қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
03.11.2023

Талай тұлғаны қанат қақтырған

 



Өзбек еліндегі оқу ордасының қазақ бөлімі құрылғанына 70 жыл толды.

 

Бір шаңырақ астында

 

Өзбекстан - 130-дан астам ұлт өкілін бір ту астында біріктіріп отырған Ор­та­лық Азия­­дағы ірі мемлекет. Бұл елде 1 мил­­лион­нан астам қазақ ұлтының өкілдері де өзге ұлт өзге халықтармен тату-тәтті, ын­ты­мақта өмір сүріп жатыр.


Бүгінде білім қазақ тілінде жүргізілетін 360-тан астам мектепте жас ұрпақ өз ана ті­­­­лінде білім алады. Мектепте оқытылатын бар­­лық пәннен ана тіліндегі оқулықтар, әдіс­темелік және көмекші құралдар ұлттық бағ­дарлама негізінде «Yangi O‘zbekiston», «Sharq», «Tashkent» баспаларында қайта жа­рық көрген. Білім беру жүйесіндегі жетіс­тік­тер мен ана тілінен сауаттылығын анықтау мақ­сатында республика деңгейінде пән олим­пиадаларын өткізу жолға қойылған, жүлделі орын алған оқушылар жоғары оқу оры­ндарына емтихансыз грант негізінде қа­былданады.


Орта мектепті қазақ тілінде бітірушілер жо­ғары оқу орындарына кіру үшін тест сұ­рақ­тарын ана тілінде тапсыруға мүмкіндік беріл­ген. Бүгінде жоғары оқу орындарында қа­зақ тілі мен әдебиеті, бастауыш білім, мек­теп­ке дейінгі білім мамандығы бойынша Ни­зами атындағы Ташкент мемлекеттік пе­да­гогика университеті, Шыршық мем­ле­кет­тік педагогика университеті, Гүлстан мем­лекеттік университеті, Науаи мемле­кет­тік педагогика институты, Нүкіс мемлекеттік педагогика институты, Бердақ атындағы Қарақалапақ мемлекеттік университеттерін­де жалпы орта білім беретін мектептер үшін ин­телектуалды, жоғары деңгейлі білікті ма­мандар даярлау жолға қойылған.


Мемлекет тарапынан қазақ тілі мен әде­биеті мамандығы үшін - 60, бастауыш ма­ман­дығы үшін - 40, мектепке дейінгі білім ма­мандығы үшін - 20 грант бөлінген. Сту­дент­тердің білім алуы үшін жоғары оқу орын­дарын ақпарат ресурс орталықтары ба­за­сы соңғы жылдарда жарық көрген қазақ тілін­дегі ғылыми-теориялық оқулықтар, оқу құ­рал­дары, көркем әдебиеттер және элек­т­рон­ды әдебиеттермен қамтамасыз етілген.

 

Бөлімде білім бергендер

 

Өзбек еліндегі жоғары оқу орындарының ішінде педагогика саласының тірегі болған жо­ғары оқу орындарының бірі - Низами атын­дағы Ташкент мемлекеттік педагогика уни­верситетінің (ТМПУ) орны бөлек. Себебі мұн­да қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі бар, оның ашылғанына биыл 70 жыл толып отыр. Сондықтан осы атаулы датаны өз дәре­же­сін­де тойлауға қазір қызу дайындық жүріп жа­тыр.


Низами атындағы Ташкент мемле­кет­тік пе­дагогика институтының та­рих-филология фа­культеті құрамында қазақ тілі мен әде­бие­ті маманын даярлайтын бө­лім 1953 жылы ашыл­ды. Осы шешімнің і­­ске асуының басы-қа­сында және өзі тікелей қол­ғабыс жасаған аза­мат сол кездегі Орта­лық комитет құра­мын­­дағы мектептер бөлі­мі­нің қазақ, қа­ра­қал­пақ мектептері бойын­ша нұсқаушысы мін­детін атқарған Төлеген Ай­даров еді. Ол ин­с­титуттағы қазақ тілі жә­не әдебиеті бө­лі­мінің ашылуы туралы бы­лай деп еске тү­сіре­ді:


«Орталық комитетке түрлі мазмұндағы хат­тар, ұсыныстар түсіп жатады. Оқу-ағарту са­ласына қатыстылары да баршылық еді. Со­лардың ішінде қазақ, тәжік мектептерінде тіл мен әдебиет мұғалімдерінің жетіспейтіні де жазылған екен. Қазақ мектептеріне қа­тыс­тыларын бастықтар маған тапсырды. Ма­териалдармен танысып, дұрыстығына кө­зім жетіп, мазмұнын мақұлдайтын дерек­тер­ді жинап, реттеп бердім. Көп өтпей бюро­да қаралып, қазақ, тәжік тілдерінде жоғары білім беретін бөлімдерді ашу мәселесі оқу ми­нистрлігіне және Ташкент, Самарқан қа­лаларындағы оқу бөлімдеріне жүктелді. Мен оқу министрлігінің сол кездегі орын­ба­сары Ағзам Бабажанов және Низами атын­да­ғы педагогика институтының ректоры Ж.Аб­дуллаевпен хабарластым. Олар мұны мақұлдады да, аталмыш оқу орнынан 1953 жы­лы тіл, әдебиет және тарих пәндері ма­ман­­дарын даярлайтын қазақ бөлімі ашыл­ды».


Бөлімге алғашқы ұстаз болып Ниетолла Ба­зарбаев шақырылды. Кейінгі жылдары бө­лімде әдебиеттану бойынша Мақаш Бек­бергенов ұстаздық етті. Содан соң Қазақ мем­лекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) до­центтері тілші Әлмәмбет Төлеуов пен әде­биетші Құрманбет Тұрғынбаев жұмысқа ша­қырылды. Сонымен бірге, сол тұста орта мек­тепте ұстаздық етіп жүрген Мекемтас Мыр­захметов пен Тұрап Айдаров оқы­ту­шы­лық қызметке қабылданды. Әр кезде Жол­дасбек Бұғыбаев, Барат Ерменов, Тансықбай Жол­дасовтар сабақ өтті.


Кейін ТМПУ-ды үздік бітірген студент­тер­ден іріктеліп, оқытушылыққа Ә.Иса­баев, С.Арысбекова, М.Оразов, Қ.Саттаров, Қ.Сейданов, Т.Қалдыбаевтар қызметке қа­был­­данды. Жоғарыдағы ұстаздар олардың пе­да­гогикалық-әдістемелік, ғылыми-тео­риялық бі­лімдерінің жетілуіне мән беріп, ба­ғыт сіл­теп, қамқорлық көрсетіп, ғылыми жұ­­­мыс­тарына жетекшілік етті.

 

Жетпісінші жылдары М.Бекбергенов, Н.Ба­зарбаев, сондай-ақ бөліміміздің әр кез­дегі түлектері Ә.Исабаев, Қ.Сейданов, М.Ора­зов, Қ.Саттаров, Т.Қалдыбаевтар ғылым кан­ди­дат­тары мен докторлары атанып, бө­лім­нің дең­гейін жоғарылатты.

 

Біздің мақтаныштарымыз

 

Бөлімді бітірген шәкірттер арасынан та­лай даңқты қаламгерлер шықты, соның бірегейі - қазақ поэзиясында үлкен орны бар талантты ақын Төлеген Айбергенов (1937-1967) болатын. Ол 1959 жылы осы оқу ор­нын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, туған жері - Қа­рақал­пақстанның Қоңырат ауданында мұ­ғалім, қазіргі Түркістан облысының Са­рыа­ғаш қа­ла­сында кешкі мектептің дирек­то­ры бо­лып жұмыс істеп, өмірінің бірнеше жылын ұстаз­дыққа арнады. Кейін әдебиетке ара­ласып, тамаша жыр кітаптарын шығарды. Сол кезде жастарға арналған атақты сый­лық­тың (Қазақстан Ленин комсомолы сый­лығының) лауреаты болды. Қазір ол қазақ елі­нің ғана емес, осында туып, осында жо­ғары білім алғандықтан өзбек елінің де мақ­танышына айналған тұлға.


Қазақ тілі және әдебиеті бөлімінен шық­қан тағы бір ақын, бірнеше айтыстардың жүл­дегері, балалар әдебиетінің жанашыры Ме­кембай Омаров (1949-2021) еді. Ол көп­те­ген кітап шығарып, осындағы қазақ әде­бие­тінің өркендеуіне атсалысты, сонымен бірге «Достық туы», «Нұрлы жол» газеттерінде жұ­мыс істеп, өзбек еліндегі қазақ баспасөзін да­мытуға еңбек сіңірді. «Махаббат», «Ата­ме­кен», «Таудай бол», «Төрткүл дүние», «Күн күл­­кісі», «Ай астындағы айналайындар», «Ақыл қайрағы» атты т.б. жыр жи­нақ­тары­ның, «Ең тәтті алмалар» деп аталған әңгіме­лер мен хикаяттар жинағын шығарды. Өз­бек­стандағы қазақ мектептерінің бастауыш сы­ныптарына арнап «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі», «Оқу кітабы» секілді оқулықтар жаз­ған болатын.


Бөлімді бітірген тағы көрнекті қалам­гер - Өзбекстан Республикасына ең­бегі сіңген мәдениет қайраткері Қалдыбек Сейданов. Ол 1964 жылы Низами атындағы пе­­­дагогикалық институтының (қазіргі ТМПИ) тарих-филология факультетінің қа­зақ бөлімін бітірген соң, Өзбекстан Рес­пуб­ли­касы Ғылым академиясына қарасты А.Пуш­кин (бүгінгі таңдағы Әлішер Науаи) атын­дағы Тіл және әдебиет институтының Әде­биеттер байланысы бөліміне жұмысқа тұр­ды. Сол жерде аға лаборанттан бастап, аға ғылыми қызметкер дәрежесіне дейін кө­терілді. Кейін ол өзі оқыған бөлімге келіп, «Қа­зақ филологиясы» кафедрасының мең­геру­шісі болып жеті жыл, доценті болып бес жыл қызмет атқарды. Ол қазақ-өзбек ха­лық­тары­ның достығы, әдеби-мәдени бай­ла­ныс­тары жайлы «Өзбекстан» баспасында «Туыс­қандар», ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай және Орта Азия», Әлішер Науаидың 580 жылдығына орай «Науаи және қазақ әде­биеті» монографияларын жарыққа шы­ғар­ды. «Тоғысқан тағдырлар», «Сүйме­ген­ге, сүй­кенбе» атты романдарымен бірге «Тағ­дыр» повесін, «Махаббат машақаты», «Ана арманы», «Жылы-жылы сөйлесең», «Ақ қыз», «Керемет келін», «Ерте үзілген гүл», «Өмірде не бол­майды», «Жалқау бала» «Күй құдіреті», «Келін» сияқты т.б. 20-дан астам әңгімесін жа­рыққа шығарды. Республикалық «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы болды. Қазір құр­метті демалыста.


БӨЛІМНІҢ БҮГІНГІ ӨМІРІ


Бүгінде кафедрада ғылыми-педагоги­ка­лық кадрлар даярлау жұмыстары жол­ға қойылған. Қазір кафедра құрамы кеңей­ген. Кафедра меңгерушісі, п.ғ.д., про­фес­сор Е.Абдувалитов, доценттер Қ.Сейданов, Д.Дүйсебаева, Н.Абдувалитов және аға оқы­ту­шылар Б.Сайфуллаев, Б.Юсупов студент­тер­ге сапалы білім беріп, олардың мықты ма­ман болуы үшін барын салып жатыр.


Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының соң­ғы жылдарды жемісті жылдар болды деу­ге болады. Өйткені 2017 жылы «Өзбек тілі жә­не әдебиеті» кафедрасының құрамынан шы­ғып, «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасы бо­лып қайта құрылды.


2018 жылы 13 наурызда Өзбекстан Рес­пуб­ликасы президентінің «Ұлы қазақ ақыны жә­не ағартушысы Абай Құнанбаев шығар­ма­шылығын кең үйрену және насихаттау ту­ралы» ПҚ-3598-санды қаулысы жарық көр­ді. Қаулы негізінде Низами атындағы Таш­кент мемлекеттік педагогика универ­си­те­тінде «Абай және өзбек әдебиеті» атты тұ­рақ­ты экспозиция құрылды.


2020 жылы қазақ тілі және әдебиеті оқы­ты­ла­тын жоғары оқу орындары үшін жоғары бі­лікті мамандарды даярлау мақсатымен қа­зақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша ма­гистратура мамандығы ашылды. Бүгінгі күн­де қазақ тілі және әдебиеті мамандығын б­ітіргендер мақсатты докторантурада, еркін із­денушілер ретінде ғылыми жұмыстармен шұ­ғылдануда.


Кафедра республикамыздың барлық жо­ғары оқу орындарымен тығыз байланыс ор­натып, үздіксіз қамқорлық жасап оты­ра­ды. Халықаралық деңгейде әлемнің топ-1000 университеттерінің қатарына енген Л.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қа­зақстан университеттерімен байланыс ор­натқан.


Халықаралық байланыстардан басты мақ­сат қазақ тілі және әдебиетін оқытудың са­пасы мен тиімділігін арттыру. Осы мақсат­пен бакалавр және магистратура студенттері­не білім беруде жоғарыда аталған универ­си­т­еттердің профессор-оқытушыларын жұ­мыл­дырылған. Мәселен, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті про­фес­со­ры, ф.ғ.д. Н.Мыңбаев, Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінің про­фессоры, ф.ғ.д. А.Таңжарықова, Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті про­фессорлары Р.Тұрысбек және Г.Сағидолла сын­ды білікті мамандар оқу процесіне мол үле­сін қосуда.


Бөлімнің профессор-оқытушылары «Қа­зақ тілінің структуралық мәселелері және оны оқытудың әдістемесі», «Қазақ әдебие­ті­нің туысқан халықтар әдебиетімен бай­ла­ны­сы және оны оқытудың әдістемесі» бағы­тында ғылыми ізденістер жүргізеді. Сондай-ақ кафедра өзекті және ғылыми ізденістер жүр­гізу мәселесінде де назардан тыс қалма­ған. Мысалы, 2020 жылы қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығына орай «Абай шығармашылығы мен ғылыми мұрасын үйрену мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. 2021 жылы қазақ халқының тұңғыш педагогі, ағар­тушы, ақын Ыбырай Алтынсариннің ту­ғанына 180 жыл толуына орай «Алтынса­рин шығармашылығы мен ғылыми мұрасын үйрену мәселелері» тақырыбында республи­ка­лық ғылыми-практикалық конференция ұйым­дастырылды. 2022 жылы алаш көсемі, ұстаз, ақын, аудармашы Ахмет Байтұр­сы­нұлы­­ның 150 жылдық мерейтойына арна­л­ған «Ахмет Байтұрсынов: тіл және әдебиет мә­селелері» тақырыбында халықаралық ғы­­лы­ми-практикалық конференция ұйым­дас­тырылды.


Өзбек еліндегі іргелі оқу орындарының бірі Низами атындағы Ташкент мемлекетттік педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті факультеті қазақ балаларына ана тілінде білім беріп, олардың ел үшін еңбек ететін мықты маман болуына әрдайым салмақты үлесін қоса беретін болады.

 

 

Авторы: Ергеш АБДУВАЛИТОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ташкент қаласы

03.11.2023 ж.

Ақпарат көзі: turkystan.kz