қазақша · русский · english
 
 
 
13.11.2025

Жуырда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 2025 жылдың 13-14 қараша күндері ЕҚЫҰ-ның (ОБСЕ) БАҚ Бостандығы жөніндегі Өкілінің (RFoM) ұйымдастыруымен 25-ші Орталық Азиялық БАҚ конференциясы өтті. «ИнтерКонтиненталь Ташкент» қонақүйінде өткен бұл іс-шара "Ақпараттанған және төзімді қоғам үшін медианың өміршеңдігін жүзеге асыру" тақырыбына арналды. Конференция Орталық Азия мен Моңғолиядан келген 150-ден астам сарапшылар мен медиа өкілдерін, журналистерді жинады.

 Конференцияның екінші күні, 14 қарашада, "Бал залында" өткен "Аудиторияны тарту: медиасауат – жалған ақпаратқа қарсы күресте алдыңғы шепте" атты 4-ші сессияда Қазақстандық ғалымдар тобының маңызды зерттеу нәтижелері ұсынылды.

Бұл сессияда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Тарих және Құқық факультеті Гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры Гүлмира Сұлтанбаева спикер ретінде қатысты.

Профессор Гүлмира Сұлтанбаева жетекшілігімен орыдалған ғалымдар тобы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық жобасы аясында орындалған "AP19679909 Қазақстандағы жалған ақпарат пен дезинформация индикаторларын анықтауға арналған цифрлы сауат саласында ақпараттық ресурс әзірлеу" жұмысының қолданбалы нәтижелері бойынша баяндама жасады.

Жобаның негізгі өнімі – "RasInfo" мобильдік қосымшасы, ол жалған ақпаратқа қарсы тұруға арналған жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі алғашқы отандық бірегей ресурс болып табылады.

"RasInfo" ресурсы цифрлық сауаттылықты арттыру мен жалған ақпаратты тексеру (фактчекинг) құралдарын біріктіреді.  Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді және ЖИ негізіндегі AI-Derek қосымшасын, оқыту модульдарын және фактчекинг кейстерін талдауды қамтиды. Жоба нәтижелері Қазақстан Республикасының Цифрлық трансформация жөніндегі стратегиялық міндеттерімен толықтай үндеседі. Зерттеу барысында ЖИ-ді ұлттық датасеттерге және қазақ тіліне бейімдеудегі қиындықтар аталып өтілді. Ұсыныс ретінде ғылыми және технологиялық дамуды және оны білім беруге интеграциялауды басымдық ету қажеттілігі көрсетілді.

Профессор Гүлмира Сұлтанбаеваның баяндамасы бұл ресурстың Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға және қоғамның сыншыл ойлау қабілетін дамытуға қосатын үлесін көрсетті. ЕҚЫҰ алаңында Қазақстан ғалымдарының жалған ақпаратқа қарсы күреске қосқан   үлесі халықаралық деңгейде таныстырылды. 


  alt=

 

  alt=




Кері оралу