Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
12.12.2023 Профессор атындағы дәрісхана
Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбайқызының туғанына 95 жыл толуына орай «Қазақ тіл білімі және оқыту әдістемесі: дәстүр және болашағы» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтіп, профессордың атында дәрісхана ашылды. Іс-шара Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.
1989-1997 жылдары Абай атындағы университеттің проректоры және қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, білім саласының дамуы жолында айрықша еңбек еткен профессор Нұржамал Оралбайқызы саналы ғұмырын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, Шамғали Сарыбаев сынды ғалым еңбектерін зерттеу ісіне арнады. Университеттегі Докторлық диссертация кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Ғалымның жетекшілігімен 70-ке жуық ғылым докторы мен кандидаттар даярланды. «Профессор Нұржамал Оралбайқызының қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне арнаған зерттеулері тіл білімі ғылымында айрықша рөлге ие. Сондықтан ғалымның шығармашылығы, әдістемедегі өзіндік орны туралы докторлық, магистрлік диссертациялар қорғалуы керек», деді академик Кәрімбек Құрманәлиев. Бүгінде профессордың тіл білімі мен білім беру саласындағы жетістіктері тіл ғылымының ажырамас бөлігіне, осы саладағы зерттеулердің өзегіне айналды.
Ғалымның қаламынан туған 300-ден астам ғылыми мақала, 20-дан астам оқулық пен монография сала мамандары үшін іргелі зерттеулерге жол ашты. Профессор өткен ғасырдың 1988 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасамы» монографиясын қазақ тіл білімінің бір саласы ретінде сөзжасамның ғылыми-теориялық негіздеріне арнаса, 1989 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бір топ ғалыммен бірлесіп жазған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияда қазақ тілі сөзжасамының теориялық негізіне мән берілді. Бұған дейін сөзжасам мәселелері морфологияда сөз таптарының құрамында туынды зат есім, туынды сын есім, оларды жасаушы жұрнақтар аясында сипаттама түрінде ғана айтылып келген болатын. Сөзжасамның тіл білімінің басқа салаларымен байланысы, оның заңдылықтары мен ерекшеліктерін дәлелдеген бұл еңбекте қазақ тілінде бұрын-соңды зерттелмеген бірқатар мәселе көтерілген еді. Сонымен бірге Нұржамал Оралбайқызының қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми-теориялық негіздемесін жасаудағы еңбегі айрықша. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде мамандар даярлау, оқу бағдарламасын әзірлеу, яғни мамандықтың нормативтік базасын қалыптастыру жолында көп еңбек еткен ғалым осы бағытта оқулықтар, оқу құралдары, жас мамандарға бағыт беретін ғылыми мақалаларын, әдістемелік нұсқаулықтарын жариялады. Бүгінде осы еңбектерінің барлығы да қазақ тілін дамытуда айрықша рөлге ие.
Жиын барысында ғалымдар көрнекті тіл жанашырының тіл білімі ғылымын дамытудағы зерттеулеріне тоқталып, оны әрі қарай зерделеу ісіне қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
12.12.2023 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |