Басқарма төрағасы-ректор |
09.11.2020
Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлы - үш ғасыр куәгері
Құртқа тәуіптің кім болғаны және тарихта белгілі болған істері туралы айтатын болсақ, алдымен бабамыздың халық емшісі, қажы болғанына қосымша қазақ тарихында ең ұзақ өмір сүрген кісі екенін атап кету қажет.
Үш ғасырдың куәгері болған Құртқа тәуіп 136 жыл өмір сүрген және ол туралы Қазақ Совет энциклопедиясында былай деп жазады:
«Құртқа Сұлтанқожаұлы (1770-1906) - Жетісу және көршілес қырғыз еліне аты кең тараған халық емшісі. Ұлы жүз Шапырашты тайпасы Шыбыл руының Байыс деген атасынан. Құртқа араб-парсыша оқыған. Ол - ауыр науқастарды емдеп жазып, күрделі операциялар жасай білген. Түрлі шөптерден дәрі жасаған. Қоқандықтармен соғыста жаралы болғандарды емдеп, операция жасап, сүйектегі оқты алған. Құртқа өте ұзақ жасап, 136 жыл өмір сүрген» (Қазақ Совет энциклопедиясы, 1974 ж. 7-том, 51-бет).
Өз заманында қазақтан аты асып күллі түркі жұртына белгілі болған Құртқа тәуіп бабамыз 1770 жылы туылып, 1906 жылы дүниеден өткен. 136 жыл ғұмыр кешкен әулие атамыз Жетісудың Ұзынағаш қонысын мекен еткен. Тәуіптің зираты да - Ұзынағаш теміржол стансасынан (Қазір Қазыбек бек темір жол бекеті) 25 шақырымдай жерде.
Осы мақаламызда біз Құртқа тәуіп туралы белгілі ақпараттың бірнеше қырын ашуды жөн көрдік.
Алдымен, Құртқа тәуіп туралы ақындар шығармалары мен халық аузындағы мәліметтерді берейік.
Құртқа тәуіп туралы ақиық ақын Сүйінбай Аронұлы жырлаған. Ол қырғыздардың атақты ақыны Арыстанбек Байлашұлымен айтысында:
Шыбыл деген бір елім,
Мынау менің Шыбылым.
Мен сөйлесем шынымен,
Шығар сенің шығының.
Ерегіссең менімен,
Шығар сенің тығының.
Қысы кетсе, жазы бар,
Дүниенің сазы бар.
Шыбылдан шыққан атақты,
Көпке әйгілі Құртқа қажы бар, - деп жырлап, Құртқа тәуіптің тек қазаққа ғана емес, қырғыз еліне де әйгілі екенін атап кеткен. (Сүйінбай Аронұлы. Толық шығармалар жинағы, 1-кітап, Алматы, 2015, 289 бет және Сүйінбай мен Арыстанбек-тің айтысы. Алматы, «Ұлағат» баспасы, 2015 жыл. 49 бет.).
Ал жазушы, Мамытбек Қалдыбаев 1995 жылы шыққан «Бәйдібек баба арманы» кітабында былай жазған:
«...Құртқа, Саурық батыр, Шапыраштының болысы Андас датқа үшеуі Сүйінбай ақынға келіп жолығады. Сонда Сүйекең:
- Бұл қазақтың бас тәуібі Құртқа болар,
Андастың асыл сөзі нұсқа болар.
Адамнан асып туған Саурық батыр,
Қырғыз бенен қазаққа тұтқа болар, - деген екен.
Сонымен бірге ел азаматы, білікті басшы Сәбетбек Еркінбайұлы «Күрті - бақыт мекені» атты кітабында:
«...Жайылған бар қазаққа Құртқа атың,
Халқыңа тиіп еді шапағатың.
Жазатын ауруларды бүкіл елде,
Ғұлама емші болып тарап атың», - деп ақын жырлағандай Құртқа тәуіп - еліне қамқор абыз, әулие көріпкел, қасиетті шипагер болған»,- деп жазады.
Осындай атақты ақындар жырына қосқан Құртқа тәуіп елге халық емшісі, тәуіп ретінде белгілі болған. Бабамызға тәуіптік қасиет өзінің әкесі Сұлтанқожадан дарыған екен. Сұлтанқожа емші ретінде елге танымал болған, ол жас Құртқаны өзіне көмекші ретінде алып жүріп емшіліктің көптеген құпияларына баулып, дәрілік шөптердің қасиеттеріне үйреткен. Жас Құртқаны Орта Азия, араб, парсы елдерінің білім беру ордаларына жіберген. Құртқа Сұлтанқожаұлы сол орталықтарда көптеген жылдар бойы емшіліктің ғылыми негіздерін зерттеп үйренген.
Әбу Ибн Сина мен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы секілді ірі тұлғалардың ізбасары Құртқа тәуіп халықты шөппен немесе халық әдісімен емдеп қана қоймай оташы да болған. Оның себебі Құртқа тәуіп Шығыс медицинасының негіздерімен қатар Петербор медицина институында білім алған.
19-ғасырдың басында Құртқа тәуіптің аты бүкіл өлкеге әйгілі болып, оған емделуге жан-жақтан адамдар келеді. Сондай кісілердің ішінде сол кездегі қазақ жерін игеруге келген адамдар да болып, олар Құртқа тәуіптің емшілік өнерін көреді. Сондай адамдардың ішінде бірнеше татар азаматтар болады, сол азаматтармен тілдесу нәтижесінде Құртқа тәуіп орыс тілін де меңгеріп алады. Сол кісілердің ықпалымен Құртқа тәуіп Петербор Медицина-хирургия академиясында бірнеше айлық курстан өтіп жаңа медициналық әдістерді, соның ішінде оташылықты үйренеді.
Құртқа тәуіп бүкіл өмірі бойында сол ілімдерін халықтың денсаулығын жақсартуға, ауруларды емдеуге бағыттайды. Оның емшілігі жайлы ел аузында жүрген көптеген аңыз-әңгімелердің кейбірін атап кетейік.
Жетісуды билеген Тезек төренің баласы ауырып, Құртқаға қос атпен кіс шаптырыпты. Құртқа тәуіптің төре ауылына бара жатқанын естіп, жақындары келіп:
- Абыз ата, Тезек төренің елге тізесі қатты батып жүр. Алым-салықты үйіп-төгіп, ес жидырмай, ата қонысымызды тартып алды, елді еңіретті. Енді соның есесін қайыратын кез келді. Анау дімкес ауру баласына у бер де қатыра сал. Әр сауалға - бір зауал, - деп жер тепкілеп, тілек тілепті.
Құртқа тәуіп үндемей Алтынемелде отырған төре ордасына аттанады. Ұнтақтап саумалға қосып ішкізген дәрісі шипа болып, бір айға жетпей беті бері қарап, адам болмайды деген бала түрегеп, дін аман жүгіріп кетеді.
Ауылына келгенде, әлгі туыстары қайта келіп:
- Абыз ата, төренің баласы тұрып кетіпті, сіз емдеп, құлантаза жазып жіберіпсіз,-деп тепсінеді.
- Сіздер қызық екенсіздер. Дәрінің бәрі - у болады. Мен берген дәрі у - оған шипа болды. Ал, естеріңізде болсын, мүсәпірді мүсіркеу керек, емдеу - парыз. Қолдан келсе, шипа болар жағдай жасауымыз керек. «Ең басты байлық - денсаулық» демекші: тәні жарымжан пенде - ең бейшара, ең мүсәпір. Ауырған жанды аялауымыз қажет. Қаскүнем қарақтан өледі, қомағай тамақтан өледі, батыр садақтан өледі, бай қадақтан өледі. Абайлап сөйлеп, ойлап іс істеу лазым. Өзін кұткен өрге шығады, өзгеге өлім тілеген елді бұзады. «Ашыққанға қазан астырма, тоңғанға от жақтырма» деген бұрынғы ата-бабаларымыз. Біреуге өлім тілемей, өзімізге өмір тілейік. Жараның азабын жаралы біледі, қазаның азабын қаралы біледі. Ері саудың - елі сау, аурулы елде - күнде дау. Ел-жұртымды аурудан, даудан аман қылсын», - деген екен.
Құртқа тәуіптің бұл сөзі - өсиетнама болып қалың елге тарапты.
- Тәуіптің соңы Құртқа абыз болар. Көзі қарақты, сөзі салмақты, еліне ардақты мұндай шипагер-тәуіп бағымызға туған екен. Қадірін біліп, қасиетін асырайық. Надан кісі сусыз арыққа ұқсайды. Әлсіз денеге - ауру ұялайды. Басы ауырған бақсы-балгерге тоймайды. Ал Құртқа тәуіптей сегіз қырлы, бір сырлы шипагердің болғанына, тәубе! - депті Тезек төре тәуіптің емшілігіне аса разы болып. Содан ел аузында «Тәуіптің соңы Құртқа болды» деген қанатты сөз қалыпты.
Бір аста Жамбыл мінген аты сылти басып келгенін көріп, Құртқа тәуіп:
- Анау ақынның атының бір аяғының жілігі жарылған екен. Енді мінсе, күп боп ісіп, түкке жарамай қалады,-деген соң, тәуіпке емдетіп, қаратқаннан кейін бір айдай бос жіберіп мінгенде құр аттай шауып кетіпті.
Тағы бірде бір байдың жылқылары ауырмай-сырқамай топ-топ етіп жығылып, қырыла бастайды. Бай Құртқа тәуіпті алдыртыпты.
- «Бар кесел мына қара айғырда екен»,- деп әлгі айғырды жыққызып, қара санын ұстарамен тіліп жіберіп, ырсиған етінің ішінен бірдемені салып қайта тігіп тастайды.
- Бұның не? - дегендерге:
- Бұл - «уа», - деген дәрілік шөптің ұнтағы. Ол мына айғырдың кеселін кеседі, құртын құртады. Енді қорықпа, -депті. Шынында да қалған малы дін аман болыпты.
Құртқа бабамыз Абылайхан, Уәлихан, Кенесары ... кезеңінде өмір сүріп, солармен бірге тәуелсіздік күресіне атсалысқан. Қазақ сарбаздарының қалмақтарға қарсы жорықтары мен шайқастарына қатысып, солардың жарақаттарын емдеп, сынған сүйектерін құрастырып, оқтарын иіп алып, кейде шорт кесіп- ампутация және де басқа операциялар жасаған. «Ер қанаты - ат» демекші, сарбаздардың аттарын да емдеген.
Шын мәнінде Құртқа Сұлтанқожаұлы әскери-дала медицинасын, оның ішінде хирургиясын Н.И. Пироговтан әлдеқайда ерте негізін салған. Өкінішке орай ол әлемге тіпті белгісіз, жазба куәліктері жоқ, ол олма, Құртқа туралы жалпы қазақтардың көпшілігі білмейді. Соқыр ішектің қабынуын, домалатпаны (апендицитті), хирургиялық жолмен емдеген.
Пышақыз да операциялар жасаған: қираған сүйектерді, теріні ашпай сыртынан құрастырып, қимылдайтындай етіп таңған: іштегі соққыдан зақымдалған жұмсақ органдарды да сыртынан сылап-сипап емдеген. Тамыр ұстап адамның кеселін анықтаған және емдеу барысын да, солай етіп бақылап отырған.
Бабамыз дененің кез-келген жерін, сыртынан еттерін жұмсартып, қан тамырларын қысып, қансырауды тоқтатуды және жүйке жүйелері арқылы жансыздатуды жетік игерген. Онымен қатар гипнозды да жоғары деңгейде пайдалана білген. Басынан қатты соққы алып, миы шайқалғандарды, қараңғылау бөлек үйге жатқызып, тыныштықпен қамтамасыз етіп, жандарына күтуші қойған. Ауыр жаралылар мен сырқаттардың дәреттерін қадағалаттырып, денелерін аударысытырып, майлатып, ауыздарына су, сұйық тамақ тамыздырып отырған. Әйелдердің бедеулігін де емдеген. Олардың іштерін өзіне белгілі майлармен сылатып, ішкі жыныс мүшелерінің қан айналымын қалпына келтіріп, жабыққан жерлерін ыдыраттырып, сырқаттарын жазған. Оның үстіне ол кісінің жанашырлық шын ықыласы, ел арасында аңызға айналған әулиелігі де әсер етсе керек.
Құртқа тәуіптің халықты емдеудегі әдіс-амалдары мен дәрілік заттарының саны өте көп және әртүрлі болған. Халықтың айтуынша, бабамыз жаза алмайтын кесел болмаған.
Сонымен қатар өте ауыр және қауіпті қылтамақ басқа да, рак, оба (чума), сияқты сырқаттарды да емдеген. Жұқпалы аурулардан сақтану үшін, алдын ала әр түрлі қауіпсіздік шараларын кең пайдаланған, залалсыздандыруды игерген. Мысалы жаңа қонысқа көшіп келгенде алдымен жерді залалсыздандырған, сонан кейін ғана үйлерді тіккен. Күмәнді ауруларды бөлек жатқызған, өзге де шаралар қолданған. Обадан, не басқа жұқпалы аурулардан өлген малдың денелерін тереңірек қып көмдіріп, залалсыздандырған.
Жүзден жасы аса бастағанда бабамызға маржандай тізіліп жұмсақ тіс шығыпты.
Құртқа тәуіпті жаугершілікте арбаға мінгізіп, сарбаздармен бірге алып жүреді екен. Ол шайқастарда жаралы болған сарбаздарды емдеп, қажет болса тікелей ота жасап жүрген. Белгілі профессор-хирург, Қазақстан Республикасы жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, Құртқа тәуіп ұрпағы Тұрар Көкеев «Құртқа тәуіп - Ұлы дала перзенті» атты ғылыми кітап жазып, жарыққа шығарды. Ғалым дәрігер Тұрар Көкеев мұнда Құртқа тәуіп жайлы ұзақ жылдар бойы ізденісі мен зерттеуінің нәтижесінде өз таным, ой қорынтындысын жаңа дерек-дәйектермен әдемі келтіреді. Оның айтуынша, өмір бақи малмен шұғылданатын қазақ халқы малды сойып жайғастыруда шеберліктің шыңына жеткені күмәнсіз, малдың етін жіліктеу, шел-бездерін алып тастау, күрделі қан-тамырларының орналасуын, буындардың, нерв жүйелерінің анатомиясын жете білуде қазақтан асқан маман жоқ. Осы қасиеттердің барлығы соғыста жарақаттанған адамдарды емдеу процесінде зор көмегі болса керек. Ластанған жарақаттарды қайнаған сумен (шүмекті ыдысқа құйып) тазалап жуып, қанын тоқтатып (қан тоқтатудың Құртқа бабамыз неше түрлі әдістерін білген) таза жеңіл матадан байлама салған. Жарақаттанған қолды (аяқты) тапжылмайтын, қимылсыз жағдайда бекітіп ұстайтын халге келтіру керек болған. Сынған сүйектің ығысып кеткен сынықтарын орнына салу үшін, сол жердің жанын кетіру мақсатымен жайлап «сылап» отырып сынған жердіңғ бұлшық еттерін әбден босаңсытып барып сынықтарды (майда сынықшасына дейін) сау қалпындағы жағдайға келтірген. Сүйекте қадалып тұрыпы алған садақ оғын алу үшін, сол жерге келетін жүйке-нервиі жансыздандыру үшін, өмірден алынған бір феномен пайдаланылған: адам қатаңдау жерде ұзақ отырғанда жамбас нерві қысылғаннан аяқ жансызданып қалатыны мәлім; бұл аяққа ине шаншылса да, тіліп, кессе де адам сезбейді. Адамның анатомиясын жақсы біле отырып, оқтың қадалған жеріне келетін нервтің жолында, оның сүйекке жақын жатқан жеріне ұзақ қысым көрсетіп, сол жердің жанын кетіріп, оқты алғанда адам сезбей қалатын болған. Етті тіліп кескенде күрделі қан тамырлары, нерв жүйелері жоқтау жерлерін таңдаған.
Басына қатты соққы алып ес-түсінен айырылғандарды қараңғылау бөлек үйге жатқызып, қасына күзетші отырғызып, мезгіл-мезгіл аузына су тамызып, аударып арқасын сылап, кіші дәретін бақылап, тыныштықты қамтамасыз етуді қажет қылған.
Медициналық оқу орнын бітіргеннен кейін, Құртқа тәуіп халыққа көмек көрсететін медициналық жасақ дайындайды. Ол соғыс кезінде қолына ақ жалау ұстап жүрген екен. Ақ жалау ұстап алғандарға екі жақ та оқ атпайды деп келісіп алған. Сөйтіп, жүріп өз жағының да, жау жағының да сарбаздарына көмек көрсеткен. Атамыз 300-ге жуық шөптен дәрі жасай білген.
Айта берсек, ол кісінің халыққа жасаған емінде есеп жоқ деуге болады. Ол тек емші ғана болған жоқ, сондай-ақ абыз, ел арасына сөзі өтетін би дәрежесіне де көтерілді. Құртқа тәуіптің еңбегі көрші қырғыз еліне де көп тиді. Әрине, біз әлі атамыздың табиғи жолмен емдеу тәсілдерін толық аша алған жоқпыз. Оны зерттеп, зерделеу дәрігерлердің басты мақсатына айналуы керек.
Құртқа тәуіп шөппен емдеген, түрлі шөптерді жинап дәрі жасаған. Жібек жолымен ары-бері өтетін керуендерге аманаттап мына шеті Қытай, мына шеті Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ресей өңірінен үнемі түйіншек-түйіншек дәрі-дәрмек алдырып отырған. Гиппократ дәрінің 200 түрін, үнді тәбибтері 800 түрін пайдаланған болса, Ибн Сина дәуірінде 2600 түрлі дәрі қолданылылып, оның жартысынан көбі өсімдіктерден алынған. Құртқа тәуіп осы дәрілерді және оны жасау жолдарын меңгерген, оны сақтау мен пайдалануды үнемі үйретіп отырған. Түрлі ауру-кеселдерді емдейтін шипалық дәрілерді де өзі жасаған. Сонымен қатар тәуіп түрлі жан-жануардың да адамға шипалық емін білген, адамдарға пайдаланған (мысалы, жыланның ағзасы, жабайы аңдардың түрлі ағзалары (өт, шек-қарын, өкпе-бауыр дегендей, оларды қайнатып сорпасын ішкізген т.с.с.).
Құртқа тәуіптің тағы бір ерекшелігі - ұзақ өмір сүргені, үш ғасырды көрген абыз ата 136 жас жасаған. Адамзат тарихында көптеген ұзақ өмір сүрген адамдар туралы ақпараттар бар.
1.Ең ұзақ өмір сүруші ретінде қытайлық Ли Цзиньюнды атайды. Ол 1677 жылдан 1933 жылға дейін, яғни 256 жыл өмір сүрді деген ақпарат бар. Ол Сычуань тауында өмір сүріп, өмірінде дәрілік шөптерді жинап ұзақ өмір сүру құпияларын меңгерген. Өмірінің ұзақтығының құпиясы туралы былай деген екен: «Жүректеріңді тыныш ұстаңдар, тасбақаға ұқсап отырыңдар, көгершін секілді ширақ жүріңдер және ит секілді сергек ұйықтаңдар». Бұл кісі туралы ғалымдар ол дүниеде болмаған, ол тек қанам ұзақ өмір сүретін адамдар туралы жинақ-бейне ретінде ойланып шығарылған дейді. 2. Қытай философы Лао Цзы 200 жыл өмір сүрген. Әрине бұл кісілер туралы ақпаратты аңыз секілді түсінсек, келесі жандар туралы нақты ақпараттар бар. 3. Ағылшын Фолиа Парр (1483-1635) 152 жыл өмір сүрген, өмір бойы ауыр жұмыстар істеген, өмірінің соңғы жылдары ғана патша сарайының жанында болған. 4. Әзірбайжан елінде Ширали Муслимов деген кісі 1805-1973 жылдары 168 жыл өмір сүрген. Ол өмір бойы тауда өсіп, қой баққан. 5. Француз Жанна Кальман 122 жыл өмір сүріп, 1997 жылы дүниеден өктен. Ол өмірінің соңғы жылдарына дейін белсенді қимыл жасап, спортпен айналысқан.
Атақты Жамбыл Жабаевтың тек жүзге келгені ғана емес, өмірінің соңғы күніне дейін шығармашылықпен табысты айналысқаны барлығымызға мәлім.
Осы мысалдарға қарап, Құртқа тәуіптің осындай ұзақ өмір сүргенінің себептерін де зерттейік. Ол кісінің ұзақ өмір сүруі ең алдымен белсенді қимыл жасауы және емшіліктің өзі білген құпияларын өз ағзасына пайдалана білгені деп айтуға болады. Құртқа тәуіп өмірінің соңына дейін емшілік жасап жүрген. Өзін-өзі емдеп, өзіне-өзі тәжірибе жасап, оны жұртқа үлгі етіп айтып отырған. Құртқа тәуіптің жасы 112 келгенде аяғында гангрена пайда болады, соны өз бетінше емдеп, содан жасанды ағаш аяқ салып, қайта жүріп кеткен.
Құртқа тәуіп тек сынықшы, емші ғана емес, елге қамқор болған қайраткер адам. Жаугершілік заманда шашырап кеткен туыстарын жинастырып, басын қосуға қамқорлық жасаған. Аталас туыстары оны «Ел иесі - Құртқа» деп атаған. Ел иесі атану екінің біріне бұйырмайтын қасиет екені айқын.
Құртқа бабамыз көптен ерекше бөлініп көзге түсетін кісі болса керек. Өзі ұзын бойлы, сұңғақ денелі, ат жақты, қаба сақалды, өткір көзқарасты, қыр мұрынды, кең маңдайлы, жылы шырайлы келген. Басындағы сәлдесін молдалардікіндей жалпайтып емес, қазақтың бөркіне ұқсастырып орап киеді екен. Ол кісіні көрген адам бірден сол кісінің ауанына толық беріліп, гипнозды жағдайға түскендей болып қалады екен.
Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлы - еліне қамқор абыз, әулие. Сондықтан да халықтың ыстық ықыласынан болар, осында біраз жыл бұрын Көксай ауылында Құртқа тәуіп атындағы мешіт салынды. Бейіті басына алғаш белгі қойған ұрпақтары болатын. Кейін бейіт аумағын кеңейтіп қоршатып, темірден күмбез орнаттырды.
Құртқа тәуіпке байланысты аңыз әңгімелердің дені бабамаздың бүкіл саналы ғұмыры ізгілікке негізделгенін баяндайды. Жүз отыз алты жыл өмір сүрген әулие айналасана жақсылықтың нұрын шашқан, небір ауруларды емдеп жазған, шипалы дәрігерлерді пайдаланып, емшіліктің құпия сырларын ашқан. Сондықтан да болар, оған құдайдан бұйырған қасиетті мойындаған ел «Құртқа тәуіп - жұртқа тәуіп» деген сөз қалдырған.
Биыл Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлының туғанына 250 жыл толып отыр. Осыған байланысты 13 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақ ұлттық медицина университетімен және Құртқа тәуіп атындағы академиямен бірлесе отырып, үлкен ғылыми практикалық конференция өткізгелі отырмыз. Конференцияда көптеген ғылыми баяндамалар жасалып, Құртқа тәуіптің халық медицинасын дамытуға сіңірген еңбегін жан-жақты ашып көрсететін болады.
Авторы: Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор 09.11.2020 ж. Ақпарат көзі: mezet.kz
Кері оралу |
050010, Қазақстан Республикасы
|
Кеңсе: 291-48-74, 291-37-23 (факс)
Қабылдау комиссиясы: 8(727)291-57-68
Call-орталығы: 8 (727) 221 85 14
Психологиялық қызмет секторы: 8 700 976 89 97
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау
|
«Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы Кірушілер статистикасы
|