Негізгі бет
Жаңалықтар
01.06.2023 «Тұрақты даму үшін инновациялық білім беру» семинары
2023 жылғы 31 мамырда Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтында «География мұғалімдерін даярлау мен қайта даярлауда тұрақты даму мақсаттарын іске асыру» жобасы аясында «Тұрақты даму үшін инновациялық білім беру» тақырыбында семинар өтті. Семинарды Лихай университетінің (Lehigh University) (Бетлехем қаласы, Пенсильвания, АҚШ) Креативті зерттеулер жөніндегі вице-провосты профессор Ханджан Мехта өткізді.
Семинар барысында профессор Ханджан Мехта заманауи жаһандық мәселелер, оларды шешу жолдары жайлы айтып өтті, сонымен қатар, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған өзі бастаған жобаларымен таныстырды. Профессор білім беру түсінігін басқаша қарастыру қажеттілігіне назар аударды, пәнаралық ыңғайдың маңыздылығын атап өтті. «География мұғалімдерін даярлау мен қайта даярлауда тұрақты даму мақсаттарын іске асыру» жобасына ерекше назар аударылды. Профессор бұл жобаның Қазақстандағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін маңыздылығын жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол оқытушылар мен зерттеушілерді Орталық Азиядағы зерттеу әлеуетін арттыруға бағытталған «Орталық Азия зерттеушілерінің желілері» атты бастамаға қатысуға шақырды.
Семинар соңында қатысушылар профессормен білім беру саласындағы тұрақты даму мәселелерін талқылады, түрлі елдердің мысалдарын қарастырды және болашақта бірлескен ынтымақтастық мүмкіндігін талқылады.
|