Факультет жаңалықтары мен оқиғалары
Филология факультеті - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі алғашқы білім ошақтарының бірі. Алғаш ашылған 1928 жылы тіл - әдебиет бөліміне 49 студент қабылданған болса, бүгінгі таңда мұнда 1200 - дей студент білім алып жүр. Оларға 100 - ге тарта жоғары білікті оқытушылар дәріс оқиды. Факультеттегі оқытушылар арасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 1 академигі, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылым академиясының 3 академигі, Жоғары мектеп ғылым академиясының 1 академигі, 18 ғылым докторы, профессор, 48 ғылым кандидаты, доценттер бар. Соңғы жылдары факультеттің 10 профессоры «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанып, мемлекеттік грантқа ие болды. Факультеттің құрамында 5 кафедра бар. Олардың ғылыми-педагогикалық әлеуеті аса жоғары. Жыл сайын кафедралар құрамы жаңа ғалым-педагогтармен толықтырылып отырады. Жас оқытушылардың дені - факультеттің өз түлектері. Факультетте төмендегідей мамандықтар бойынша жоғары білікті бакалавр мамандар даярланады: 5В011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті 5В011800 - Орыс тілі мен әдебиеті 5В012100 - Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті 5В012200 - Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті 5В020500- Филология 5В021020- Шетел филологиясы: ұйғыр тілі Бүгінде филология факультетінде мемлекеттік тілді оқытудың көп деңгейлі кешенді бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Дәлірек айтқанда, факультетте қазақ тілін оқытудың TOEFL, IELTS тәрізді халықаралық және европалық стандарттар талаптарына сәйкес келетін алты деңгейлі мультимедиялық кешені бойынша тілді түрлі деңгейде модульді технологиямен оқытатын ғылыми-әдістемелік жүйе қалыптасты. Факультеттегі тіл үйрету сабақтары арнайы жабдықталған лингофон кабинеттері мен компьютер сыныптарында, интерактивті тақтаның көмегімен өткізіледі. Мамандықтар бойынша дәріс өткізілетін осы заманғы озық техникамен жарақтандырылған арнайы дәрісханалар бар. Ақылы негізде оқитын студенттерге әртүрлі жеңілдіктер бар. Жетім, мүгедек балаларға, тұрмысы ауыр студенттерге оқу ақысын жеңілдетілген түрде төлеу мүмкіндіктері қарастырылады. Жақсы оқитындарын грантқа ауыстыру мәселесі де күн тәртібіне қойылған. Атап айтқанда, 2008-2009 оқу жылында үздік оқитын 11 студент, 2009-2010 оқу жылында 13 студент, ал 2010-2011 оқу жылында 24 студент мемлекеттік грантқа ие болды. Факультетте шәкірттердің ғылыми-шығармашылық қабілетін қалыптастырып дамыту мақсатында студенттердің ғылыми үйірмесі, С.Сейфуллин атындағы әдеби бірлестік, «Тағлым» клубы, «Тіл» үйірмесі жұмыс істейді. Университет басылымдарында, түрлі конференциялардағы баяндамалар мен ғылыми мақалалар жинақтарында жыл сайын студенттердің ондаған ғылыми мақалалары жарияланып тұрады. Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби бірлестік жұмысына факультетте білім алып жүрген талапкер ақындар мен прозашылар, жас зерттеушілер тартылған. Соңғы оншақты жылдың көлемінде аталмыш бірлестіктен белгілі айтыс ақыны Оразалы Досбосынов, талантты ақындар Бақыт Беделханұлы, Саят Қамшыгер, Сержан Молдасанов, Дәурен Мұқанов тәрізді түлектер қанаттанып ұшты. Сондай-ақ факультет студенттерінің спортпен шұғылдануына жасалған мүмкіндіктер де мол. Қаладағы ірі спорт ошақтарының бірі саналатын "Спартак " стадионы тікелей университет студенттеріне қызмет етеді. Онда ондаған спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Студенттер өздері қалаған үйірмелеріне жазылып, ұнатқан спорт түрлерімен айналыса алады. Университеттегі әскери дайындық кафедрасы арқылы факультет студенттері әскери шыңдалу мектебінен өтеді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс - болашақтың саналы да білімді азаматын қалыптастырудағы, білікті маман даярлаудағы аса маңызды шарттардың бірі. Ұстаз өзінің білімімен де, іс-әрекетімен де, сыртқы бітім-тұлғасымен де шәкіртінің бойына тәрбие дәнін сіңіріп отыруға тиіс. Факультет тарихының әр кезеңдерінде қызмет атқарған қайраткер тұлғаларды айтпағанда, бүгінгі ұжымда еңбек етіп жүрген Ф.Оразбаева, С.Абишева, Т.Тебегенов, Г.Қажығалиева, С.Бегалиева, Т.Жұмажанова, Т.Рахымжанов, Р.Қасымова, С.Мақпырұлы, К.Әбілқасымова, Қ.Қасабекова, Ш.Қожакеева, Т.Ошкина, Л.Эглит, т.б. сынды профессорлардың жеке басының үлгісі студенттер үшін айрықша қымбат дер едік. "Талапты ерге нұр жауар" дейді халқымыз. Бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің әрбір азаматының санасы еркін, ойы азат. Қай бағытта білім аламын десе де, қай салада еңбек етемін десе де мүмкіндігі мол. Ұлы Абай есімін иеленіп отырған ұлттық педагогикалық университетіміз, ондағы іргелі оқу орталықтарының бірі саналатын филология факультеті - бүгінде өрлеймін деген ойға өріс жалғайтын, жанамын деген жүрекке от беретін, жеті жұрттың тілін меңгеремін деген талапкерлерге тіл мен әдебиеттің, сөз өнері мен мәдениеттің нәрін сіңіретін шынайы ұстахана болып отыр. Факультеттің мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13 Тел.8727291-16-06 e-mail: Fil_fak2011@mail.ru
|