қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
30.04.2024

Астана мектептерінде тәжірибеден өткен студенттердің қорытынды конференциясы


2024 жылдың 30 сәуірінде Астана қаласының мектептерінде өндірістік тәжірибеден өткен Абай атындағы ҚазҰПУ 4 курс студенттерінің қорытынды конференциясы өтті.

 
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Абай университетінің Академиялық мәселелер департаментінің директоры Хайрулла Жанбеков, сонымен қатар мектеп директорлары мен әдіскерлері қатысты.
 
Конференция барысында миинистр Саясат Нұрбек өндірістік іс-тәжірибесінің жоғары деңгейде екенін атап өтіп, студенттерге алғысын білдірді.
 
«Елорданы жаңа педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету жұмысының алғашқы нәтижелерін көру - білім беруді дамытудағы маңызды қадам. Мектептердегі студенттердің педагогикалық тәжірибесі сияқты жобалар мектептерді жаңа мамандармен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар студенттерге болашақ мансап жолында қолдана алатын құнды тәжірибе береді. Бұл еліміздің білім беру саласын дамытудағы өзара тиімді және маңызды кезең», - деді Саясат Нұрбек.
 
Абай университетінің өкілі Хайрулла Жанбеков студенттердің өндірістік тәжірибе барысындағы жұмысына тоқталып, алдағы оқу жылында да университет Астана қаласымен бірлесіп жұмыс істейтінін жеткізді.
 
Абай университетінің 4 курс студенті Алтын Мендыбаева студенттер атынан Министрлікке, Астана қаласы әкімдігі мен университет басшылығына алғысын айтып, бұл өндірістік іс-тәжірибеден алған әсерімен бөлісті.
 
Кездесу барысында студенттер министр Саясат Нұрбекке болашақта ұстаз болу мансаптарына қатысты сұрақтарын қойып, педагогикалық қызметке байланысты өз ұсыныстарымен бөлісті. Тәжірибе қорытындысы бойынша студенттердің жартысынан көбі елорда мектептерінде жұмыс істеуге ниет білдірді.
 
Айта кетейік, жаңа мектептерді жаңа формациядағы педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен Абай университетінің 4-ші курсының 181 студенті Астанада жалпы білім беру ұйымдарында өндірістік іс-тәжірибеден өтті.

 

 

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

Қоғаммен байланыс департаменті