қазақша · русский · english
 
 
 
11.12.2019

Студенттер мемлекет қамқорлығына риза

 


 

2019 жыл елімізде «Жастар жылы» болып жарияланғаны белгілі. 23 қаңтарда Астанада Жастар жылының ашылуына арналған форумға қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстан жастарының алдында тұрған міндеттер, олардың ғылым, білім, мәдениет пен руханият салаларындағы, бизнестегі тың бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау туралы тұжырымды ойларымен бөлісті.

 

«Біз бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы дала төсінде әлем мойындаған мемлекет құрдық. Есілдің жағасында еңселі елордамыз ­- Астананы тұрғызып, тарихта бұрын-соңды болмаған зор жетістікке қол жеткіздік. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың бәрі Егемен еліміздің болашағы ­- сіздер үшін жасалып отыр», ­- деген Елбасы Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты форумда жас отбасыларын баспанамен, жұмыспен қамтуға, ғылым-білім, бизнес және өнер салаларында жүрген қыздар мен жігіттерді қолдауға, жастардың білім алуына, әлеуметтік жағдайын түзеуге, оларды отбасылық өмірге бейімдеуге бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылатынын айтып, жас буынның өмірге деген құлшынысын арттыра түсті.

 

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен форумды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері тікелей эфир арқылы көріп, еліміздің Тұңғыш Президентінің жүргізіп отырған жастар саясатына бірауыздан қолдау білдірген еді. Келесі күні біз биік тау шатқалындағы «Медеу» мұз айдынында 700-ден астам студенттің қатысуымен Жастар жылына арналған флеш-моб өткіздік. Елбасының жастарға деген қамқорлығын қанағат сезіммен қарсы алған студенттер қауымы «Алға, Қазақстан!», «Алға, Қазақстан жастары!» деген ұранмен асқақ үн қатып, мұз үстін мереке-думанға айналдырды. Олар Жастар жылын ән-жырмен, шырайлы билермен және мұз бетінде жаппай сырғанап өнер көрсетумен бастады.

 

Жастар жылында студенттер мен жас ұстаздардың қоғамдық-саяси, рухани құндылықтарын дамыту, дүниетанымын кеңейту, ұлттық рухын көтеру мақсатында атқарылған іс-шараларымыз да жеткілікті. Оның ішінде «Менің пірім - Сүйінбай», «Құлмамбеттің құлыны» тақырыптары бойынша жыр алыбы Жамбылға, өмірден ерте озған дарынды ақын Оразалы Досбосыновқа арнап өткізілген студент-ақындар айтысы жастардың есінде ұзақ сақталады. Университетімізде студент-ақындардың талабын шыңдау үшін Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығын ашуымыздың өзі өнегелі іс болды деп ойлаймын. «Менің Қазақстаным» патриоттық әндер байқауын, «Мен елімді жырлаймын!» жас ақындардың поэтикалық онлайн байқауын, «Ұлы Жібек жолымен» тарихи-танымдық саяхатын, «Ұлы дала жастары: қоғам, білім, болашақ» пікір-сайыс турнирін, «Абай руханияты» халықаралық жастар фестивалін өткізгендегі мақсатымыз да жастарды рухани жағынан дамыту болатын. Бұл арада ашық дәрістер, дөңгелек үстелдер, танымдық кештер өткізудің де маңызы зор екенін жақсы білеміз. Қалай дегенде де, Жастар жылына арналған барлық игілікті істеріміз студенттеріміздің рухани кемелденуіне, тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізді деп сенеміз.

 

«Студенттік ректорат» клубы студенттердің өзін-өзі басқару қабілетін дамытуға қызмет етсе, «ЖасStar» музыка студиясы оларды музыкалық мәдениетке, өнерге баулиды және университет көркемөнерпаздарының шеберлігін шыңдайды. Жастар жылында өмірге келген «Саналы ұрпақ» клубы білім алушыларды сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке, адал өмір сүріп, білім алуға, қызмет істеуге баулиды. Келешек ұрпақ сыбайлас жемқорлық деген кесепатты білмей өсуге тиіс, тіпті осы бір термин қоғамнан ғана емес, сөздік қорымыздан да мүлде жойылуы керек. Сол үшін «Саналы ұрпақ» клубы университетте жемқорлықсыз адал орта қалыптастыруды мақсат тұтып отыр. Бізде осы жылы ашылған «Ізгілік Елшісі» орталығына да кілең студент-жастар топтасқан. Жастардан құралған еріктілер тобы Алматы қаласында тұратын тұрмысы төмен және мүгедек балалары бар отбасыларына, қараушысы жоқ қарттарға көмектесуде. Қаладағы мұндай отбасылардың тізімі алынған, қазір еріктілеріміз олармен тікелей араласып, жұмыс істеуде. Тек қыркүйек, қараша айларында ғана ерікті студенттеріміз осындай 38 отбасына көмек жасады. Күннен-күнге бұл жұмыстың өресі кеңейіп келеді. Осы арқылы болашақ мамандарды адамгершілікке, қайырымдылыққа және ізгілікке тәрбиелеуге батыл қадам жасалуда. «Студенттердің адалдық кодексін» қабылдау арқылы жастарымызды адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу, оларды заң бұзушылықтан сақтандыруға қол жеткізудеміз.

 

2019 жылдың 10 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында «Жастар жылының» жабылуына байланысты жиын өткізіліп, онда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл ішінде жастармен атқарылған жұмыстарды қорытындылады. «Мемлекетіміздің келешегі - өздеріңіз! Бүгінгі жастар - еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға жасалған қамқорлықтарға тоқталды. Биылғы жылы мемлекет тарапынан жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылданды, 5 мың азамат мемлекеттен грант алып жас кәсіпкер атанды. Жастар саясаты түбегейлі жаңа сипатқа ие болып отыр. Жас қыздар мен жігіттерді оқыту мен тәрбиелеуде, білім саласын дамытуда айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысы осы кездесуінде студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура мен докторантурада оқитын студенттердің степендиясын 25 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылданды. Колледж студенттеріне де осындай жағдайлар жасалады, деді Президент. Міне, бұл жаңалықты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері зор қуанышпен, қанағаттанғандық сезіммен қарсы алып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс сезімдерін білдіруде. Осыған орай, олар бұдан былай мемлекет қамқорлығына жауап ретінде жақсы оқуға ынталы екендерін айтуда. Сондай-ақ, біздің студенттеріміз алдағы Волонтерлер жылына да белсене атсалысатындарына сенім білдірді.

 

 

Авторы: Такир Балықбаев,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

11.12.2019 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz

 

 




Кері оралу