қазақша · русский · english
 
 
 
06.01.2026

Болашаққа қадам тарих тағылымын пайымдаумен нығаяды

 

«Turkistan» газетінің 2026 жылғы алғашқы басылымында жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» тақырыбындағы сұқбатында мемлекет басшысы қоғамды толғандыратын және әлеуметтік желілерде де жиі талқыланатын бірқатар өзекті мәсселелерге Өзінің  көзқарасын ашық айтты. «Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс» екендігіне, тарихқа объективті көзқарастың маңыздылығына назар аударды. Болашаққа ұмтылған қоғам үшін — ғылыми негізделген, ұжымдық сананы қалыптастыратын, тағылымы мол тарих қажет. Ұлттық сананың қалыптасуы үшін өткенімізді тануға ғана емес, оны шынайы қалпында қабылдауға жауаптымыз. Тарихты тану — өзін танудың, ал өзін тану — болашақты саналы түрде құрудың алғышарты.

 

Ұлттық сананы әлсірететін ақиқаттан ажыраған, негізсіз аңыздар мен қолдан жасалған дақпырттар тарихи тәжірибені пайымдаудың орнына, эмоциялық иллюзиялар тудырып, шындық пен жалғанның ара-жігін ажырата алмауға соқтырады.  Ұлттың рухани иммунитетін әлсіретіп, оның болашаққа деген сенімін көмескілендіреді. Тарих— ұлтты ортақ жауапкершілікке, өзара түсіністікке және ішкі тұтастыққа бастайтын құндылық.

 

Ақиқатқа негізделген тарихи жады ғана қоғамды бірегейлендіріп, әртүрлі көзқарастарды ортақ дүниетанымдық кеңістікке тоғыстыра алады. Мұндай жады өткенді мадақтау немесе жоққа шығару үшін емес, одан тағылым алып, қазіргі болмысты сын көзбен бағалау үшін қажет.

Өткеннің тәжірибесіне жүгінудің бір үлгісі Абай сияқты ұлтпен тағдырлас тұлғалардың ғибратынан тәлім алу екендігін мемлекет басшысы арнайы атап өтті. Абайдың ғибраты өз кемшіліктерімізді мойындауға, тарихи қателіктерден сабақ алуға үйретеді. Өткенді дұрыс түсінген қоғам ғана болашаққа сеніммен қадам басып, тарихи тәжірибені даму мен жаңғырудың тірегіне айналдыра алады.

 

✍️ Аманжол МЕЙІРМАНОВ, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Абай атындағы ҚазҰПУ - нің аға оқытушысы

 

  alt=




Кері оралу