Негізгі бет
Жаңалықтар
30.04.2024 «Білім беру үдерісіндегі оқытудың инновациялық әдістері» біліктілікті арттыру семинары Бүгінгі таңдағы қоғам кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Білікті ұстаз, білімді маман болу үшін-әрбір мұғалім өз білімін үздіксіз көтеріп отыруы тиіс. Осы негізде 2024 жылдың 22-26 сәуір аралығында Филология институты «Шығыс филологиясы және аударма» кафедрасы Газиантеп, Гиресун (Түркия) университеттерімен бірлесе ұйымдастырған «Білім беру үдерісіндегі оқытудың инновациялық әдістері» тақырыбында халықаралық онлайн-семинар өткізді. Семинардың ресми тілдері: қазақ және түрік тілдері.
Семинардың мақсаты - халықаралық ынтымақтастықты дамыта отырып, заманауи педагогикалық тәсілдер мен жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды білім беру үдерісінде пайдаланудың өзекті мәселелерін талқылау, отандық және шетелдік әріптестермен өзара тәжірибе алмасу.
Семинарға ЖОО-ның (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, АЭжБУ, ҚазҰҚПУ, Т.К.Жүргенов атындағы ҚазҰА) профессор-оқытушылар құрамы және колледж, лицей, мектеп оқытушылары (Талдықорған қаласының Білім инновация лицейі, Ақтау қаласының Білім инновация лицейі, Есік қаласының Білім инновациялық лицейі, АйСаф жеке қыздар мектебі) қатысып, шетелдік және отандық білім беру жүйесінде болып жатқан жаңартулар, инновациялық технологиялар, заманауи кәсіби ақпараттармен танысып, тәжірибе бөлісті.
Филология институтының директоры Алуа Танжарыкова семинардың салтанатты ашылуында өзінің құттықтау сөзін сөйлеп, шетел спикерлері - Гиресун (Түркия) университетінің профессоры, доктор Веди Ашкароглы, Ерзинжан университетінің профессоры, доктор Огузхан Йылмас, Газиантеп университетінің профессоры, доктор Ердал Бей және «Шығыс филологиясы және аударма» кафедрасының спикерлерімен қатысушыларды таныстырып, семинардың әрі қарай жұмыс істеуіне сәттілік тіледі. Семинарда түрік профессор-оқытушыларымен бірге «Шығыс филологиясы және аударма» кафедрасының профессор-оқытушылары: профессор Абдрахманова К.Х «ЖОО оқыту үдерісіндегі инновациялық технологиялар», PhD Қоңқабаева Н.Н. «Ғылыми зерттеу саласындағы жасанды интеллект технологиялары», аға оқытушылар: Дүйсенова Қ.Т. «Білім алушылардың білімін тексерудегі «Клоуз тест» әдісінің тиімділігі», Сұлтанбаева Ж.У. «Socrative.com» платформасын қолдану әдістері», Сәтбай Г.Қ. «Шет тілін оқытудың коммуникативтік әдістері», Елемесова Ж.М. «Шет тілін оқытуда платформаларды қолдану әдістері» тақырыбында өз баяндамаларын оқып, тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар жұмысының модераторы, аға оқытушы Д. Ашимова мен Гиресун, Газиантеп, Ерзинжан университеті профессор-оқытушыларының баяндамаларын түрік тілінен қазақ тіліне аударған Қоспағанбетова Н.Ғ. семинар жұмысының сәтті өтуіне өз үлестерін қосты. Семинар соңында «Шығыс филологиясы және аударма» кафедрасының меңгерушісі Қоңқабаева Н.Н. спикерлерге және семинарға қатысушыларға жұмыстарына сәттілік тілей отырып, сертификаттарын табыстады.
|