Ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс!
Мемлекет басшысы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жолдауының заңды жалғасы іспетті. Бұл Жолдауында Президентіміз: «Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі - саяси реформа мен экономикалық жаңғыртуды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол - әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу... Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп жазды Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев осы еңбегінде.
Шын мәнінде, рухани жаңғыру ұлттық кодты сақтаумен бірге ұлттық бірегейлікті сақтауды да талап етеді. Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, жалпы, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Әрине, ұлттық құндылықтардың бәрі жас ұрпаққа отбасынан, балабақшадан, мектептен берілері анық. Жоғары оқу орындарында ол одан әрі тереңдетілуі тиіс. Сондықтан ата-ана да, орта мектеп пен жоғары оқу орындарының ұстаздары да ұлттық тәрбиені бірінші кезекке қойғаны абзал. Мысалы, біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2009 жылдан бері «Ұлттық тәрбие», «Абайтану» пәндері оқытылып келе жатқаны осы ұлтжанды азаматтарды қалыптастыру мақсатынан туындағаны сөзсіз.
Елбасымыз осы еңбегінде рухани жаңғыруымыздың таяудағы жылдарға арналған нақтылы міндеттерін де ұсынып отыр. Бұлардың ішіндегі алғашқысы - қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жобасы. Бұл өзі көптен бері көтеріліп, ел құлағына сіңісті болып қалған мәселе. Тіпті, мемлекет басшысының 2012 жылғы желтоқсан айында жариялаған «Қазақстан - 2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын алфавитіне көшетіндігіміз анық та айқын айтылған болатын. Ақиқатында мұның өзі заман талабы. Бүгінде латын әліпбиі әлемдік деңгейде технологияда, коммуникацияда кеңінен қолданылады. Сондықтан біз де латын әліпбиінен шет қалмауымыз жөн. Осыған байланысты Елбасымыз 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдарымыздың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды, келесі жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуді, 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығаруды ұсынып отыр. Осыған байланысты Үкіметке де нақтылы тапсырмалар жүктелді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары да бүгінде осы мәселеге белсене атсалысып отыр. Жуырда ғана оқу орнымызда өткізілген «Рухани жаңғырудың кепілі - латын әліпбиіне көшу» тақырыбында өткен дөңгелек үстел мәжілісінде Парламент қарауына ұсынылған латын әліпбиінің стандарттарына байланысты талқылау өткені осы сөзімнің дәлелі.
Елбасы ұсынып отырған екінші жоба - «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Осы жоба бойынша тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану сияқты гуманитарлық бағыттар бойынша әлемдегі жақсы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады. Тіпті 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттер осы оқулықтармен оқытыла бастайтыны бізді қуантуда.
«100 оқулық» бағдарламасы бойынша жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім беретін болсақ, мұның өзі білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлауға қол жеткізіледі. Жіктеп айтар болсақ, әлем елдерінің ең таңдаулы оқулығын оқыту арқылы студенттеріміздің дүниетанымы кеңейіп, жаһандық өркениеттен хабары арта түсетіні сөзсіз.
Елбасы ұсынған үшінші міндет: «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру. Біз отбасында, балабақшада, мектеп пен жоғары оқу орындарында жастарымыздың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіре отырып тәрбиелесек, күні ертең олар туған елін де, Отанын да қадірлеп, қастерлейтін жанашыр ұрпақ болып қалыптасары сөзсіз. «Туған жер» бағдарламасы жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған өміршең құжат болып табылады. Сондықтан мектеп те, жоғары оқу орындары да алдағы уақытта осы құжатты жүзеге асыруға жұмылуы тиіс.
Қысқасы, Елбасының ұсыныстары мен кеңестері Қазақстанның үшінші жаңғыруы кезеңінде халқымыздың ұлттық сана-сезімін биік деңгейге көтеру арқылы Мәңгілік Елдің мәңгілік ұрпақтарын тәрбиелеп қалыптастыру ниетінен туындаған жанашырлықтың айғағы деуге болады.
Еразақ Тілеубергенов,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Мемлекеттік және азаматтық құқық пәндер кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының кандидаты, доцент
Авторы: Қазақстан Заман
16.10.2017ж.
Ақпарат көзі: «Қазақстан Zaman» газеті