JAN`A ZAMANG`A - JAN`A A`LIPBI`
Ерден ҚАЖЫБЕК,
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры:
Кемел келешек кепілі
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын гракфикасына көшіру туралы» қаулысы - елімізде қолға алынған үлкен істің бастауы. Бұл - тәуелсіз елімізде мемлекеттік мәртебеге ие ана тіліміз - Қазақ тілін заман талабына сай жан-жақты дамыту бағытындағы баға жетпес тұңғыш тарихи қадам. Ендігі жерде еліміздің барша ғалымдары мен тілеуқор жұртшылықтың қазақ тілін биік тұғырға қондыруға білек сыбана іске кірісетін уақыты келді.
Жалпы, мұндай шешім қазақ тілінің жан-жақты дамып, өркендеуіне жарқын жол ашады. Ең бастысы, латын әліпбиіне көшу өзге тілдермен салыстырғанда, тілдік қоры бай қазақ тілінің қаймағын бұзбай, өзіне тән тілдік, дыбыстық ерекшеліктерін бастапқы қалпында сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге жол ашады. Екіншіден, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру ана тіліміздің әлем тілдерінің биігіне көтеріліп, халықаралық аренада өз орнын алуына барынша ықпал етеді. Бұған қоса, қазақ тілі - барша түркітілдес халықтар тілдерінің алтын қоры. Сондықтан еліміздің латын әліпбиіне өтуі қазіргі күні анағұрлым қарқынды дамып келе жатқан әлемдік ақпараттар кеңістігіне ену мен оған анағұрлым жылдам бейімделудің бірден бір оңтайлы, тиімді жолы.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласында «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз...» деп атап көрсетуі өте маңызды. Өйткені жаңа ғасыр - жаңғыру ғасыры. Біз оған бүгіннен бастап сақадай сай, дайын болуымыз қажет. Олай болса, күні кеше Елбасы қол қойған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» қаулысының тәуелсіз Қазақ елінің өзіндік даму тарихында алатын орны мен маңызы айрықша екені.
Тахир БАЛЫҚБАЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:
Рухани бірегейлік
Президент Н.Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Қаулысын жұртшылықпен бірге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы да зор қуанышпен қарсы алды. Бұл тарихи шешімді қабылдау алдында көп жылғы дайындық жұмыстары тиянақты жүргізілді. Әліпби жобалары ғалымдардың сараптамасынан өтті, жұртшылық алдында ашық талқыланды. Ендігі жерде оны жүзеге асыру үшін алдымызда аса мол міндеттердің тұрғаны анық.
Латын әліпбиін ендіруде ескерілуі тиіс үш фактор мен ұлттың жазу жүйесін өзгертудегі дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастырудың жолдарын тең қарастырған жөн.
Бірінші фактор - қоғамдық-әлеуметтік сұраным. Біріншіден, пайдасы мен қаупі тең түсетін жаһандану дәуірінде әр халықтың өз бет-бейнесін сақтап қалуы, ең алдымен, оның мәдени иммунитетінің беріктігіне, рухани құндылықтарын сақтай алуына тікелей байланысты. Сол құндылықтардың ең басты өзегі тіл екені белгілі. Тіл - мемлекет қауіпсіздігінің кепілі, ұлтты ұйыстырудың, бірегейлендірудің тетігі. Сондықтан қоғамның сауатын қалыптастыратын жазу таңбасын сауатты меңгертіп, сәтті ендіру - біздің ең басты міндет.
Екінші фактор - жаңа әліпбиді меңгертуде отандық ғылымның, оның ішінде қазақ тіл білімінің, жазу іліміне қатысты бір ғасырға жуық уақыт аясында әбден қалыптасқан қағидаларын ескеру. Қазақ әліпбиінің орфографиялық нормаларын айқындауда озық дәстүрлер мен жаңа уақыт талабын сабақтастыру, сәйкестендіруге басымдылық беру. Қазақ жазу ілімінің теориясы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде алғаш қалыптасып, негізделді. Ғалымның әлемдік жазу тарихына әкелген реформасы дәл бүгінгі күні де негізгі дәстүр ретінде сақталып, ұлт жазуының жаңа жүйесін меңгертуде тірек етіп алынуы керек деп санаймыз.
Үшінші фактор - таңдалған жаңа жазу жүйесін қоғамның, әсіресе, жас ұрпақтың саналы, сапалы меңгеруін қамтамасыз ететін педагогика, психология, әдістеме ғылымдарының бірлігін қамтамасыз ету. Бұл жерде жаңа әліпбиді үйрету үдерісінде тілді оқыту әдістемесі саласының мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жалпы, оқытудың әдістемелік жүйесін сөз еткенде оның әрбір құрауышы маңызды орын алады. Атап айтқанда, оқытудың мақсаты, білім мазмұны, оқыту формалары мен технологиясы, оқыту нәтижесі. Мақсат пен нәтиженің сәйкес келуі, ең алдымен, ұсынылатын мазмұнға тәуелді. Яғни, түпкі нәтижеде сауатты адам тәрбиелегіміз келсе, біздің ұсынатын материалымыз да сол сауаттылықты дұрыс қалыптастыруға ыңғайлы, ұтымды болып жасалуы шарт.
Осындай келелі істердің орайлы ұйымдастырылуын қамтамасыз ету республикадағы педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасында тұрған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мамандарына ерекше жауапкершілік жүктеп отыр. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия тарапынан жаңа әліпбиді ендірудің кезеңдері нақтыланып, әр кезеңнің мақсаты мен міндеттері, нәтижелері мен межелері белгіленгеннен кейін атқарылар жұмыстарды жоспарлап алуымыз қажет. Ол үшін республикадағы көшбасшы университет болғандықтан, Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан еліміздің білім мекемелеріндегі педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын «Латын әліпбиін оқыту әдістемесі» орталығын ашуды қажет деп білеміз. Әр облыста осы Орталықпен тығыз байланысты жұмыс жасайтын латыннегізді қазақ әліпбиін оқыту орталықтарының жұмыстарын ұйымдастыру керек.
Александр ТАРАКОВ,
Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің директоры:
Тәжірибеміз - басқа халықтарға үлгі
- Әліпби жетілдірілген база негізінде қалыптасып отыр. Яғни, ол уақыт сынынан өткен латын графикасында дайындалған. Кезінде Латын империясы құласа да, жазуы қалды. Өз заманында көптеген ұлттар, тіпті славян халықтары да латын жазуын қолданды. Африка халықтарын жаулау кезінде олар да еріксізден латын жазуын қолдана бастады.
Қазақстан мұндай сындарлы кезеңдерден өткен. Себебі, өткен тарихқа үңілсеңіз, қазақ тілінің 12 жыл бойы латын қарпінде таңбаланғанын байқайсыз. Яғни, біздің бұдан бұрынғы тәжірибеміз бар. Сондықтан біз латынға қайта оралып жатырмыз. Бұл әліпбиді қолдануда жинақылық болады, тәжірибеміз де мол. Оның үстіне француз тілінде жиі қолданылатын дәйекшемен таңбалана бастайды. Яғни, әлемде бір емес, бірнеше тілдің дәйекшені қолдану тәжірибесі бар. Мәселен, ағылшын, француз халықтарының өз әліпбиін қолдануда біраз қиындықтары кездеседі. Әртүрлі әріптің әр жерде кездесуіне қарай дыбысталуы да әрқалай. Бұл тұрғыдан біздің тәжірибе қазіргі замандағы басқа да халықтарға үлгі болады.
Ербол ТІЛЕШОВ,
Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры:
Төл әліпби - ел үшін жаңа қадам
- Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерген болатын. Міне, сол уақыттан бері бұл мәселе пысықталып, пісіп-жетіліп, қазан айында жаңа әліпбиіміз бекітілді. Әліпби құрастырудан бөлек, оның жаңа емле ережелерін жасау өз алдына үлкен жұмыс. Қазір еліміз үшін шешуші сәт туды. Төл әліпбиіміздің болуы - ел үшін үлкен маңызды қадам.
Әліппеде 32 әріп болғанымен, әрбір таңбаның жазылуы, сөз тіркестерінің қолданылуына мән беріліп, сөздіктер дайындалады. Орфографиялық, орфоэпиялық, терминологиялық және салалық сөздіктер бекітіледі. Ең алдымен әліпбиді енгізуге аса қажетті әдебиеттер, ережелер дайындалып, шығарылады. Бірте-бірте салалық әдебиеттер дүниеге келеді. Елбасы Жарлығында бұл іске кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін көшуіміз керек делінген. Осыған байланысты Ұлттық комиссия, арнайы жұмыс тобы құрылады. Басты мақсат - емлелік ережелерді құрастыруда тілдің төл заңдылықтарын бұзбай, төл ерекшеліктерін сақтау. Барлық төл дыбысымыз ұмыт қалған жоқ, таңбаланды. Енді, біртіндеп ол халыққа түсіндіріледі. Мұғалімдерге арналып курстар ұйымдастырылады. Балаларға, зейнеткерлерге, мемлекеттік қызметтегілерге деп әр топқа бөлініп оқыту жұмыстары қолға алынады. Мысалы, Тараз қаласында қыркүйек айынан бастап арнайы кафедра ашылған болатын. Қарқынды жұмыстар басталып кетті. Осыдан кейін мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар дайындалмақ.
Халықтың ішінде «кириллицамен жазылған мұрамызды қалай сақтап қаламыз, «жас ұрпаққа жеткізе аламыз ба» деген алаңдаушылық бар екені жасырын емес. Сондықтан маңыздылығына қарай кириллицада жазылған әдебиеттеріміз де кезең-кезеңмен аударылады. Бұл мәселеде алаңдаудың еш қажеті жоқ.
27.10.2017ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz