қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
10.05.2024

Ғалымдарды қолдау заңы қабылданды

 

                

 

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген хәкім Абайдың сөздері осы күндері маңызды. Еліміз соңғы бес жылда ғылым саласында күрделі бастамаларды бастап кетті. Бұған себеп, тәуелсіздік жылдарынан бері ғылымның ахуалы шамалы болғанында. Отандық ғылыми жаңалықтардың орнына ғылымға беймәлім адамдардың қаптағаны, дарынды ғалымдардың шетел асып кетуі, ғалымдардың мардымсыз әлеуметтік күйі анау айтқандай ауыз толтырып айтатын дүние болмады. Сондықтан, ұлы ойшыл Абайдың өсиетіне келсек, тәуелсіз ұрпақтың әлем жұртынан ғылыммен оза шабуы орындалмады, жасырып неміз бар...

 

Көпке созбай, білім саласында жүргендіктен, Президенттің «ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойғаны көңіл аудартты.

 

Бұл өзгерістердің жаңалығы, белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер үшін ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Мәселен, философия докторы (PhD), сала бойынша доктор, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі мен қауымдастырылған профессорларға (доцент) қосымша 25 АЕК-ті (92300 теңге) ақы төленбек. Ал ғылым докторы және қауымдастырылған профессорларға (доцент) ғылыми атағы үшін 42 АЕК (155064 теңге), философия докторы (PhD), сала бойынша доктор, ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесі мен профессор ғылыми атағына 50 АЕК (184600 теңге) көлемде қосымша ақы төленеді екен. Керемет қолдау.

 

Сонымен бірге, ғылыми дәрежелері мен атақтары үшін ай сайынғы қосымша ақы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге де белгіленіпті. Әрине, бұның бәрі ғылымда жүрген азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеруіне септігін тигізу мақсатын көздейді.

 

Бұдан өзге, осы Заңда 40 жасқа толмаған дарынды ғалымдарға эндаумент-қорының инвестициялық кіріс қаражатынан стипендия алу құқығы беріліп отыр. Бұл, сөзсіз, жас ғалымдардың ғылымға аяқ басуына жақсы мотивация.

 

Тағы бір жақсы бастама, әскери қызметшілерге білім беру жеңілдіктерін енгізу. Әскери қызметін өтегеннен кейін әскери қызметшілердің жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуларына оқуы үшін білім гранттарына квота енгізілмек. Әрине, бұнда «екі қоянды бір оқпен ататын» мемлекеттік саясат жатыр. Әскери борышты өтеу де бар, артынша жоғары білімді маман болып шығу да қарастырылған. Тамаша!

 

Қайбір жылы Президент бизнестің 3% табысын ғылымға бөлуі жайлы бастама көтерген еді. Міне, осы сөзді қуаттау үшін, аталмыш заң арқылы кәсіпкерліктің ғылыми жұмыстарды коммерцияландыруға бейімдеу бағыты күшеймек. Әлбетте, әлемде ғылыми жетістіктер көбіне кәсіпкерліктің тікелей инвестициялық қатысуымен жүзеге асатын тәжірибесін енгізу - табылған ақыл.

 

Жалпы, білім мен ғылымды, педагогиканы, жас ғалымдарды, бір сөзбен айтқанда, отандық дамуды көздейтін бұл өзгерістер, тарихи уақытынан кеш болса да, бүгінгі биліктің қабылдап жатуы орынды. Үміт көп.

 

Айта кету керек, Ғылым және жоғары оқу орындары министрлігінің есіл еңбегі байқалады. Ғылымға ерекше көңіл аударуды өткен жолы Ғылым академиясының қайта түлеуінен жақсыға жорыған едік. Бұл да болашағын ойлаған сауапты да қайырлы мемлекеттік шешім болды.


Мақсат ЖАҚАУ

 

10.05.2024

Ақпарат көзі: halyqline.kz