қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
29.08.2023

Өз пайдаңды емес, ел пайдасын ойла

 

Әйгілі шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн бабамыз осылай деген екен. Иә, ел бүгінде біз ел пайдасын ойлайтын ұрпақ тәрбиелей алып жүрміз бе? Мұның бәрі ұлттық идеология мәселесіне келіп тірелетін болған соң, алдымен өзекті ойдың жосығын осы тақырыптан бастап тарқатуды жөн санадық.


Кез келген мемлекеттің өзіне тән ұлттық идеологиясы болады. Ол идеологияның бастау бұлағы - төл тарихынан, мәдениетінен, дүниетанымынан, ұлттық құндылығынан тамыр тартады. Осы ретте біздің мемлекеттік идеологияның өзегі қандай құндылыққа негізделеді?

 

Сөз басында ұлттық құндылықтардың сипаттамасы мен бағыт-бағдарын айқындап алайық. Олар:


1. Жалпы адамзаттық құндылықтар: адам өмірі, бостандығы, отбасы, бақыты, еңбек ету, тәуелсіздік және т.б.
2. ХХІ ғасырдағы немесе әлемдік жүйедегі құндылықтар қатарына адам құқықтары, демократия, азаматтық қоғам, өркениет, әлемдік мәдениет және т.б. жатады.
3. Әлеуметтік құндылықтарға - әлеуметтік орта, бедел, намыс, абырой, парыз, т.б.кіреді.
4. Рухани-адамгершілік мәдени құндылықтарды - өнер, мәдениет, әдебиет, тарих, тіл, дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық дүниетаным, т.б.құрайды.


Олай болса, құндылық адам өмірінің бағыт-бағдарын айқындайтын рухани күш. Көпшілік мақұлдайтын және ортақтасатын жақсылық, әділеттілік, патриотизм, қоғамдық мәні бар, әлеуметтік бірлік, мемлекеттік идеология өзегіне айналады.


Болмысы жаңарған Қазақстан несімен ерекшелінбек? Дегенмен де бұрынғыдай емес, алға басу бар. Уақыт өткен сайын бұрынғыдай қызылкеңірдек болуды қойдық. Осы жақсы іске бастау, бас көз болатындар жергілікті билік орындары. Сол жергілікті орындарда осыған құлықты адамдар болуы керек еді. Оның объективті де субъективтіде де жағы бар. Десек те, көп жерлерде күні кеше бүкіл адамзат мансұқтаған әлеуметтік кемшілікті насихаттайтын көпе-көрнеу идеологиялық солақайшылдықтардан құтыла бастадық. Түгел құтылып болдық деп тағы да айта алмаймыз. Бұл істе кейде абайшылықты, сақтықты әсіре желеулетіп жүрген жағдайымыз да бар. Сол сияқты, уақытында, дер кезінде қабылданған құжаттарды, дұрыс шешімді орындауда экономикалық қиындықтарды алға тартатын керенаулығымыз әлі де мықты. Кейде тіпті «бұл да тарих емес пе?» деп кергитіндер де кездесіп қалады.


Айталық, соңғы кезде ұлттық дәстүріміз бен дінімізді бір-біріне қарама-қайшы қою үрдісі көрініс тауып жүр. Мұны ата-бабамыздан келе жатқан болмысымыздан айыру мақсатында жасалып жатқан қасақана әрекеттер деп қабылдауға болады. Бәріміздің көгеріп, көктейтін, жапырақ жаятын жеріміз осынау кең байтақ Отанымыз. Отанды сүю, әрине, иманнан. Мемлекеттік идеология көзі - әділеттілікті ту еткен, иманды қоғам құру. Ол қоғам адалдық, татулық, теңдік, түсіністік, қайырымдылық, бауырмалдық, мейірім, қанағат, бақ-береке секілді құндылықтар салтанат құрған қоғам. Асан Қайғы тілімен айтқанда, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған қоғам. Бұл ежелден ел арманы. Ол жолдағы адамның қолы еңбекте, жүрегі Аллада. Ол жол үнемі тазалық шыңына өрлеу жолы.


Біздің Отанымыздың көркеюіне, еліміз бен жеріміздің тұтастығына, кеңпейілдігімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға іріткі салғысы келетіндер жоқ емес. Отанды сүюдің мәнісі туған елге, туған жерге қызмет ету, сөзбен ғана емес, іспен көрсету екенін бұрын-соңды өткен ардақтылардың бәрі де айтып жаңғыртып кеткен. Құдайға шүкір, қазіргі таңда әлемдегі барлық мұсылман түркі мемлекеттерінің ішінде жер байлығы мен көлемі жағынан бірінші орындамыз. Бұл кездейсоқ дүние емес Жаратушы иеміздің бізге деген мейірімі мен қамқорлығының арқасы деп білемін.


Бір үлкен ғалым: «Келешек туралы көп уайымдап, келешекті жасаймын деп жанталасып, әуре болудың қажеті жоқ, келешек біздің ешқандай ісімізсіз-ақ, өзінен-өзі келеді. Бірақ келетін ертеңді немен толықтырамыз, соны бүгін ойлауымыз керек», - деп айтқан екен. Бүгіннің өте қажет екендігі даусыз. Өйткені, келешек дегенің бүгін басталады. Келешектің түбірі бүгінде жатыр. Ал бүгіннің баюы, рухтануы, нығаюы кешеге байланысты, кешегіні бүгінге алып келіп, бүгінді байытып, рухтандырса, біздің сұрамай-ақ келетін ертеңді дұрыс мағынамен, мазмұнмен қарсы алуға дайындалуымыз керек. Міне, осының бәрі тарихты білудің қаншалықты қажет екендігін меңзеп тұрғандай.


Рухани өміріміздің ертеңін ойлап, кемел биігіне көтереміз десек, ең басты адами ресурс - жастарға көңіл бөлу маңызды. Бұл ретте жастар қоғамның жоғары әлеуметтік байлығы екенін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әлбетте, тарихтың қандай да бір ащы шындығынан тағылым алмай тұрып, жаңа сатыға көтерілуіміз қиын. Біз қазір көп жағдайда озып келе жатқан адамзаттың соңынан қуып келе жатқан қоғамбыз. Осы жайды түсініп алмай тұрып, біз өзіміздің діттеген межемізден шыға алмаймыз. Сондықтан тәуелсіздік алғанға дейін өзіміз туралы шындықты өзіміз айтып көрген жоқпыз. Әлем бізді басқаның «шындығы» арқылы білді.


Өзіміз туралы шындықты айту үшін соны ең алдымен өзіміз біліп алуымыз керек. Сол себепті, жекелеген ғалымдар немесе ат төбеліндей ақылмандар емес, бүкіл ұлт болып сөйлеуіміз керек. Осы үрдісті мейлінше тезірек жүзеге асырсақ, қалған мақсатымыз да тезірек жүзеге асатын болады.


Өткен тарих жаңамен бірге жаңғыруы тиіс. Мақсатымыз ұрпақтар жалғастығы арқылы қоғамдық бірлікті нығайту. Ұлт татулығына, ұлттық құндылығымызға жеткілікті мән беру көзделіп отыр. Біз кешегі келеңсіздіктерімізден артқа шегініп емес, алға ұмтылып қана арыла аламыз. Бұл ретте де адамзат баласының тәжірибесіне жүгінуге мәжбүрміз. Бүгін дәстүрлі ауқымда қалған дүние өркениет жолына түскен дүниенің даму қарқынымен салыстырғанда жер мен көктей алшақтық барын өз көзімізбен көріп отырмыз.


Дәстүрді сақтау, қастерлеу - міндетіміз. Ол үшін оны заман талабына сәйкестендіріп, жетілдіріп, байытқан жөн. Дәстүріңмен ғана болып, өзгелердің не істеп, не қойып жатқанымен шаруаң болмасын деген сөз емес. Ол дәстүршілдік болар еді. Ал егер біз халқымыздың дәстүрін бүгінгі дамуға да, ертеңгі дамуға да дер кезінде лайықтай алатын болсақ, қазір бүкіл адамзатпен бірге қазақтың да мойнына түсіп жатқан міндеттерге ыңғайлай алатын болсақ, сөйтіп, өз тамырынан өрбіп жататын, осы топырақта өсіп-өнетін өз өміршең бәйтерегімізді өсіріп алсақ, мұны өркениеттілік деп түсінуіміз абзал.


Қазақ осы күнгі ұлан-байтақ кеңістігіне бұдан бұлай да толық ие болып отыра алатындай, одан шығатын бар байлықты игере алатындай, оны ұқсатып, дүние жүзіне дұрыстап таратып, ұпайын жібермей, байып алатындай, дами алатындай, ешкімнен ұтылмайтындай, кез келген базарда алданып қалмайтындай, жаңа менталитетке негізделген атымен жаңаша рухани деңгейге көтерілген ұлтқа айналуы керек.


Фауст: «Апырай, ғылым шексіз, өмір шекті, биіктен бір мұнара көрінсе етті!» деген екен. Алыс жағалаудан жалт-жұлт еткен бір мұнара көремін. Ол «жаңа сөз», «жаңа ой», «жаңа ұғым» мұнарасы. «Бұл қазақта жігіттер бар марқасқа, дейсің-ау, дейсің жарқылдаған алмас па? Айырып кетсе жол басқа, Орны мүлдем толмас та...» деп жырлаған еді Төлеген Айбергенов.


Бүгінде саясат пен құқық туралы ашық айтуға тиіспіз. Саясат мәселелерін көпшілікке дұрыс жеткізу - басты мақсат. Біздің сәтсіздіктеріміздің бәрі ой-сана бостандығына мән бермеуімізден. Соның салдарынан билік пен жұртшылықтың арасында алшақтық пайда болды. Қазіргі кезде сол алшақтықты жоюдың алғышарттары бар. Ол біздің Ата заңымыз. Әділдік үшін айтар болсақ, біздің халқымыздың ақиқатқа деген сүйіспеншілігі шексіз. Саясат пен ақиқат мәселесіне келгенде әр қадамын байқап басуына тура келеді. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» дегендей, бұл мәселеге атам қазақтың даналығымен келгеніміз жөн. Меніңше бүгінгі әлемде бір ел екінші елге қауіп төндіріп жатқанда, біреуге біреу опасыздық жасап жатқанда, экономикалық жағдайлар ушығып тұрғанда намысшыл, сезімтал жандарға қиянат көрсету дегеніміз адамзат баласына дұшпан болумен бірдей. Сондайдан бізді Құдай сақтасын. Мен ұлтыммен мақтанамын, мінез-құлық жағынан алғанда асыл текті, әрі кең пейілді, ынта-жігері мол халықпыз, оған тарих куә. Тұғырлы заң-жарғыларымыз бар. Ендігі атқарылар шаруаларды бір ауыздан салиқалы іспен шешсек, онда әлемдегі ең маңдайалды ұлт ретінде алға озып шығарымыз хақ. Белгілі ақын Қалихан Бекхожин жырлағандай:
Асыр сап ат үстінде өскен елміз,
Найзаны нажағайға теңегенбіз.
Дала дауылына біздер теңбіз,
Алтайдан Ақ Еділге жебегенбіз,
Соғыстық жеті жүз жыл жеті жұртпен.
Тарих-ау, өзің айтшы, кімнен кембіз?
Заман өзгеріп, қоғам жаңғырып жатса да, адам бойындағы ізгілік қасиеттері сақталып қалуы міндет.


Адам баласы табиғат құшағында тіршілік етіп, өмір сүреді. Дүниедегі тіршілік атаулының анасы табиғат болса, адам баласының өсіп-өнуі табиғат заңдылықтарынан туындаған. Тіршіліктегі өсіп-өнудің басты көзі - ұрпақ өрбіту деп түсінген ата-бабаларымыз «күзді күннің көзіне қызыңды қой, көктемгі күнге келініңді қой» деген ұлағатқа толы қағида қалдырған. Ендеше, адам мен табиғат арасындағы үйлесімдіктің сақталуына, дамуына отбасындағы жағдай үлкен ықпал ететіні анық.


Ақселеу Сейдімбек ағамыздың пайымдауынша, қазақтың еңбек құралы даланың өзі болған. Сол даланың табиғи білімі мен маусымдық құнарымен шебер санаса отырып, күнкөрістің берік қорын жасаған. Тау емес, байтақ далаға қатысты, оның бітім болмысына қатысты қазақтың сөздік қорына ден қойып көрелік; дала тепсең, тебін, қиыр, қотан, алаңқай, лаң, тұрақ, жұрт, қоныс, жайлау, суат, жазира, ойыс, дөңес, белес т.б. Сөз жоқ, даланың рең бітімін ең ұзақ белгілеріне дейін бұлайша жіліктеп атау үшін ол елдің сол даламен кіндігі бір болу керек.


Белгілі ғалым Мұхтар Арын қоғам қайраткері «Бес анық» кітабында жазғандай, оңтүстік, солтүстік, батыс, шығысты шартарап деп жатамыз. Осыны біз әлі күнге дейін дұрыс пайдалана алмай жүрміз. Қазақтың жерінде толып жатқан тамаша географиялық атаулар бар, соның бәрін жүйелеп айта алмай жүргеніміз де рас. Міне, осыған қатты көңіл бөліп, мән беруіміз керек. Табиғаттың тылсым ғаламат сипаттарын пайдалана отырып, қаншама ат, есімдер бар, әдетте адамдардың атын азан шақырып, жақсы бір ырымдарға байланысты қоя беретін болса, мекен атттары сол жер-судың өзінен туындап жатады, өздерінің сипаттарына қарай қойылады. Қазақ мүны терең түсінген. Жер су атаулары тек қана географиялық функция атқармайды. Тарихи оқиғаларға байланысты, ескіден келе жатқан, жоңғар шапқыншылығынан қалған атаулар да баршылық. Қазан революциясынан кеңес өкіметі орнағаннан бері талай жер халқымызға қатысы жоқ адам аттарымен, өз көзқарастарының қабылдауымен аталып кеткен қала, көше жер-су аттары бар. Осы мәселені қолға алу қажет. Бұл ретте атқарылар шаруалар әлі көп-ақ.


Өскелең ұрпақтың дүниетанымын, жерге деген көзқарасын енді рулық деңгейде емес, ұлттық деңгейде қалыптастыру, қазақ елі деп аталатын мемлекет аумағының (территориясының) мән-маңызын, қадір-қасиетін сезінеуге жас ұрпақты тәрбиелеу арқылы қолға алу керек. Отбасылық тәрбиенің де олқы кеткенін мойындаған жөн болар. Намысшылдығымыз, сезімталдығымыз, мінез-құлық жағынан алғанда асыл текті әрі кең пейілді, діні мен ділі, Отанына деген ынта-ықыласы кімге болсын жігер беретін ұлт емес пе едік? Жәке би Қойтанұлы айтқандай «Арыстанда қырық адамның күші бар, бір адамның жүрегі бар, ал бөріде бір адамның күші бар, қырық адамның жүрегі бар». Демек, ата-бабаларымыз білек, бұлшық ет, қара дүлей күштен гөрі рух күшін, әруақ айыбын жоғары қойғанын естен шығармайық. Демократиялық бағытқа сене отырып, ұлттық құндылыққа арқа сүйеуіміз керек. Өз дүниетанымымыздың жемісіне қандай өшпенділік болуы мүмкін?


Мектеп (оқу орны) әмірлік билік емес, онда ақыл-парасат билігі үстемдік құруы керек. Оқу орындары отбасылармен, ата-аналармен, ардагер ұстаздармен біте қайнасып жұмыс жасауы керек. Әлеуметтік желі, интернет әлемі арқылы теріс бағыттар енуде, бұл мәселені де назарсыз қалдыруға болмас.


Бүлдіршіндердің тәрбиесін - балабақшаға, жас балалардың тәрбиесін - мектепке, жастардың тәрбиесін - жоғары оқу орындарына артып қойған сияқтымыз. Міне, сондықтан ата-әже, ата-ана болып қасиетті отбасы тәрбиесіне көңіл бөлейік. Үлкен, орта, кіші буын арасына жік түсірмей, жағдай жасап дамытқанымыз жөн.


Бабаларымыздың өмір салты көшпелі болғанымен, өнері көшпелі болған емес. Осы даланы әнмен әлдилеп, күймен тербеген халқымыздың көрегендігін қазақ сахарасында дүниеге келген өлең-жырлары растай түседі. Өйткені, шексіз далада өмір сүрген бабаларымыздың ұрпаққа деген өсиеті, үлгісі өнер арқылы жетіп отырған. Халқымыздың ұрпақтарын адал, еңбек сүйгіш, өнерлі етіп тәрбиелеуде өзіндік өнегесі баршылық. Бүгінгі уақыт рухани мұраларымызды терең зерттеп, жете тану, мәдениетіміздің жедел дамуына мүмкіндік туғызады. Ашығын айтқанда, тоқырау кезінде мәдениетіміз ұзақ уақыт үстірт түсіндірілді, бұл арада ұрпақ арасындағы сабақтастық та айтарлықатй үзілді.


Бүгінде халықтардың ұлттық сана-сезімінің жетілуі - жаңаша ойлауға жол ашты. Сондықтан тани алмай келген мәдениетіміздің халықтық дәстүрмен сабақтастығын айқындауымыз қажет. Кезінде жүйрік атты шаппай танитын атбегі, қыран құсты ұшпай тұрып таныған құсбегілер, өзін көрмей ізін көріп, түйенің түр-түсін ажыратқан, қозыға қарап қоралы қойдың ішінен енесін тауып бере алатын, жоғалып кеткен биенің іште кеткен құлынын ат болғанда танып, тауып берген халық сыншылары өмір сүргенін мақтан ете аламыз.


Ұлы ғалым әл-Фараби музыка теориясын жазумен қатар ісмерлік қолөнерді игеріп, «Канун», «Қыпшақ» музыка аспабын жасап мұра еткені белгілі. VIII ғасырда қобыз үнін өмірге әкелген Қорқыт қобызының жасалу үлгісі ісмерлік қолөнеріміздің ертеден-ақ қалыптасқандығын дәлелдейді.


Бұдан шығатын тұжырым: дәстүрлі өнер - халықтың өміріндегі шындықтың бейнесі. Ол адамдардың рухани-мәдени тұрмысынан бөлінбейтін құбылыс. Әрбір халықтың дәстүрлі өмірі тарихы тағылым мен озық ой-пікірлерімен тоғысады. Дәстүр адамның қоғамдық қатынастарының тарихи қалыптасқан тұрақты және мейлінше қорытылған нормалары мен прициптері дер едім. Сонымен қатар дәстүрлі өнер қоғамдық өмірдің материалдық жағдайының өзгеруімен сипатталады. Дәстүрлі өнерді өткен ғасырдағы ата-бабалар мәдениетін сақтау арқылы жеткен ұлттық өнердің озық үлгілері толықтырады.


Ұлт рухани жұтаңдыққа ұшырамау үшін дәстүрлі өнер өз құндылығын жоғалтпауға тиіс. Әрине, дәстүрлі өнерді толыққанды қабылдап, терең ұғынып, түсіну тілге, дербес бейімділікке, ұлтжанжылыққа тікелей байланысты. Көркем шығармада дәстүрлік өнердің өлшем бірлігін анықтап, оған критерий беру үшін ұлтқа тән әдеп-ғұрып, салт-рәсім мәселелері қаншалықты көрініс тапқандығына баса назар аударуымыз керек. Бизнестің де ұлттық өнерге берер өз өлшемі болуы тиіс. Әсем ғимараттарды бейнелеу өнері түрлерімен безендіруге ұлттық нақышта орындалған құндылығы мен сапасы жоғары шығармалармен жабдықтау басты назарға алынса деймін. Отанға, елге, жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік көркем шығарманың әрқайсысында көрініс тауып, көзге оттай басылса, дәстүрлі өнердің табиғатына жол ашар едік. Рухани мұраларымызды, ұлттық өнерімізді саралап тануда тілдің берер үлесі мол екенін ешкім жоққа шығармайды. Бүгінде рухани саламызға кең тыныс берген тәуелсіздіктің арқасында ұлттық өнерді зерттеп, зерделейтін сүбелі ғылыми еңбектер жазудың қажеттілігі туындап отыр. Жабулы жатқан ежелгі түркітілдес халықтарға ортақ өнер мұраларымыздың саңлауына сәуле түсіріп, үзіліп қалған рухани байлықты түгендеуіміз керек. Сондықтан, бейнелеу өнерінің түп-тамырын түрік қанағатынан, сақ және ғұн тайпаларынан бастау кезек күттірмейтін мәселе.


Біле білсек, көшпенділер мәдениетінде өнер синтездік тұрғыда дамыды. Өнердің тарихи тамырын тану бүгінгі жас ұрпаққа керек іс. Осы орайда жаңа уақыттың бізге артып отырған салмағы да аз емес.


Әрине, батыс, шығыс елдерінің қазақ өнеріне берген көркемдік қуатын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен де, ұлттық өнердің төл мұраларын зерттеу - көкейтесті мәселе болып табылады. Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқан екен «Қарындашым, Қаламым - жан жолдасым» деп, осы кісінің жазған зерделі дүниелерін оқып және ғалымдардың айтқан дәйектеріне сүйенсек, тасқа түскен таңбалы суреттер бейнелеу өнерінің алғашқы нұсқасы. Сурет дегеніміз өткен дәуірдің көркемдік қолтаңбасы. Дала төсінде пайда болған тас ескерткіштерден бастап, сырлы ғимараттарға дейін ата-бабаларымыздың жасап кеткен асыл мұрасы. Олардың тасқа түскен сан түрлі суреттерін байыптап қарасақ анималистік жанрға жақын дүние туғызғанын көре аламыз. Әр түрлі жануарлардың қимылын бейнелеген суреттер көшпелі халқымыздың көркемдік талғамын көрсетеді. Орта Азия мен Қазақстан жерінен табылған таңбалы суреттер көшпенділер графикасы болып есептеледі.


Әрбір ұлттың өсу, қалыптасу, даму жолы болады. Рухани өмірдің барлық саласы өнерде бірімен-бірі байланысып, әсерін тигізіп отырады. Өміріміздің бастау қайнары бабаларымыздың дәуірінен туындаған болса, қазіргі кезде өнеріміз әлемдік көштің қатарында екендігі дәлеледенді. Енді мұны әрі қарай дамыту - парызымыз.


Хош бүгінде біз неге зәруміз? Бүгінде жыламсақтықпен - бақыт, сұрамсақтықпен - кәсіп тауып жүргендер жетерлік. Адамгершілікті аттап, парасаттылықты таптап, өз басын мақтап, абыройдан гөрі атақ-даңққа құштар пенделерді де кездестіріп жүрміз. Мен мұны басқаның басындағы бақ пен астындағы тақты сыпырып алу үшін айтып отырғаным жоқ, жоғарыда айтылғандарға барынша сақ болайық демекпін. Төрде отырып, шен тақпай-ақ көштен қалмай, өмірін өнерге сарп еткен ата-бабалар тағдырын үлгі етсек те жетіп жатыр.


Ғабиден Мұстафин былай деп айтқан екен: «Қазақта обал, рақым, иба, қанағат, борыш, деген ұғымдар бар. Бұл ескіден келе жатса да ескірмеуге тиісті асылдарымыз. Оларды темір етікке нәл қағып кигендей әспеттеуіміз керек, қадірлеуіміз керек. Халық «Көргенсіз десе ашуланба, көргеніңнен көрмегенің көп» дегендей осы ойлы қасиеттерді бойға сіңіре беруді нұсқап айтқан. Жастар! Біз тойдан қайтып келе жатқан адамбыз, сіздер тойға бара жатқан адамсыздар. Сауырынан сипатпас шу асудай зымыран жылдар мынау... Жаңа ғасырда алып барар тарту таралғылырының ең қымбатты, ең қадірлісі мейірім, рақым қанағат болғай! «Жылқы біткен дүлдүл болмайды, құс біткен бұлбұл болмайды» дей келе, «Адам баласыда солай. Жұрттың бәрі шешен, әнпаз, ақын, данышпан болып туа бермейді. «Күйсіз көлік жүрмейді» деген бар. Дүлдүлге де күй керек, бұлбұлға да жайлы орын, көңілді бақша керек. Адам баласы бәрінен де артық күй тыңдайды. Тумысында қанша зеректік болса да, ғылымсыз, тәрбиесіз, кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзінің табиғатында не нәрсеге шеберлік барын сезіп, өз жолына түссе ғана көзге көрінеді. Дүниені тас талқан етердей боп бір толқын келеді, бір толқын кетеді. Су ағады, ұрпақ ауысады. Өмір заңы. Сонымен өмір мәңгілік».


Иә, өміріміздің барлық мәселелері бойынша жүріп жататын пікір-таластар, пікір-алмасуларды орынды деп білемін. Өйткені, олардың қоғамдық дамуға ететін игі ықпалы барған сайын айқын сезілуде. Жаңа көзқарастың, жаңашыл идеяның дүниеге келуі, талқылануы заңдылық. Бұрынғы кертартпа әдеттердің салмағын безбендеп, осы кезеңде жаңа дәнді қауызынан айырып ала білудің орны ерекше.


М.Дулатов «Уақыт әлденелерді көнертіп, өшіреді, әлденелерді өсіреді. Көне тозады, жаңа озады» деген екен. Бұл тұрғыдан қарағанда қазақ халқыныңда да дәурені өтіп, көнерген, тозған қағидалары жоқ емес. Олай болса, жаңашыл көзқарасқа қолдау көрсетіп отырғанымыз абзал.


Мемлекет басшысы Жолдаулары мен үндеулері арқылы еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуының нақты бағдарларын ұсынды. Бірақ олардың барлығын қоғамды тұтастай жаңғыртусыз жүзеге асыру мүмкін бе? Тәрізі, мүмкін емес. Дамыған елдердің әрбір азаматы, демократиялық институттары мемлекеттік басқаруға атсалысатынын ескерсек, мемлекетіміздің ортақ шаруасынан қалыс қалғанымыз жараспас. Қазір халықтың мемлекет билігіне деген сенімін арттыру маңызды. Ол үшін ұсынылған бағытты қолдау, әр азамат өз ісінде белсенді болуы керек.


Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеу ерікті, көрікті өмір сүруге үйрету, тәрбиенің негізгі мақсаты мінезді түзету, адамшылыққа қызмет етуге тәрбиелеу қажет. Мақсат жоспарды анықтайды, жоспар әрекетке әкеледі, әрекет нәтижеге қол жеткізеді, ал нәтиже табыс береді. Осының бәрі бір ғана мақсат дейтін қарапайым сөзден басталады. Мақсат қойып қол жеткізсең, бұл - қанағат. Өмірдің мәні мен мұраты осында.


Тарихымыздың жанға бататын мәселелерін атаусыз қалдыру, шындықты елемеу дұрыс емес. Шындық біреу. Толық айқындық, дәлдік пен дәйектілік, болашаққа адамгершілік бағдар керектігі сөзсіз, осы арқылы әділеттілікке бас ию - жазылмаған парыз.


Бала кезімізде ауылдың үлкендерінен шалдың «бүтін шал», «күтім шал» және «түтін шал» деген үш түрі болады» дегенді естісем де, бұл сөздің астарына үңіле бермеуші едік. Есейе келе бүтін шал; әулеттің ғана емес, бүкіл ауыл аймақты аузына қаратқан ақсақал; күтім шал: жұртқа пайдасы тимесе де пайдасы жоқ момын қарт; түтін шал: жасы келсе де жағымсыз қылығын тастай алмай, жүрген жерін айқай-шу етіп жүретін қияңқы шал екенін түсіндік. Тұнық бастауында уызын жарып, дәстүріне қанып өскен қыздан ақ жаулықты әже, жас шағында жігері мен намысын жерге таптатпаған жігіттен түйгені мол, танымы терең қария шығары анық. Тек текті тәрбиенің тігісі сөгіле бастаған бүгінгідей уақытта қай шалдың қатары көбейіп кетер екен деген күдік басым көңілде. Неге қартайған шақта да кейбіреулердің жүзінен нұры төгіліп тұрады. Бұл оның жүрегінің тазалығынан. Еңбектен қол үзгенімен, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ардагері ағамыздың жастарға тәрбие беруде де алар орны ерекше.


Әлеуметтік-экономикалық тұрмыс тіршілігіміздің, жағдайымыздың жақсарғаны болар, бүгінде 60-70 жастағылар өздерін әлі жаспыз деп ойлайды. Бұрындары қырық жасқа толғандарды «қара сақалдылар» деп, ал алпыстан асқандардан «ақыл сұра» деп отырушы еді. Адам бойындағы мың құбылған мінезді, пенделік тіршілікті, қоғамды апатқа алып баратын ашкөздікті, тойымсыздықты, қанағаттың жоқтығын, дүниеқоңыздықты, тексіздікті сынға алып, алыпқашпа сөзге тосқауыл жасап, қоғамға ордалы ой айтып, ұтқыр байлам жасайтын ардагерлер өкілі аз емес екенін де ұмытпауымыз керек.


Сондықтан ілкіде бұлыңғыр көрінген тұтас рухани өмір еш бұдырсыз өтті деу шындыққа жанаспайды. Халқымыздың тарыдай шашылған тарихын таспихтың тасындай мөлдіретіп, тізіп-жинау қажет. Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе онда халықтық руханияттың ұлттық құндылық бастауларын терең ұғынғанымыз жөн.


Кезінде Шыңғыс Айтматов «Ақылды да, тәжрибелі мемлекет басшылары көп жағдайда өзінің етбауыр туысынан уәзір сайламаған. Өйткені олар мемлекет ісі мен үй ішілік қарым-қатнасты шатастырып алады. Мұны көріп, басқа уәзірлері де бас басымен кетеді» деген. Аталған ой қазақтың «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген нақылына саяды. Нақыл сөздерімен байланыстыру бұл дегеніміз «Таным аймағында» жақсы жетіледі, дамиды, толығады деген сөз. Абайдың «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деген нақыл сөзі бар. Жүсіпбек Аймаутов «Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығаны» деп осындай іске аса мән беру керектігін тапсырып аманаттап кеткен болатын. Бізде сол аманатқа адал болайық дегім келеді.

 

 

Авторы: Берікжан Әлмұхамбетов,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор

29.08.2023 ж.

Ақпарат көзі: aqiqat.kazgazeta.kz