бақылайтын тиісті жүйе жоқ. Бұл бізге қажет. Менің ойымша, қоғам мұндай университеттердің бар екендігінен және олардың беделінен хабардар болуы керек. «Мына университет дипломдарды жай ғана «басып шығарады» деп айта салуға болмайды. Мұндай дәлелсіз мәлімет тарату әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бүгінде кейбір сарапшылар университеттерді төрт санатқа бөлу туралы идея ұсынуда. Бұл бойынша алғашқы үштік үздік болса, төртінші санаттағы университеттер нашар оқу орны деп есептелмек. Бұл бір жағынан дұрыс. Себебі, білім алушы оқу ордасын ондағы білім жүйесі мен сапасына қарай таңдауға ерікті. Барлығы шынайы әрі айқын болуы қажет. Биыл өз құзіреттілігінен айырылған бір университетте 14 мың студент білім алып жатқаны анықталды. Дәл сол сәтте біздегі білім алушылар 10 мың болатын. Бұл көрсеткіштен нені аңғарамыз? Кез келген тұлға өзінің болашақ үшін алып жатқан біліміне жауапкершілікпен қарауға тиіс. Бұл тұста басты мәселе - жоғарғы оқу орнын дұрыс таңдау.
- Биылғы жылы еліміз ұлы ойшыл, философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуде. Абай атын иеленген Сіздің қарамағыңыздағы оқу орны осы атаулы датаға арналған іс-шараларды ұйымдастыруда көшбасшылар қатарында болатыны анық. Қандай шаралар іске асты? Алда қандай жоспарлар бар? - Әңгімені әл-Фарабидің мерейтойынан бастасам... Мен әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту жөніндегі комиссияға мүшелік еттім. Пандемия жоспардың жүз пайыз жүзеге асуына мүмкіндік бермеді. Дегенмен, біз алға қойған мақсатқа жету үшін біртіндеп әрекет етудеміз. Әл-Фараби - философ, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз. Ол осы күнге дейінгі орта ғасырдың ең атақты ойшылы, ірі энциклопедист ғалымы ретінде даңқты. Бірнеше жыл бұрын біз Абай атындағы ҚазҰПУ-да исламның ғана емес, әлемдік ғылымның дамуына орасан зор үлес қосқан тұлғаның құрметіне «әл-Фараби орталығын» аштық. Ондағы мақсат - ұлы философтың ұлағатты мұрасын оқушылар арасында дәріптеу. Ғалым астрономия, математика, геометрия сияқты ғылым салаларында үлкен жаңалықтар ашты. Сондықтан да бүгінде философ шығармашылығына ірі ғалымдар ғана емес, балалар да қызығушылық танытуда. Біздің университет қазірдің өзінде бірнеше оқу құралдарын шығарды. Абай шығармаларын дәріптеу жолында да көптеген жаңалықтар енгізілуде. Осыдан он жыл бұрын «Хакім Абай» орталығы құрылып, «Абайтану» пәнін оқу үдерісіне енгіздік. Бұл пән негізінде ұлы ойшылдың шығармалары талданып, сонымен қатар түрлі фестивальдер өтеді. Биылдың өзінде біз Мемлекет басшысының өзі қатысқан #Abai175 челленджі, ақындар айтысы, «Абай әлемі» ұлттық фестивалі, дебаттар, олимпиадаларды ұйымдастыруға мұрындық болдық. Осыған орай Абай атындағы 15 шәкіртақы тағайындалып, жеңімпаздарға үлестірілді. Алдағы күндері тағы да ауқымды іс-шараларды жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, Абай шығармаларын оқу процесіне енгізу мәселелерін көтерудеміз. Философтың «Толық адам» тұжырымының астарында «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау» тұр. Бұл дегеніміз, күш біріктіріп, әрекет ету. Философиялық тұрғыдан алып қарағанда, бұл концепция кез келген тұлғаны адалдыққа, өз Отанының патриоты болуға тәрбиелейді. Себебі, ақыл - білім, білік, дағды. Жүрек - тәрбие мен ұлтжандылықтың көрінісі. Қайрат - күш, шығармашылық, еріктілік, т.б. Осылайша біз бүгінгіден нәтиже шығарып қана қоймай, болашақтың бағдарлы болуы үшін нық қадамдар жасаймыз.
- Ашық әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан: Римма Жанбаева 05.10.2020 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com, PDF
Кері оралу |
050010, Қазақстан Республикасы
|
Кеңсе: 291-48-74, 291-37-23 (факс)
Қабылдау комиссиясы: 8(727)291-57-68
Call-орталығы: 8 (727) 221 85 14
Психологиялық қызмет секторы: 8 700 976 89 97
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау
|
«Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы Кірушілер статистикасы
|