Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
24.05.2024 Жошы ұлысы: Тарихы мен тағылымы
Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуы елімізде кең ауқымда аталып өтіп жатыр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Алтын Орда, Жошы ұлысының тарихына қатысты зерттеулер арқау болды.
Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың конференция қатысушыларына құттықтауы оқылды.
Университеттің зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Cұлтан аталған оқу орны ректоры-басқарма төрағасы Болат Тілептің қатысушыларға арнайы тілегін жеткізді. Ректор қазақ этногенезі мен қазақ жеріндегі политогенез үдерістері Жошы ұлысымен (Алтын Ордамен) тығыз байланысты екенін, ұлыстың Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы орнын айқындау және талдау, Отан тарихына деген жаңа ғылыми көзқарас қалыптастыру маңызды екеніне тоқталған. «Жошы ұлысы құрамында қазақ этносының негізгі бөлігінің қалыптасуы аяқталды, болашақ Қазақ хандығының саяси институттары, мемлекеттік идеологиясы айқындалды. Қазақ халқын 300 жылдан астам уақыт билеген хандарымыз Жошының тікелей ұрпақтары екендігі белгілі. Алтын Орданың ыдырауы тарих төріне ортағасырлық ұлттық мемлекет - Қазақ хандығының шығуына әкелді. Сондықтан қазақ халқы осы мемлекеттің тікелей мұрагері екенін мақтанышпен айта алады» делінген ректор сөзінде.
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Ханкелді Әбжанов Қазақ мемлекеттілігінің пайда болуы, мәні, басқару тәсілдерін бірнеше дәуірге бөліп, «Қазақ хандығы пайда болғанға дейінгі мыңжылдықтарды түркілену, исламдану, қазақтану дәуірі, яғни Жер-ананың қазақты, оның мемлекетін дүниеге әкелуге толғатқан ғасырлары десек қателеспейміз», деп атап өтсе, Анкара университетінің профессоры Абдуллах Гюндоғду «Жошы ұлдары дәуіріндегі Анадолы Дешті Қыпшақ қатынастары» баяндамасында Жошы ұлысы мен Осман империясының қарым-қатынасы туралы ғылыми деректерімен бөлісті.
Жошының ұлысының тарихын әріден қозғап, әр тілде жазылған тарихи дереккөздерде Жошы ұлысының халқы өзбектер, татарлар, токмақтар деп аталғанын, алайда олардың бүгінгі бұл халықтармен байланысы жоқ екенін баяндамасына арқау еткен Торонто университетінің профессоры, PhD Джю-Юп Ли Жошы ұлысының жазба деректердегі тарихына талдау жасады.
Жапония Ұлттық технология институтының зерттеуші ғалымы, Жошы ұлысы тарихының маманы Хироюки Нагаминэ баяндамасын ортағасырлық тарихи дереккөз «Muntakhab al-Tawarikh-i Muini» шығармасына арнады. Автор «Мунтахаб ат-Таварих-и Муʻини» шығармасын басқа дереккөздермен салыстыра талдай келіп, шығармада кездесетін Келдібектің «Чингиз-наме/Кара Таварих» дерегінде «Жалған Келдібек» аталатындығына назар аударды. Сонымен қатар Париж қолжазбасымен және Түркияның Топқапы музейіндегі авторы белгісіз қолжазбамен салыстыра қарастырып, олардың арасындағы ұқсастық пен ерекшеліктерге тоқталды. Осы деректерде Жошының аты «Сайын хан» және «Өзбек» деп қате берілгенін атап көрсетті ғалым.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, академик Берекет Кәрібаевтың айтуынша, соңғы жылдары Алтын Орда, Жошы хан тақырыбына саяси мән беріліп, тарихи даталарға байланысты маңызы артып келеді. Осы орайда Жошы ұлысы, Алтын Орда тарихына қатысты көптеген дерек зерттелді. Бұл кезеңнің тарихын «Алтын Орда дәуірінен қалған тарихи сөз тіркестері мен мәтелдер» тақырыбымен байланыстыра баяндаған тарихшы Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін халықтың бір сөзбен түйіндеп жеткізген сөз тіркестерінің мәніне тоқталды. Алтын Орда саясаты, ислам дінінің келуі, билеушілер саясаты, тақ мұрагерлігіне қатысты бірқатар дәйекті зерттеуіне арқау ете отырып, ғалым көнеден жеткен сөз тіркестерін зерттеу арқылы тың деректерді ашуға болатынын атап өтті.
Орта ғасыр тарихын зерттеп жүрген Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоглы Алтын Орда мен Қазақ хандығының байланысын қарастыра келіп, саяси құрылымның ықпалына тоқталды. Сол дәуірдегі хандықтардың билік жүйесі туралы айта келіп, бүгінде парсы, араб, түрік тілдеріндегі дереккөздерді зерттеу қажеттігін алға тартты.
«Моңғолдың құпия шежіресі» деген атпен енген «Юаньчао биши» шығармасындағы Жошы бейнесіне тоқталған белгілі шығыстанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Клара Хафизова бұл еңбекте Жошы өмірінің маңызды кезеңдері қамтылатындығын атап өтті. «Орта Азиядағы соғыстың бәрінде Шыңғыс ханның үлкен ұлдары оның талантты көмекшілері болды. Өкінішке қарай, ағайындылар арасындағы бәсекелестік бәсеңдеген жоқ. Жошы ұлысы төрт ұлы хандықтың бірі болған, ал оның өзі Алтын Орда хандарының, оның аумағындағы кейінгі хандықтардың атасы болды. Сондықтан Жошыны Орталық Қазақстанда жерлеу туралы аңыз кездейсоқ пайда болған жоқ. Әскери қолбасшы, дипломат ретінде Жошы өзін талай жорықтарда мойындатты», деді ғалым өз сөзінде.
Алтын Орда дәуіріндегі Сарайшықтың сәулетті құрылыстары жайында баяндама жасаған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа тарихи жазба деректерде, ауыз әдебиетінде кездесетін Сарайшықтағы құрылыстар жайындағы мәліметтерді археологиялық зерттеу материалдарымен салыстыра келіп, аймақтағы көне қалалардың орнын су шайып бара жатқандығын қынжылыспен жеткізді.
Конференцияда ғалымдар Жошы ұлысының тарихнамасы мен дереккөздері, Алтын Орданың тарихи географиясы, этносаяси, экономикалық және мәдени тарихына қатысты жаңа көзқарастар, ұлыстың іргелес көрші мемлекеттермен дипломатиялық байланыстары, Еуразиядағы халықаралық қатынастардағы Алтын Орда хандарының рөлі, Қазақ хандығымен сабақтастығы туралы зерттеулерімен қатар Қазақстан тарихында хандығымен сабақтастығын негізге алып, Қазақстан тарихындағы өзектілігі, оқыту үрдісінде көрініс табуына қатысты пікірлерін ортаға салды.
24.05.2024 Ақпарат көзі: egemen.kz |