қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
23.05.2024

Жошы ұлысының тарихына батыс әлемі де қызығуда

 

                

 

Алматыда ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 

Жошы ұлысы, Алтын орда тарихына деген қызығушылық Батыс елдерінде де жоғары деңгейде. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда белгілі болды. Абай университетінде өткен ғылыми жиынға Канада, Жапония, Түркия және Германия сынды елдерден тарихшы ғалымдар қатысты.

 

Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған конференция тақырыбы «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағылымы» деп аталды. Жиынға қатысқан отандық және шетелдік ғалымдар Жошы ұлысының (Алтын Орданың) тарихнамасы мен дереккөздерін талдап, ортағасырлық даңықты мемлекеттің этносаяси, экономикалық және мәдени тарихына қатысты жаңа көзқарастарын ортаға салды.

 

Ғылыми талқы жиынының мінберінде т.ғ.д., академик Ханкелді Әбжан ұлт тарихының отарлық кезеңде зардап шеккен тарихи санасы және қазіргі тарих ғылымының маңызы туралы тоқталып өтті. Академик отарлық кезеңнің ең негізгі зардаптарын үшке бөліп қарастырды: Аштық пен соғыс, қуғын-сүргін, территорияның тарылуы, бұл үш тарихи зардаптың іздері қазіргі ұлтымыздың өн-бойынан көрініп тұрғанын, оны жою үшін ғылымға және жастарға көңіл бөлу керек екенін жеткізді.

 

Конференция мінберінде Анкара университетінің профессоры, тарихшы, ортағасырлық тарих маманы Абдулла Гүндогду Жошы ұлысы мен Анадолы түріктері арасындағы қарым-қатынас турасында қызықты баяндамасын жасады.

 

Жиында Жошы ұлысынан Қазақ хандығына дейінгі кезеңге қатысты тарихи деректер де талданды. Бұл тақырып бойынша Канаданың Торонто университетінен келген ғалым Джю-Юп Лидің баяндамасы көпшіліктің қызығушылығын оятты. Дегенмен, тарихымызға қатысты кейбір мәселелерде өзімізге мейлінше түсінікті, дәстүрлі кейбір ұғымдар шетелдік ғылыми орта үшін соншалықты күрделі, әрі күңгірт тарихи дерек ретінде қарастырылатыны да белгілі болды. Айталық, ортағасырлық мемлекеттердің кейде билеушілердің атымен аталуы, тақтың немесе шаңырақтың үйдің кенжесіне қаратылуы сынды дәстүрлі ұғымдар шетелдік ғылыми орталар үшін шешуі қиын жұмбақтарға пара-пар.

 

Дей тұрғанмен Джю-Юп Ли профессор Жошы ұлысына қатысты бірқатар тың деректерді де ортаға салды. Жошы ұлысындағы түрлі халықтардың тарихына қатысты деректерді айта келіп, сөз соңында өзінің негізгі ғылыми қорытындысын келтірді. Яғни Джю-Юп Ли мырза «Қазіргі қазақтар - Жошы ұлысының ең негізгі мұрагері/ The morden Kazakhs are the most representative desendants og the Jochid ulus» деген ғылыми тұжырымға келген.

 

Бұдан соң жапон ғалымы Хироюки Нагаминэ араб жазуымен сақталған Жошы ұлысына қатысты деректерге талдау жасады. Әрі ондағы кейбір жаңсақ пікірлерге тоқталды. Ғылыми айналымда өзге бір елдің немесе жердің атауы ретінде аталып жүрген кейбір атаулар шын мәнінде әр түрлі кезеңдегі Жошы ұлысына қатысты боп келетінін Нагаминэ мырза өз баяндамасында нақты дәлелдермен түсіндірді.

 

Әл-Фараби университеті Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі т.ғ.д. прфессор Берекет Кәрібаев Алтын орда дәуірінен жеткен, қазірге дейін тілімізде, ауыз әдебиті мен жазба әдебиетінде қолданылып жүрген кейбір тәмсілдер мен мәтелдер туралы тоқталды. Айталық, «Дін Өзбектен қалған» немесе «Нар мойыны Бердібектей кесілді» деген сынды тәмсіл сөздердің астарында Жошы ұлысы, Алтын орда кезеңіндегі тарихи оқиғалардың жатқанын талдап берді.

 

Жиын соңында Канададан келген ғалым Джю-Юп Лиден бірер ауыз сөйледі.

 

«Анығында мен Канадаға Кореядан қоныс аудардым. Онда менің тақырыбымды зерттеліп жатыр. Негізі бұл бір ғана Канада не Торонтоға емес, АҚШ, Еуропа болсын жалпы Батыс елдеріне де қызық тақырып. Торонтода көне түркі тілі және соған ұқсас тақырыптар зерттеліп келген, базасы болғасын сонда көбірек қарастырылып жатыр. Олар қазіргі Қытай, Ресей және Қазақстан сынды мемлекеттердің қалыптасуына Жошы ұлысы және соған қатар ұлыстардың үлкен әсері болғандығы себепті осы тақырыпқа қызығушылық танытады», - деді ғалым.

 

Айта кетейік, биыл елімізде Жошы ұлысының 800 жылдығы аталып жатыр. Тарихтағы бұл айбынды мемлекет біздің территориямыздың біртұтас бір мемлекеттің құрамында қалыптаса бастаған кезеңімен тікелей қатысты. Және Алтын орданы билеушілер мен Қазақ хандығы тікелей жалғасымын тапқын, бір сөзбен айтқанда алып Алтын орда, жалпы Жошы ұлысының заңды мұрагері ретінде әлемде қазақтар аталып жатыр. Бұндай даңқты тарихын тану, тарихи сананы жаңғырту қазіргіміз үшін де аса қажетті.

 

 

23.05.2024

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz