Негізгі бет
Жаңалықтар
29.05.2024 Абай университетінде еліміздің ұлттық мүдделерін нығайтудағы мемлекеттік қызметтің рөлі талқыланды
2024 жылдың 29 мамырында Абай атындағы ҚазҰПУ-да Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы, Республикалық Тоғызқұмалақ федерация президенті Әлихан Байменовпен «Ұлттық мүдде және мемлекеттік қызмет» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге Жетісу облыстық Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Ришат Асқарбекұлы, Республикалық Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әкім Тұрсұн, университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның мақсаты мемлекеттік қызметтің негізгі мәселелерін және оның Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мен ілгерілетудегі рөлін талқылау болды. Сонымен қатар, «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойынын насихаттаудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл маңызды кездесу қатысушыларға студенттер мен университет қызметкерлері арасында мемлекеттік қызметтің міндеттері мен жауапкершілігі туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Әлихан Байменов кәсіби біліктілік, ашықтық пен ұлттық мүддеге адалдықтың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік қызметті дамыту жөніндегі өз көзқарасымен бөлісті. Ол дамыған елдердің озық тәжірибесін енгізуге, жаңа цифрлық технологияларды қолдану мемлекетті нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал ететінін атап өтті.
Кездесуде мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, оның тиімділігін арттыру және қалыптасқан жағдайға бейімделу мәселелері көтерілді. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды адамгершілік құндылықтармен қатар ұлт болашағын қалыптастыруда табысқа жеткен тұлғалардың өмірлік тәжірибесін кеңінен насихаттау қажет екені атап өтілді.
Іс-шара қызу пікірталаспен аяқталды, оның барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауаптар алды.
|