Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
27.09.2023 Абай университетінде академик Тоқмұхамед Садықовтың 85 жылдығына арналған конференция өтті
Конференцияда тарих ғылымы саласындағы зерттеудің өзекті тақырыптары талқыланып, заманауи зерттеу бағыттарына шолу жасалды. Абай университетінің Тарих және құқық институтында «Жаңа заман университеттері - даму стратегиясы және жаңғырту тәжірибесі» тақырыбында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың 85 жыл толуына арналған «VI Садықов оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті.
Конференцияның салтанатты ашылуында «Қазіргі заманғы әділ қоғам мүшелерін тәрбиелеуде тарихтың күрделі кезеңдерінде өз Отанының ісіне адалдығын дәлелдеген адамдарға деген қажеттілік бұрынғыдан да артып келеді. Тоқмұхамед Садықов сондай адам еді. Оның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына арнаған өмірі, өз кәсібіне адалдығы мен ұлттық тәрбиеге қосқан орасан зор үлесі бәрімізге, ең алдымен ұстаздар мен ғалымдарға үлгі. Ал оның ғылыми мұрасы байыпты зерттеуді қажет етеді», - деп сөз сөйледі ректор Болат Тілеп.
Конференция барысында Қазақстан, Түркия, Израиль, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдері ғалымдарының қатысуымен «Қазіргі жаһандық әлемнің сын-қатерлері контекстіндегі тарихи білім және ақпараттық технологиялар»; «Әлеуметтік-экономикалық процестерді модельдеу Жаңа Қазақстан өзекті саяси міндеті ретінде»; «Экономика және құқық: қазіргі жағдайы және даму перспективалары»; «ҚР ҰҒА Академигі Т.С. Садықов халықаралық бағыттағы мамандарды даярлаудағы сіңірген еңбегі» тақырыптарында секция жұмыстары ұйымдастырылды.
Конференцияда тарих ғылымы саласындағы зерттеудің өзекті тақырыптары талқыланып, заманауи зерттеу бағыттарына шолу жасалды. Т.С. Садықовтың ғылыми мұралары жас зерттеушілер мен студенттер арасында насихатталып, қатысушылар арасындағы пікірталастар мен диалогтар конференцияның маңызды бөлігі болды.
27.09.2023ж. Ақпарат көзі: turkystan.kz |