қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
16.04.2024

Әділетті Қазақстан идеясының іске асырылуы тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмаудан басталады

 

 

Өркениетті елдердегі қоғамның ең басты мәселесі жеке тұлғаның қауіпсіздігі. Қазақстан Республикасы осы өркениет жолына бет бұрған мемлекет болып есептеледі. Сондықтан да бұл мәселе мемлекет басшысының басты назарында. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға басымдық бере отырып әділетті қоғам құруға болатындығын теориялық жағынан емес тәжірибе жүзінде көрсетуде.

 

Осыған орай, елімізде әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елдегі отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіліп жатыр.

 

Әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі жаңа заңдар жиынтығын қабылдау аясында негізгі Заңға, 15 заңнамалық актіге және оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Сонымен қатар, ілеспе заң әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастырады. Кәмелетке толмағандарды қорлау (қорқыту, кибербуллинг) және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіру және басқа да түзетулер үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.


Қабылданған заңның басты міндеті балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу болып табылады.

 

Осыған орай, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы алдын алу шараларының кешенді жоспарлары жасалынып құық қорғаушылардың ерекше назарда болатыны сөзсіз. Бұқара арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны қатаңдату туралы талқылаулар болып, заңға енгізілген түзетулер қоғамда және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды. Парламент отырыстарына оған Үкіметтік Емес Ұйымдар өкілдері, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері белсене қатысты.

 

Бұл Қазақстанда нәзік жандылар мен еліміздің болашағы балалардың іргелі құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екендігінің дәлелі.

 

Президенттің әділетті Қазақстан құру идеясының іске асырылуы тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмаудан басталадығын азаматтық қоғамның тарапынан да үлкен қолдауға ие болды. Сенатта заң жобасын талқылау кезінде 154 мыңнан астам қазақстандық отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдап онлайн петицияға қол қойды.

 

Бүгінгі таңда Бишімбаевтің қылмыстық әрекеті қоғамда жинақталған проблемаларды, жасырын кедергілерді, қарама-қайшы көзқарастар мен негіздерді әшкерелеген басты оқиғаға айналып қана қоймай,ашық түрде талқылануда. Сәуір айының басында Берлин мен Италияда Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды қолдайтын митингілер өтті, оларға 150 адам жиналды. Қатысушылар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер құқықтары туралы түрлі ұрандармен және ағылшын, итальян, қазақ және орыс тілдерінде «Салтанат Заңын» қолдап плакаттармен шықты. Осылайша, болған қайғылы оқиғаға қоғам бұрынғыдай бей-жай қарамайтынын көрсетті.

 

Президент өз Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін үнемі көтеріп келеді. Мысалы, оның бастамасымен 2019 жылдан бастап әйелдер мен балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына, адам саудасына қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Ішкі Істер Министрлігі құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер құрылды. Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылы олардың штат саны 256 бірлікке дейін ұлғайтылды. Мұндай лауазымдар қазір әрбір қалалық және аудандық полиция органында бар. Сондай-ақ, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеу бойынша әйел тергеушілердің мамандануы енгізілді.

 

Соңғы Атыраудағы өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам боп күресті қажет ететін әлеуметтік проблема ретінде ерекше назар аударды.
Нәтижесінде, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға Президент қол қойып, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстары Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Ұрып-соғудың кез келген фактісі енді Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі шеңберінде қаралатын болады.

 

Жалпы алғанда, заңға енген барлық түзетулер жаңашылдығымен ең алдымен іргелі болып табылатындығымен ерекшеленеді. Себебі, олар қоғамдағы қордаланған шешуі қиын күрделі мәселелерді қамтып отыр. Осыған орай, қабылданған заңның ең басты үш ерекшелігін атап өткен абзал.

 

Бірішіден, атап айтқанда кейінгі кездері қоғам ішінде жиілеп кеткен суицидті әлеуметтік қауіпті криминалдық әрекет ретінде насихаттау керектігі шешілді. Бұл деген азаматтық қоғамның одан әрі дамуы үшін негіз болады және азаматтардың санасында қоғамдық қатынастардың жаңа заманауи моделін қалыптастырады. Яғни, әділетті Қазақстанда адам құқықтары бірінші орынға қойылатындығы және жеке тұлғаның қадір-қасиетінің артатындығын баса айту керек.

 

Екіншіден, бұл нормалар архаикалық негіздер мен дәстүрлерді бұзады, содан кейін отбасылық және қоғамдық қатынастар саласындағы агрессорлардың қылмыстық белсенділігін төмендете алды деуге негіз бар. Осылайша, жаңа әділетті Қазақстанда нөлдік төзімділік қалыптасады және Қазақстанның жаңа отбасылық және гендерлік саясаты елімізді өркениетті елдердің қатарына апарады.

 

Үшіншіден, ең бастысы, бұл заң «Халық үніне құлақ асатын» атқарушы билік пен азаматтық қоғам арасындағы келісім-консенсустың көрсеткіші болып табылды, снымен қатар, ел Президенті мен қарапайым бұқара халық арасындағы ашық дилогтың нәтижесі болып табылады.

 

 

 

Жомарт Құдайбергенұлы Симтиков,


Тарих ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдарының докторы,

Абай университетінің кафедра меңгерушісі.


 

16.04.2024 ж.

Ақпарат көзі: janalyq.asia