Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
27.12.2023 Абай университетінде ғылыммен, шығармашылықпен айналысамын деген жастарға барлық жағдай жасалған
Ыбырай Алтынсарин айтады, «оқыту процесінде қалай болса солай оқытпай - ғылым, білім беру жүйесі сақталғанда ғана озамыз». Бүгін, аталған екі саланы қатар дамытып, тың ізденістер арқылы жаhандық жаңалықтар ашуға ұмтылып жүрген жас ғалымдар туралы айтамыз. Абай атындағы ҚазҰПУ-да ел өркендеуі үшін аянбай атсалысып жүрген жас ғалымдар көп. Біз, Жаратылыстану және география институтында болып, шәкірт тәрбиелеумен қатар, инновациялық жаңалықтарды ойлап тауып, отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген мамандармен және білім беру бойынша жасалып жатқан жұмыстармен, институттағы жетістіктермен танысып қайттық.
Ғылым білімге қонады. Абай университетінде ғылыммен, шығармашылықпен айналысамын дейтін жастарға барлық жағдай қарастырылған. Талантты, жас ғалымдардың кәсіби біліктілігін арттырып, ғылыми зерттеулерін одан әрі жалғастырамын, өз жобамды әлемнің ең үздік, рейтингісі жоғары басылымдарында жариялаймын деген мамандар үшін постдокторантура бағдарламасы іске қосылған. Осы бағдарлама бойынша биыл институттың 5 постдокторанты зерттеулер жүргізіп, ғылыми жобаларға жетекшілік еткен. Ал, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын 10 жобаның 9-ы жас ғалымдардың бастамасымен іске асып отыр. Аталаған жобалар еліміздегі ғылым саласының дамуы үшін аса өзекті мақсаттарға қол жеткізуді көздейді. Солардың ішіндегі бірнеше жобаға тоқталып өтсек.
PhD, География және экология кафедрасының меңгерушісі Думан Алиасқаров жетекшілік ететін ЖТН AP14870750 «Жамбыл облысының шағын қалаларын тұрақты дамытудың тиімді үлгілерінің концептуалды негізін жасау» (2022-2024 жж.) тақырыбындағы жоба еліміз үшін өзекті болып саналатын шағын қалалардың болашақта даму үлгілерін географиялық тұрғыда негіздеп беруге арналған. Яғни, еліміздегі табиғи ресурстарды өңдеуге және өндіруге негізделіп құрылған қалалардың экономикасына әртүрлі факторлар әсер етті. Мысалы, табиғи ресурстарға сұраныстың азаюы, қаржы-экономикалық дағдарыс сынды күрделі мәселелер нәтижесінде 60-қа жуық шағын қалалардың басым көпшілігі күрт құлдырап, депрессиялық өңірге айналған. Бұлардың қатарында Жаңатас, Қаратау, Шу сынды шағын қалалар бар. Жоба аясында шағын және моноқалаларды дамыту мәселесі негізге алынып, қазіргі заманғы құрал-жабдықтардың көмегімен зерттеулер жүргізілген және жергілікті тұрғындармен әлеуметтік сауалнама негізінде ғылыми нәтижелер алынған. Негізгі идея - тұрақты даму тұжырымдамасын негізінде шетелдік және отандық шағын қалаларды дамыту тәжірибелеріне салыстырмалы талдау жасай отырып, Жамбыл облысындағы шағын қалаларды әлеуметтік жаңғырту, экономикасын әртараптандыру және қошаған ортасының «жасыл» демуын қамтамасыз етудің тұжырымдамалық негіздемесін жасау арқылы олардың постиндустриялық даму бағыттары мен сценарийлерін анықтау.
Бұдан бөлек, PhD, биология кафедрасының меңгерушісі Әсия Майматаева ЖТН AR14872059 «PISA зерттеулеріне сәйкес оқушылардың функционалдық жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын қалыптастырудың әдіснамалық негіздері» (2022-2024 жж.), PhD Нұржанат Шакирова ЖТН AP14871476 «География мұғалімдерін даярау мен қайта даярлауда тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру» (2022-2024 жж.), PhD, жас ғалым Нұрбол Усенов ЖТН AP13067931 «Жаңартылған мазмұндағы географияны оқытуда сандық геоақпараттық технологияларды қолданудың әдістемелік негіздерін жасау (жоғары сыныптардың мысалында)», PhD, химия кафедрасының аға оқытушысы Ырысгүл Бақыткәрім AP19676917 «Электрохиялық әдістерді қолдана отырып, пестициттерді жылдам анықтайтын сенсорлар жасау» (2023-2025 жж.), PhD, қауымдастырылған профессор м.а. Айнұр Сейілхан ЖТН AP19178093 «Қазақстандық жоғары оқу орындарына жасыл университет концепциясын енгізудің механизмдерін зерттеу» (2023-2025 жж.), аға оқытушы, магистр Альбина Бейкитова ЖТН AP19178093 «Қазақстандық жоғары оқу орындарына жасыл университет концепциясын енгізудің механизмдерін зерттеу» (2023-2025 жж.) жобаларына жетекшілік етіп, институттың ғылыми әлеуетінің дамуына атсалысып отыр. Ғылыми жобалардың әрқайсысы өз алдына маңыздылығымен ерекшеленеді.
Жаратылыстану және география институты тек өз мамандары мен студенттерінің ғана емес, елдегі, әлемдегі ғылымға қызығушылығы басым жастардың да бастамасын үнемі қолдап, дамытуға қаражат бөліп отырады. Мысалы, жастар ғылымын дамытудағы оң бастамының бірі - әртүрлі деңгейдегі (халықаралық, республикалық, қалалық) дәстүрлі ғылыми форумдарды ұйымдастыруы. «Жастардың халықаралық ғылыми форумы» биыл екінші рет өткізіліп отыр. Оған Қазақстан, Жапония, Үндістан, Түркия, Монғолия, Индонезия, Ресей, Өзбекстан сынды елдердің жас ғалымдары қатысып, өз зерттеулерінің нәтижесімен бөліскен. Институт әр екі жыл сайын жаратылыстану пәндері бойынша студенттердің халықаралық олимпидасын өткізеді. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келіп, бақ сынасатын сайыс 2024 жылы үшінші рет өткізілгелі отыр. Дәстүр осылай қалыптасады. Мұндай ғылыми басқосулар жастарымыздың ғылымға деген қызығушылықтарының артуына және халықаралық деңгейде баяндама жасап, пікірталастарға қатысып үйренуіне мүмкіндік береді, - дейді институт директоры, география ғылымдарының докторы, профессор Күләш Дүйсенбайқызы.
Абай университеті Қазақстанның өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатыр. Бағдарламаға аталған институттың білім алушылары да белсенді қатысады, жыл сайын Еуропа мен Азия елдерінің университеттеріне 10-нан аса студент оқуға жіберіледі. Атап айтсақ, осы оқу жылының бірінші семестрінде Түркияның ЖОО-на 4, Вильнюс университетіне (VilNius University, Литва) 4 студент, Адам Мицкевич атындағы университетке (Поьша) 4 студент академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша жіберілген. Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетімен орнаған ынтымақтастық нәтижесінде екі ЖОО студенттерімен алмасып, бағдарлама өз талаптарына сай жүзеге асуда.
География, биология және химия мамандықтарының 116 магистанты Стамбул университетінде (Түркия) халықаралық ғылыми тағылымдамадан өткен. Сондай-ақ, институт докторанттарын Түркия, Ресей, Польша, Германия университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өткізу жоспарлануда.
Қазіргі жаһандану жағдайында білім мен ғылым, технологиялар бойынша әлемдік озық тәжірибемен алмасу - бәсекеге қабілеттілікті арттырудың бір кепілі. Осы орайда, институт кафедралары ҚР БҒМ жүйесінің жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу мекемелерімен, ТМД елдері және алыс шетелдердің (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, РФ, Украина, Беларусь, Литва, Польша, ҚХР, Түркия және т.б.) университеттермен тығыз байланыс орнатқан. Биылғы жылы институттың 3 оқытушысы «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ, Италия мен Түркия университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келіп, өз тәжірибесімен бөлісуде. Институттың жоғары ғылыми-әдістемелік әлеуетінің арқасында көршілес Өзбекстандағы Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті, Қоқанд мемлекеттік педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамын бірнеше рет ғылыми тағылымдамадан өткізіп, біліктіліктерін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Институт ғалымдары Жапонияның Окаяма университетінде, Өзбекстанның бірқатар университеттерінің студенттері үшін дәрістер өткізгенін атап айтуға болады. Ғылыми ынтымақтастық шеңберінде де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы тұрғыда бір ғылыми ынтымақтастық туралы айтуға болады. Тұрақты дамудың бір мақсаты «Климат өзгерістерімен күрес» деп аталады. Институт Окаяма университетінің (Жапония) тұрақты даму бағытында білім беруді ілгерілету орталығымен бірлесіп, «Promoting Teacher Education for Climate Change Education through Collaboration between Asian Centres of Excellence on Education for Sustainable Development» («Тұрақты даму мүддесі үшін азиялық білім беру саласындағы озық тәжірибе орталықтары арасындағы ынтымақтастық арқылы климаттың өзгеруі мәселелері бойынша педагогикалық білімге жәрдемдесу») тақырыбында (2021-2024 жж.) халықаралық жоба орындауда. Бұл жобаға институт ғалымдарымен бірге, Қытай, Үндістан, Индонезия, Жапония, Малайзия, Моңғолия, Филиппин және Таиланд сияқты Азия елдерінің 16 университетінің ғалымдары қатысуда.
Институт пен Окаяма университетінің Тұрақты даму бағытында білім беруді ілгерілету орталығы арасында Меморандумға қол қойылған, осының негізінде ғылыми тағылымдамадан өту, бірлескен семинарлар өткізу және докторанттарымыздың шетелдік ғылыми кеңесшілері ретінде жапондық профессорларды таңдауға мүмкіндік туды. Қазіргі кезде университеттердің QS әлемдік рейтингісінде 50-ші орын алатын Фудань университетімен (Қытай) ғылыми ынтымақтастық орнату бағытында жұмыс жүргізілуде. Оның алғашқы нәтижесінің бірі - докторанттарға әйгілі университет профессорларының ғылыми жетекшісі болуға келісімін беруі.
Жаратылыстану және география институтының тарихы ұзақ мерзімді қамтиды. Биология және химия бағытында мамандар даярлау 1928 жылы басталса, география саласында мектеп мұғалімдерін даярлау 1933 жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келеді. Елімізде тұңғыш рет туризм мен экология саласындағы мамандарды даярлауды да академик Ә.С. Бейсенованың бастамасымен дәл осы институт ұжымы жүзеге асырған болатын. Ұзақ жылдар бойы Жаратылыстану-география факультеті деп аталғанмен, 2014 жылдан бастап Жаратылыстану және география институты болып қайта құрылды. Жаратылыстану-география факультетін елімізге және әлемге танымал ғылым және білім беру ісінің белгілі қайраткерлері бітірген, олардың ішінде академиктер Ә.С.Бейсенова, А.И.Сембаев, И.В.Северский, Б.А.Бірімжанов, Л.К.Клышов, А.Б.Бекенов, Р.Е.Елешов, Е.А.Мәмбетқазиев, М.К.Кукенов, «Кеңес Одағының Батыры» К.Хамзин, «Халық қаһарманы» М.Таипов бар.
Институттың 22 білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өткен. Ұлттық рейтингтерде институттың білім беру бағдарламалары алдыңғы орындарда тұр. Білім бағдарламаларын қазіргі заман талаптарына сай икемдеу, инновациялық бағдарламаларды даярлау да күн тәртібінен түспейді. Мысалы, п.ғ.к., профессор Ш.Ш. Карбаеваның Дүниежүзілік банк жобасы аясында Финляндиялық әріптестерімен бірлесе даярлаған география пәні мұғалімдерін даярлау бағдарламасы осы оқу жылында пилоттық режимде оқу үдерісіне енгізілді. Қазіргі кезде белсенді түрде заманауи материалдық-техникалық жабдықтау, академиялық ұтқырлықты дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаратылыстану бағытында маман даярлаудың өз ерекшеліктері бар, яғни теориялық білім заманауи зертханаларда, далалық және өндірістік практикалар барысында алатын практикалық дағдылармен толықтырылуы қажет. Осы мақсатта білім алушылардың практикаларын ұйымдастыруға өте көп көңіл бөлініп отыр. Оқу, зерттеу практикаларының базалары ретінде ғылыми-зерттеу мекемелерімен, «Қазгидромет», Ботаникалық бақ, экологиялық ұйымдар мен ұлттық саябақтармен ынтымақтастық дамуда. Университет ректоры Б.А.Тілептің қолдауымен агробиологиялық кешенді іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі кезде Жаратылыстану және география институты еліміздегі жаратылыстану пәндерінің мұғалімдерін ғана емес, химия, биология және іргелес ғылымдар, география мен экология бойынша ғылыми бағыттағы мамандарды да даярлауда. Бұл институттың жоғары ғылыми-педагогикалық әлеуетінің және материалдық-техникалық жабдықталуының жыл сайын артып келе жатқанының арқасында мүмкін болып отыр. Институтта химия, биология бағытында 14 оқу зертханасы, сонымен қатар географиялық ақпараттық жүйелер (ГАЖ) және экология зертханалары бар. Мысалы, 2023 жылдың өзінде институттағы зертханалар мен дәрісханаларды жабдықтауға тікелей университет бюджетінен 70 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған екен. Кафедраларды материалдық-техникалық жабдықтау бюджет есебінен ғана емес, институтта орындалып жатқан гранттық жобалар есебінен де жүзеге асырылуда. Мысалы, географиялық зерттеулерде далалық мониторинг, өлшеу, сандық картографиялауға қажет құрал-жабдықтарымен қатар, дрон да қолданылуда.
Жалпы алғанда, Жаратылыстану және география институты өзінің дамуында кемел жасқа келгенімен, қазіргі заманғы білім мен ғылым технологияларын қолдану арқылы ұдайы жаңаруды, дамуды бастан кешіруде. Институттың профессор-оқытушылар құрамы жыл сайын талантты жас оқытушылармен, ғалымдармен толығып жатыр.
ЖГИ-де студенттерге заманауи білім берумен бірге жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде институттың білім бағдарламаларын таңдап, оқуға түсетін жастардың 90 пайыздан астамы мемлекеттік грант иегерлері, олардың арасында орта мектепті үздік аттестат немесе «Алтын белгімен» бітірген, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстар мен олимпидалардың жүлдегерлері көптеп саналады. Осындай талантты білім алушыларды жан-жақты тұлға ретінде дамыту университетіміздің Даму бағдарламасында басшылыққа алынған ұлы Абайдың «Толық адам» тұжырымына сәйкес жүзеге асырылуда.
Жаратылыстану және география институтында студенттердің жан-жақты дамуы үшін студенттік өзін-өзі басқару орталығы және арнайы студенттік клубтар жұмыс жасайды. «Qoldau» студенттік өзін-өзі басқару ұйымы - институттың белсенді студенттерінен құралған орталық. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымы «Qoldau Documentation», «Qoldau Project», «Qoldau Media» деп аталатын үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіп, ұйым мүшелері қоғамға қызмет ететін болашақ көшбасшылар ретінде танылуда. Қазіргі жастарда креативті ойлау, тиімді әрекет ету жақсы дамыған. «Qoldau» ұйымы студенттермен жұмысты үйлестіру арқылы институтты басқаруға өзіндік үлесін қосуда.
Сонымен қатар, институт қабырғасында білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін 6 студенттік клуб жұмыс істейді: «Student mass media» SMM клубы, «SPARKLE SCIENCE of chemistry» студенттік ғылыми зерттеу клубы, «Сырласу Live» клубы, «Алаш» дебат клубы, «Chesster» шахмат клубы, «Аяла» экологиялық клубы.
Күләш Дүйсенбайқызының аййтуынша, әр клуб өз алдына қойған мақсаттары бойынша жұмыс жүргізеді, клубтарға тіркелуші студентер саны көп, клуб мүшелері әртүрлі жобаларға қатысады, тұлғалармен кездесу ұйымдастырады, экологиялық сенбіліктер өткізеді. Институтта студенттердің заман талабына сай жан-жақты дамыған маман иесі болып шығуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Білім алушылар институттың әлеуметтік желілердегі парақшаларын өздері жүргізеді, мұнда жалпы институт өмірінің барлық қырлары көрініс табуда.
Қазіргі таңда Жаратылыстану және география институтында 27 білім беру бағдарламалары бойынша жоғары білікті мамандар даярланады және оқытудың барлық формасы бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 3000-нан астам студенттер мен магистранттар, докторанттар білім алуда. «Химия», «Биология» және «География және экология» кафедраларында 141 оқытушы қызмет атқарады, олардың арасында 16 ғылым докторы, 53 ғылым кандидаты және 16 PhD, 6 «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері, жалпы білім беретін мектептерге арналған география, жаратылыстану, химия және биология пәндері оқулықтарының авторлары бар. Соңғы жылдары тәжірибе мен ғылымға негізделген білім беру қағидасын ұстана отырып, ғылыми-зерттеу мекемелері мен жалпы білім беретін мектептерден практик-оқытушыларды қос қызметтілік негізде жұмысқа қабылдадық. Институт ұжымы еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарымен, ЖОО-мен және жалпы білім беретін мектептермен, Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептерімен тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Абай айтқандай, «Адамның адамшылығы - ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Оқу ордасының қаншалықты жұмыс жасап жатқандығын, білім алушының кәсіби салада, ғылымда, спортта, өнер-білімде жетіп жүргенінен байқауға болады. Өйткені, студент - университеттің айнасы. Жыл сайын институтта дәстүрлі түрде студенттер мен магистранттардың ғылыми конференциясы өтеді. Ғылымға қызығушылығы бар жастардың шығармашылығын дамытуда ғылыми-зерттеу бағытындағы клубтардың да өзіндік рөлі бар. Мысалы, Химия кафедрасындағы «Sparkle science of chemistry» студенттік ғылыми-зерттеу клубы «Химия әлемі» тақырыбында студенттік конференцияны ұйымдастыруда.
Институтта жастарды ғылымға тарту бағытында жүргізіліп жатқан осындай жұмыстар өз нәтижелерін беруде. Биылғы жылдың өзінде 50-ден астам білім алушылар әртүрлі елдерде өткен 6 халықаралық олимпиада мен конкурстарда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де өткен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық байқауларында, республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды жеңіп алған. Олардың арасында Жекен Ақжол, Айдарбай Асылан, Айжарық Ақберен, Джаббарова Эмилия, Чайка Ксения, Гельдт Виктория, Гильманова Аида сияқты студенттер бар. 2 курс магистранты Скендирова Мәншүк Серікқызы «Алматы ұстазы» байқауына қатысып, қала бойынша биология пәнінен ең үздік 10 ұстаздың тізіміне енді.
Спорт бағытында да жетістікке жетіп жүрген студенттер жетерлік, солардың ішінде ерекше атап өтетіндері 2 курс студенті Пернебаев Ерасыл тоғызқұмалақтан жасөспірімдер, жастар, ерлер арасында ҚР чемпионы, спорт шебері, осы жылы XII студенттер арасындағы жазғы универсиада чемпионы атанды. 1 курс студенті Ринатов Санжар Алматы облысы бойынша «Стенд ату» Гран-При жарысында 1-орынға ие болды.
ЖГИ білімгерлері қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. 3 курс студенті Тұрдалы Нұргүл Алматы қаласы, Медеу ауданы бойынша жастар ісі жөніндегі орталықта төраға орынбасары, қалалық деңгейдегі көптеген іс-шараларды ұйымдастырушы болса, 2 курс студенті Ибадулла Дариға Алматы қаласы Аманат партиясының «Жастар рухы» ұйымына институтымыздан жауапты көшбасшы болып тағайындалған. 2 курс магистранты Есенбекова Қаракөз қалалық дебат ойындарының және магистранттар арасындағы ғылыми конференциялардың жеңімпазы атанған. 2 курс биология мамандығының студенті Жұмагерева Аяжан өзінің өнерімен Талдықорған қаласында өткен үлкен жобалардың бірі «Жетісу Аруы-2023» байқауының жеңімпазы атанып, «Қазақстан Аруы-2023» байқауында финалға дейін жетті.
Сонымен қатар, жыл сайын университет деңгейінде тұрақты түрде өтетін «Студенттік апталық» байқауларында алдыңғы орындарды иеленіп жүр. ЖГИ студенттері бірнеше жыл қатарынан «Ең үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымы» номинациясының иеленушілері болып келеді. Жалпы алғанда, Жаратылыстану және география институтының білім мен ғылымға ұмтылатын талантты, белсенді жастары қазірдің өзінде жан-жақты тұлға ретінде қалыптасып жатыр деп сеніммен айтуға болады.
27.12.2023 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz |