қазақша · русский · english
 
 
 
04.10.2019

Мұғалім - қоғамның алтын қоры

 


 

Мұғалімдер күні ұстаздардың ғана емес, көпшілік қауымның да ортақ мерекесі. Өйткені мұғалімнің алдын көрмеген, дәрісін тыңдамаған, ұлағатты өсиетімен сусындамаған адам кемде-кем. Сондықтан әрбір азамат анасына қалай борыштар болса, ұстазына да сондай қарыздар.

 

Ұстаз жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп қана қоймай, өмірден өз орнын табуына, тұлға болып қалыптасуына, парасатты азамат болып өсулеріне бағыт береді, ықпал етеді. Адамзат баласының бойына барлық жақсылықты дарытатын құдіретті күш - ұстаз десек, оны ардақтамайтын адам жоқтың қасы. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені жақсы мұғалім - мектептің жүрегі» десе, хакім Абай: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға, ұстаздық еткен жа­лықпас үйретуден балаға» деген екен.

 

Елбасы 2018 жылғы қазанда жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру» Жол­да­уында «Келесі жылы «Педагог мәр­тебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабыл­дау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұ­ға­лімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игі­лік­ті қа­рас­тырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тек­серістер мен міндеттен тыс функ­ция­лар­дан арашалауға тиіс», деген болатын. Міне, биыл Парламент Мәжі­лі­сінің қа­ра­уына ұсынылған жаңа заң жоба­сының бастауында Елбасының тұрға­нын және оның мұғалімдерге деген қамқорлығын осыдан-ақ байқаймыз. Сөз орайы келгенде «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасының алғашқы нұсқасын универ­си­тетіміздің ұстаз-ғалымдары дайын­да­ға­нын атап өткенім артық болмас.

 

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен мұға­лім­дердің тамыз конференциясында: «Ұлт­тық құндылыққа қанығып өскен өрен­нің танымы терең, ділі берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуел­сіздігіміздің туын әрқашан биік ұста­уы тиіс... Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», деген еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінде IT мен биотехнология сала­сын­дағы революциялар адамзат өмірін тез өзгертіп жатқандықтан, білім беру жүйе­сі жаңа өмірге жедел бейімделуі қажет­ті­гін баса айтқан болатын. Әлемдегі жетек­ші мектептер балалардың креативті әлеуе­тін дамытумен айналысады, цифрлы технологиялар мен нақты ғылымдарға үйре­те­ді. Бұл - ең алдымен мұғалімдердің білік­тілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәсе­ле­лер.

 

Президент Қ.Тоқаевтың қыркүйек айын­дағы «Сындарлы қоғамдық диалог - Қа­зақ­станның тұрақтылығы мен өркен­де­уінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да білім саласына арнайы тоқталды. Мұнда да ол білім сапасын жақсарту, оқушыларға қабілеттеріне қарай кәсіби бағыт-бағдар беру, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою, ауылдағы педагог кадр­лардың тапшылығына байланысты «Дип­лом­мен - ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейту, дарынды балаларға қолдау көрсету, педагогтардың біліктілігі мен мәрт­­е­бесін көтеру сияқты көкейкесті мәсе­ле­лерге тоқталды. Міне, осының өзі-ақ мем­лекетіміздің мұғалімдерге деген зор қам­қорлығының нақты көрінісі.

 

Елімізде 1928 жылы ашылған тұңғыш университет алғашқы күннен бастап мұғалім даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді. Атақты ҚазПИ-де ең алдымен педагогика факультеті құрылып, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих мұғалімдері даярлана бастаса, келе-келе факультеттер мен мамандықтар көбейіп, оқу орны нағыз мұға­лім дайындаудың ұстаханасына ай­нал­ды. Алғашқы жылдары Ораз Жан­до­сов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов сияқты ұлт қайраткерлері дәріс оқыған қарашаңырақ 90 жылда Қазақстан мектептері үшін 170 мыңнан астам мұғалім, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары үшін көптеген ғылыми кадр даярлап, еліміздегі педа­го­­гикалық жоғары оқу орындарының көш­бас­шысына айналды.

 

Бір ғасырға жуық уақытта уни­вер­си­тетімізді бітірген түлектеріміздің іші­нен белгілі мемлекет және қоғам қай­рат­керлері де, жазушылар мен ақындар да, ғалымдар да, атақты мұғалімдер де көп шықты. Алайда біздің сала бойынша атақ-абыройы бүкіл елімізге жайылған Со­циалистік Еңбек Ері, ұстаз Құдыс Әбсеметов, Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев, «Құрмет» орденінің иегері, дарынды математик Өтеш Мәжитті ерекше мақтан етеміз.

 

Университетіміз еліміздегі педа­го­гика­лық жоғары оқу орындарының көш­бас­шысы саналады. Біз әлемдегі QS World University Ranking-2020 рейтингісінде 561-орын, ал еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары арасында 1-орын алып отырғанымыз - осы сөзіміздің дәлелі. Ең бастысы, жаңа ғасырға, жаңа заманға лайық жаңа мұғалім дайындаумен айналысамыз. Бүгінгі таңда университетте атқа­рылып жатқан жұмыстың бәрі осы мақ­сатпен тікелей байланысты.

 

Жаңа заманның жаңа мұғалімдерін даярлауда білім бағдарламаларын жа­ңар­­тып отырудың маңызы зор. Уни­вер­­ситетте бакалавриаттың, ма­гистра­ту­раның және PhD док­то­ран­ту­раның 295 инновациялық білім бағ­дар­ла­масы жүзеге асырылуда. Оның ішінде Major+minor бойынша 82 бағдарлама әзірленді. Бұл еліміздегі ша­ғын жинақты мектептер үшін ­­мұ­­ға­лімдер дайындауға бағытталған. Мысалы, химия бағытында оқитын студенттер қосымша биология мамандығын алып шығады.

 

Болашақ сапалы педагогтар даяр­лау­да оқу-әдістемелік жұмыстың ма­ңы­зы зор. Орта мектептерге арнал­ған оқулықтар мен оқу құралдары жаңар­тыл­ған білім мазмұны бойынша да­йындалуда. Өткен оқу жылында ғана осындай 243 оқулық пен оқу құралдарын шығардық.

 

«Педагогикалық өлшем», «Адап­­та­ция­ланған инклюзивті білім беру орта­лы­ғын құру», «Community Service», «Білім берудегі менеджмент» та­қы­рып­тарында жаңа оқу курсы бағ­дар­ла­­малары енгізілді. «Информатика», «Физика», «Химия», «Биология», «Химия-био­ло­гия», «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу», «Физика-информатика» пән­дерін ағылшын тілінде оқытатын мұ­ға­лімдер даярлауды жолға қойып отырмыз. STEM-білім беру, GLIL технологиясы бойынша тіл мен пәнді шоғырландырып оқыту, сабақ берудің интерактивті технологиясы, SMART-мақсат қою әдістемесі, коллаборативті ортада диалогты оқыту жөнінде білім беру технологиясының жаңа әдіс­те­ме­ле­рі енгізілді.

 

Студенттердің зерттеушілік, кон­­­с­­трук­­тор­лық, техникалық-шы­ғар­­­­машылық, робо­ттехника мен мехатроникалық жұ­мыс­тармен айна­лы­суына мүмкіндік ту­ғы­зу мақсатымен ашы­лып отырған STEM-паркіміз де уақыт талабынан туындап отырған қажет­тілік. Бүгінде STEM-паркте студент­те­ріміз мехатроника мен өлшеуіш жүйе­­лері, нысандарды компьютерлік модел­­деу, 3D-баспасы, механикалық жүйелерді бағалау бойынша электронды тех­нологияларды кеңінен игеруде.

 

Біз жаңа сападағы педагогтар дайындау үшін университеттегі педа­гогикалық білім беруді үнемі жетіл­ді­ріп, жаңартып отыруымыз керек. Жаңалық өмірге бірден ене салмайды. Оны енгізу және игеру үшін алдымен теориялық мәселелері әбден зерттеліп, талданып, дәлелденуі қажет. Осы мақсатпен ұйымдастырған «Педагогикалық профильдегі білім беру бағ­дарламаларындағы жаңар­тылған орта білім мазмұнын интеграциялау», «Өз­гер­мелі әлем жағ­дайын­дағы білім беру ұйымдарын басқару», «Педагогикалық жо­ғары оқу орындарындағы білім беруді жаңарту» тақырыптары бойынша өткізіл­ген семинарларымыз бен дөңгелек үстел­де­ріміз өз жемісін беруде. «Білім беру альянсы» консорциумын құрудағы мақ­са­тымыз да осы педагогикалық білімді модер­низациялауға өз үлесімізді қосу бола­тын.

 

Оқу орны қызметінде халықаралық ынтымақтастық маңызды орын алады. Бүгінгі таңда Абай атындағы университет 11 халықаралық ұйымдарға, ассоциацияларға мүше. Әлемнің 32 мемлекетіндегі шетелдік университеттермен бірлескен жұмыстар бойынша 160 келісімшарт бойынша жұмыс істеп отырмыз.

 

Магистратураның 11 қосдипломды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде Францияның Сорбонна-Париж-Ситэ, ИНАЛКО, Париж Дидро-7 университеті, Пуатье университеті, Экс-Марсель университеті, Польшаның Слупск қаласындағы Помор академиясы, Мәскеудің қалалық педагогикалық университеті бар.

 

Біз әлемдік және отандық рейтин­гі­лер­де лайықты орнымызды алып отырсақ, бұл білімді де білікті педагогтар даярлау үшін тер төгіп жүрген университет ұстаздарының ерен еңбегінің жемісі.

 

 

Авторы: Такир Балықбаев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

04.10.2019 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz

 




Кері оралу