қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
19.02.2024

Абайдың академиктерден артықшылығы неде?



Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін Абай мұраларын оқытудың мән-маңызы арта түсті. Себебі еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеуде қазақ халқының өткені мен бүгінгі күнін саралап, ұлт­тық құндылықты олардың бо­йына сіңіруде Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздерінің» орны ерекше. Әсіресе Абайдың «Толық адам» ілімін терең әрі шынайы зерт­теу мен насихат­тау, оны балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында оқытып, жастар тәрбиесінде пайдалану бүгінгі күннің басты міндеті екені анық байқалады. Сондықтан «Толық адам» ілімінің бастауы мен оның өркендеу жолдарын жан-жақты зерделеу қажет.

 

Абай шығармаларының әрбір сөзінде терең мағына бар, бірден түсіну қиындық тудырады. «Әсемпаз болма әр неге» өлеңін тұтас оқып алып, әр шумағына, әр сөзіне ойлы көзбен үңіле қарасаңыз, үлкен бастауды байқайсыз. Әуелі «Әсемпаз болма әр неге» өлеңін тұтас бір оқып, одан әрі шумақтарын талдауға көшкенді жөн санап отырмыз:
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!

Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың - жалын, артың - мұз,
Барар едің қай жаққа?

Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйге алма.

Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.

Акырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға. (1, 149 б.)


Абайдың «Толық адам» ілімін түсіну үшін «қайрат, ақыл, жүрек» сөздерінің мән-мағынасын білу үшін, бұл ілімнің бастауы осы өлеңде жатқандықтан, тек қана:
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң, арқалан, -
деген өлең жолының өзінен қаншама ойлар туындайтынын байқауға болады. «Әсемпаз болма әр неге» де, еліктеуді, оның ішінде құр жалаң еліктеуді терістеп отыр, себебі өнерпаз болсаң, яғни бір нәрсеге қызығып, оны шынайы игеруді мақсат ет дейді.


Абай айт­қан ойын үнемі жетілдіріп, толықтырып отырады. «Әсемпаз болма әр неге» дегенінің бір жағымсыз қырын «Көкбайға» деген өлеңінде де көрсетіп кеткен секілді:
Бұралып тұрып,
Буыны құрып,
Қисайта тартып мұрынын.
Әсемсіп, сәнсіп,
Білгенсіп, бәлсіп,
Әр нәрсенің орынын.

Керенау, кердең, бір керім,
Жақпайды маған сол жерің. (1, 65 б.)


Еліктеген нәрсеңнің ертеңгі күні пайдасы бар ма, жоқ па деп қарау керек. «Өнерпаз болсаң арқалан», мұнда жан-жақты өнер үйренуді, оны пайдаға асыра алатындай етіп үйренуді айтып отыр. Сонда сен өмірден өз орныңды табуға көмегі болады, дұрыс қаланған кірпіштей боласың. Біз мұны мектептен бастап айтамыз, әр қарай:
Ақырын жүріп, анық бас
Еңбегің кетпес далаға,
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға, - деп ұстаздықты дәріптейміз, бұл да - өте орынды айтылған сөз. Үлкен де, кіші де түгел ұстаз алдынан өтеді, тәрбиесін алады, балаға білім пайдасын үйретуден еш жалықпайтын, бар шығармашылық ғұмырын арнайтын - тек ұстаз! Абай сонымен қатар нені үйренсең де, оны тек жеке басыңның пайдасы үшін, атыңды шығару үшін, басқадан қандай да жолмен артық екенін білдіру үшін әрекет жасау өзгенің күндестігін қоздыру болатынын, одан қашық болуды да осы өлеңде ескертіп отыр. Осы айт­қандарға қол жеткізу үшін керекті бастап айтылған өлең жолына көп мән бере бермейміз, ол жолдар мынау:
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса, қазаққа,
Алдың - жалын, артың - мұз,
Барар едің қай жаққа?


Абайдың айтып тұрған алдыңғы екеуі - қайрат пен ақыл, соңғысы - жүрек. Адам бо­йындағы қайрат пен ақыл тек екеуі әрекет, онда алға қарай жүрсең - жалынға, артқа қарай жүрсең мұзға тап боласың, қайда барарыңды білмей қаласың. Ал дұрыс жолды табу үшін қайрат пен ақылға қоса жүрек бірге болуы керек. Менің жастарға үнемі айтар кеңесім, Абайдың жазғандарын түсіну үшін оның өлеңдері мен «Қара сөздерін» тұтас әрі қайта-қайта оқу керек, сонда ғана хәкім Абай даналығын бірте-бірте түсіне бастайсың. Ал егер де үзіп-шалып өлеңі мен «Қара сөзінің» әр жерін бір оқысаң дұрыс түсіне алмай, қателесуің мүмкін деп ескертіп отырамын. Абайдың шығармасы туралы әртүрлі көзқарастар мен қайшылықтар осындайдан туындап отыр. Абайдың «Әсемпаз болма әр неге» өлеңін терең түсіну үшін он жетінші «қара сөзін» оқып, талдауымыз қажет. «Әсемпаз болма әр неге» өлеңінде айт­қан қайрат, ақыл, жүрек - үшеуін бір-бірімен айтыстырып, таластырып олардың өнерлеріндегі артықшылық оқырмандарына жан-жақты жеткізуді көздейді.


Хәкім Абай он жетінші «Қара сөзіндегі» айт­қанын «Әуелде бір суық мұз, ­ақыл - зерек» өлеңінде қайрат, ақыл, жүрекке тоқтала отырып, қайратқа «шыдамдылық» деп, ақылға «зерек» деп, жүрекке «ыстық» деп анықтауыш сөз қосады. Бұл қасиет­тер жеке-жеке адам қасиетін толыққанды ете алмайды, сондықтан ғылымға төрелік жасатып, үшеуінің бірлікте болуын айт­қанымен, жолдан тайса, ауырлық жүрекке түсетінін, жүрекке басымдық беру керегін меңзейді:
Әуелде бір суық мұз, ақыл - зерек,
Жылытқан тұла бо­йды ыстық -жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты,
шыдамдылық,
Бұл қайрат­тан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.

Ақылда ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.


Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен «Муфтият» баспасынан шыққан «Ихсан - рухани тәрбие негізі» кітабын оқығанымызда Абайдың жүрек туралы жазған өлеңдері мен қарасөздерінің бастау көзі киелі кітабымыз Құранда жатқаны анық байқалады. Енді осы кітаптың тақырыбымызға байланысты жүрек туралы айт­қан сөздерінен үзіндісін оқып көрейік:
«Әрбір істі басқаратын орталық бар. Сол секілді адам баласының сана-сезімін басқаратын орталығын «жүрек» деп атаймыз. Жүрек иманға, ар-ұятқа, мейі­рімге ұяласа, адам баласының бо­йында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүрекке күпірлік, қатыгездік мекен етсе, адам бо­йында имансыздық, ұятсыздық сынды әрекет­тер пайда болады. Сондықтан жүрек - жақсылық пен жамандықтың бұлағы.


Қасиет­ті Құран-Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылады. Бұл жүректің маңыздығын аңғартса керек. Сол үшін Жаратқан Алла-Тағала адам баласының иманды яки имансыз болуының, таза яки күнәһар болуының басты себебін адам баласының жүрегіне байланысты екеніне назар аудартады». Абай даналығын айт­қанда ол тек қазақ халқына ғана үлгі-өнеге болып қоймайды, бүкіл адамзатқа керек, сондықтан Абайды «адамзат­тың Абайы» деп мақтан етеміз. Әрине, ол үшін құрғақ сөз, жалаң мақтау көпшілікке жүрмейді, ғылыми түрде нақты дәлел қажет. Біз мектепте академик Павловтың шарт­ты рефлекс, шартсыз рефлексін әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалық ретінде оқушыларға оқытып, насихат­таймыз. Ал Абайдың бүкіл адамзат жаратылысында болатын екі мінезді - тән құмары мен жан құмарына терең талдау жасауын, академиктерден кем емес зерт­теуге тұрарлық дүние жасағанын әлі күнге оқытып, насихат­тауды дұрыс жолға қоя алмай келеміз. Себебі тән құмары мен жан құмарын Абайша ұғынып, біліп алсақ, оның тек ақын ғана емес, жаратылысты терең біліп, сан-саланы ғылымнан хабары мол хәкім екенін жақсы ажырата білген болар едік. Ұстазым Мекемтас Мырзахмет­ұлы екеуіміздің мектепке, университетке абайтану пәнін енгізуге бастама көтеріп, оны жүзеге асыра бастауымыз - бұл пәннің тек әдебиетке ғана қатысты ақын Абай ғана емес, жан-жақты білім мен ілімді меңгерген хәкім Абайды оқыту, яғни Абайтану - қазақтану және біз абайтану пәні арқылы тек қазақ ұлтының тілін, дінін, дәстүрін дұрыс біліп қана қоймай, жалпы адамзатқа тән адамгершілік қасиет­тердің қыры-сырын оқушыларға, жастарға дұрыс ұғым, тура жол көрсете отырып тәрбиелейміз.


Абайдың айтуы бо­йынша, адам баласына тән құмары да қажет, себебі жүріп-тұру үшін, дені сау болып өсу үшін, іс-әрекет­ті жүзеге асыру үшін, тамақ жеу, демалу, қимылдау үшін, яғни қуат­ты болу тән құмарына байланысты. Тек тән құмарына жан құмарынан аспайтындай шектеу жасай біліп, орынды пайдалану қажет. Ал жан құмарын, яғни өзіңді, айналаңдағы жаратылысты білмекке ұмтылу, рухани дамуға ерекше мән беріп, тән құмарын жан құмарына бағындыру - Абай айт­қан «толық адам» болуға ұмтылудың басты жолының біреуін меңгеру болып табылады.


Адамзат баласының қазіргі күнгі ең үлкен проблемасы - рухани жағынан құлдырау байқалады. Тән құмарына, анығырақ айтсақ, нәпсіге басымдық берудің нәтижесінде ақшаны «бірінші байлық» деп ұғатын түсінік алға шығып, тән байлығын арт­тырып, жан байлығын төмендетіп алуда.


Хәкім Абай тән құмары мен жан құмары жайлы қырық үшінші сөзінде қайта тоқталып, тағы да терең талдау жасайды. Абайдың даналығы бір айт­қан ойларын қайта-қайта дамытады, тереңіне бо­й­лап, ойыңды шыңдайды. Осы қырық үшінші сөзінен кейін жетінші сөзді қайта оқысаңыз, тың ойлар пайда болады, сөз қуатын осыншалықты құбылта пайдаланған Абайға таңырқайсың.

 

 

Жабал ШОЙЫНБЕТ,
Абай атындағы ҚазҰПУ
«Хакім Абай»
орталығының директоры

 

 

19.02.2024ж.

Ақпарат көзі: qazaqadebieti

PDF