қазақша · русский · english
 
 
 
09.10.2020

Абай өсиеті - болашаққа бағдаршам (тұңғыш президент - елбасы Н.Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласын оқығандағы ой)

 


 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір жазған еңбегі ойыңа ой қосатын, жүрегіңе қозғау салатын, болашаққа деген сенім мен үмітіңді оятатын тағылымды дүниелер екені бізге жақсы мәлім.

 

Мысалы, оның «Тарих толқынында» деген кітабы кеңес дәуірінде ұмтылып кете жаздаған қазақ тарихын жинастырып, зерделеп, бір жүйеге түсіруге бастамашы болса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақ елін мына өзгермелі заманның көшінен кейін қалмай, сілкініс жасауға, жан-дүниені тазартуға, рухани жағынан жаңғыруға үндейді. Ал «Ұлы Даланың жеті қыры» еңбегі кен өңдеу, металл балқыту, жылқыны қолға үйретіп, оны көлік ретінде пайдалану, атқа ер салу, үзеңгі, жүген, ауыздық сияқты ат әбзелдерін пайдалану және т.б. адамзат өркениетінің көпшілігі Ұлы даланы жайлаған біздің ата-бабаларымыздан басталатынын алғаш рет ашық айтып, текті халықтың ұрпағы екенімізді ұлықтауымен құнды.​

 

Ал, Нұрсұлтан Әбішұлы 7 қазанда «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Абай аманаты»деп аталатын көлемді мақаласында дала данышпаны Абай Құнанбайұлының ұлылығын, оның рухани мұраларының ұрпақ тәрбиелеудегі құндылығын жаңа қырынан танытты. «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды, - деп жазады осы мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы. - Үлкен білімпаз Қ.Жұбанов: «Еуропа руханиятымен салыстыра айтқанда, Абай - өз ортасының Данте сияқты адамы» деді, яғни халықтың дәстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бітімін түбірімен жаңаша түлеткен санаткер. Орыстар үшін - Александр Пушкин, ағылшындар үшін Уильям Шекспир, немістер үшін - Иоганн Гете, америкалықтар үшін - Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да - сондай ұлы тұлға». Елбасының бұл сөздері, шынында да, Абайдың ұлылығын бұрынғыдан да асқақтата түскен сияқты.​

 

Өткен ғасырда 70 жылдан астам Кеңес империясының қоластында тұншығып келген қазақ елінің рухани көсемі - Абай, бағдаршамы - оның даналық сөздері болғаны баршамызға аян. Біз бәріміз де ұлы ақынның өлеңдерін жаттап, қара сөздеріндегі терең ойлармен сусындап өскен ұрпақпыз. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та өзінің бүкіл өміріне Абай өсиеттерін алтын арқау еткенін айтады. Жас Нұрсұлтан дана Абайдың «Талапты ерге нұр жауар» деген қағидасын басшылыққа алып, 1958 жылы орта мектепті бітірген бойда тәуекелге бел байлап, Арқа төріне -Бүкілодақтық екпінді құрылыс - Қазақстан магниткасына аттанады, одан Украинаның Днепродзержинск қаласы... Еңбек жолын осылайша жұмысшыдан бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы талап пен талантының арқасында биіктерге өрлеп, Қазақстан Президенті дәрежесіне дейін көтерілсе - бұл, біріншіден, өз еңбегінің жемісі, екіншіден, оның бойына рух беріп, биіктерге құлшындырған Абайдың қазақ жастарына арнаған өсиет-аманаты болатын.​

 

Дала данышпанының өлеңдері мен қарасөздерінде билік, мемлекеттік құрылыс, ел бірлігі мен ынтымағы туралы даналық ойлар жетіп артылады. «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел», «Единица болмаса, не болады өңкей нөл» деген Абай билік жүйесінің мән-мазмұнын осы бір концептуальдық пайымға сыйғызады.​

 

Ғасырлар бойы бодандықта болған қазақ елінің де, оның бір перзенті Абайдың да мұң шағар, табан тірер астанасының болмауы кезінде үлкен қасірет еді. «Абайдың осы арманының орындалуына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін», - дейді Елбасы.

 

Ұлы Абай туған қасиетті Семей топырағын 40 жыл бойы ядролық сынақтар талқандап, улап келсе, бұл полигонды жабуға пәрмен берген өз еңбегіне ризашылығын білдіреді автор.

 

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»... Абайдың мәңгі жасайтын осы қағидасын жүрегіне терең ұялатқан Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды 30 жыл басқарған уақытында осынау кең байтақ Ұлы Даланы мекендеген жүзден аса ұлт өкілдерін бөлмей-жармай, алаламай бәріне бірдей қарады. Оның бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлі күнге халықтар достығын нығайтуға қызмет етіп келеді. Н.Назарбаев осыдан ширек ғасыр бұрын аталып өтілген Абайдың 150 жылдық мерейтойын еске алады. Сол салтанатты жиында сөйлеген сөзінде ол: «Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынтымақтастыққа да, мәдинеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге мән береміз», - деген екен. Бұл қағида, әрине, Елбасының ешқашан айнымайтын өмірлік ұстанымына айналғаны ақиқат.

 

Елбасы айтқандай, Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол жас ұрпақты оқу оқып, білім алуға, ғылыммен айналысуға шақырды. Өйткені, қай заманда болмасын дүниенің кілті білім мен ғылымда екенін ол жақсы түсінді. Абай аманатын, Абай арманын орындауға еліміз тәуелсіздік алған соң қолымыз толық жетті десем артық айтқандығым емес. Қазір елімізде 8 мыңдай жалпы білім беретін мектеп, 140-тан астам Жоғары оқу орындары, 5 мыңнан аса балалар мекемелері, жүздеген кәсіби мектептер жас ұрпаққа білім беруде. Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасы бойынша өткен 25 жылда 15 мыңнан астам қазақ жастары әлемнің ең таңдаулы университеттерінде оқып, бүгінде халық шаруашылығының әр саласында абыроймен еңбек етуде. 85 жылдан бері ұлы Абай есімін Ар туындай биік ұстап келе жатқан еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті де бүгінде жас ұрпақты Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде оқытып, тәрбиелеу үстінде. Университетімізде «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» кафедрасы жұмыс істейді. Сонымен бірге оқу үдерісіне «Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық келісімінің Қазақстандық моделі» пәніенгізіп, ол барлық курстарда оқытылуда. Қытай, Вьетнам, Түркия, Ресей, Польша мемлекеттерінде Абай орталықтарын ашу арқылы ұлы ойшылдың рухани мұраларын шет елдерде кеңінен танытуға өз үлесімізді қосып отырмыз.

 

Әлемді коронавирус індеті жайлаған қазіргі таңда оның зардабы бірде-бір мемлекетті айналып өтпегені мәлім. Қаншама «тар жол, тайғақ кешулерден», қатерлі өткелдерден, қиын замандардан аман өткен қазақ елі бұл сынды да сүрінбей еңсеретініне сенім білдірген Нұрсұлтан Әбішұлы осы арада тағы да Абай өсиетіне жүгінеді: «Жамандықты кім көрмейді? Үміт үзбек -қайратсыздық. Дүниеде ешнәрсенің баяны жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің?! Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді!?» -деген Абай сөзі дәтке - қуат, «жақсы сөз жарым ырыс». Осылай толғанған Елбасы Абай мұралары біздің күнбе-күнгі тіршілігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы істерімізге бағыт беретінін еске салады. Жалпы, бұл мақала қай жағынан да жүрекке жылы ұялаған құнды еңбек болып отырғаны бізді сүйсіндіреді.

 

Авторы: Такир Балықбаев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор

09.10.2020 ж.

Ақпарат көзі: turkystan.kz

 




Кері оралу