Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
13.01.2024 Педагогикалық білім беруді сапалы жетілдірудің үлгісі
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің республикалық және халықаралық зерттеулері Қазақстан Республикасындағы педагогикалық білім беруді сапалы жетілдірудің үлгісі болып табылады.
Ғалым-педагог, профессор Ұлжарқын Әбдіғапбарованың жетекшілігімен орындалған ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру аясындағы AP05134253 «Дуальді-бағдарлық оқыту - болашақ мұғалімнің кәсіби даярлығын жетілдірудің шарты» жобасы нәтижесінде болашақ педагогтың кәсіби даярлығының озық сипатын айқындайтын дуальді-бағдарлық оқыту моделі жоғары педагогикалық оқу орындарына кешенді тұрғыдан алғаш рет енгізілді. Бұл - бүгінгі мұғалімнің практикалық даярлығының жақсаруына, мектеп практикасының күрделі мәселелеріне дайын болып баруына, оқушылардың мұғалім мамандығын мектеп қабырғасынан өзінің сүйікті кәсібі тұрғысынан саналы таңдауына, педагогикалық оқу орнын бітірген түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етуде.
Ұлжарқын Әбдіғапбарованың қол жеткізген ғылыми нәтижелерінің құндылығы «мектеп-колледж-ЖОО» қызметтерінің ықпалдастығының артуына, менторлық әдістемені әзірлеуге, жоғары педагогикалық білім беруді жаңғыртатын дуальді-бағдарлық оқыту моделінің тұтас бағдарламасын практикаға ендіруге мүмкіндік берді.
Бұл зерттеу бүгінгі таңда DAAD неміс ұйымы қаржыландыратын «Pedagogical Professionalism and Internationalization» атты халықаралық жобаға ұласып, Абай атындағы ҚазҰПУ, Фридрих-Александр Эрланген-Нюрнберг университеті (FAU) және Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық университеті (ASPU) ғалымдарымен бірлестікте жүргізіліп отыр.
13.01.2024 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com
|