Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
30.05.2024 Жошы ұлысын зерттеушілер бас қосты
22 мамырда Ұлт білімі мен ғылымының қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Әлемнің әр түкпірінен келген Жошы ұлысы тарихын зерттейтін мамандардың басын біріктірген ауқымды іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде аталып жатқан Жошы ұлысының 800 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
«Мемлекеттігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынуы тиіс», - деп Мемлекет басшысы Жошы ұлысы тарихының қазақ мемлекеттілігі тарихының маңызды кезеңі екеніне назар аударып, тарихшы ғалымдарға болашақ зерттеу бағыттарын айқындады.
Іс-шарада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және Алматы қаласы әкімдігінің арнайы құттықтаулары оқылды. Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, басқарма төрағасы Болат Анапияұлының конференция қатысушыларына арналған алғысөзінде Жошы ұлысының тарихын зерттеу - ХIII-ХV ғасырлардағы Жошы ұлысы тарихының өзекті мәселелерін талқылап, кеңінен насихаттау, оның тарихына қатысты жаңашыл көзқарастарды бағамдау, әлемдік өркениетте алатын орнын анықтау, сол кездегі этносаяси үдерістерді зерттеу.
Конференцияда Канада, Жапония, Түркия, Ресей, Украина және Қазақстанның белгілі тарихшылары Жошы ұлысы тарихынының түрлі аспектісін онлайн және офлайн форматта талқылады. Олар Жошы ұлысы тарихының өзекті мәселелерін талқылап, осы мемлекет тарихына қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Баяндама жасаған ғалымдардың ішінен бірнеше шетелдік маманның атын атауға болады. Олар Канаданың Торонто университетінен келген Джю-Юп Ли, Түркиядағы Анкара университетінің профессоры Абдуллах Гюндоғду, Жапонияның ғалымы Хироюки Нагаминэ, қазір Назарбаев университетінде жұмыс істеп жүрген профессор Юлай Шамильоглы. Бұл ғалымдардың жасаған баяндамалары тыңдаушылардың көңілінен шығып, үлкен қызығушылық тудырды. Отандық ғалымдардан баяндама жасаған академиктер Ханкелді Әбжановты, Берекет Кәрібаевты, профессор Клара Хафизованы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры Амантай Исинді, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, профессор Әбілсейіт Мұқтарды, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Мұхтар Қожаны, АБДИ гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбайды атауға болады. Бұл зерттеушілердің әрқайсысының баяндамасында Жошы ұлысының тарихына қызыққан әр адамға пайдалы ғылыми ақпараттар берілді. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жетекші ғалымдарының бірі, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов өзінің баяндамасында Қазақ мемлекеттігі тарихын дәуірлеу тақырыбын сөз етті. Қазақ мемлекеттілігі тарихын саралай келе, академик «қазақ мемлекеттігінің классикалық және сындарлы дәуірлерде тиянақтаған әлеуеті, тәжірибесі мен сабақтары мемлекетсіз әкімшілік және номиналды мемлекет дәуірлерінде жойдасыз талан-таражға түскенімен, біржолата сарқылмай, тәуелсіз мемлекет дәуіріне нәр бере алды» деген қорытынды жасады.
Канаданың Торонто университетінің белгілі ғалымы Джю-Юп Ли конференция қатысушыларына Жошының ұлысы (халқы) туралы замандастарының жазғандары туралы баяндама жасады. Араб, парсы, шағатай тіліндегі тарихи дереккөздер негізінде шетелдік ғалым Жошы ұлысының халқы өзбектер, татарлар, токмақтар деп аталғанын, ал мемлекет билеушілері атымен Бату ұлысы, Орда ұлысы, Өзбек ұлысы және тағы осындай бірқатар ұлыс аталғанын көрсетті.
Анкара университетінің профессоры Абдуллах Гюндоғдудың Жошы ұлысы мен Осман империясының байланыстарына арналған «Жошы ұлдары дәуіріндегі Анадолы-Дешті Қыпшақ қатынастары» атты баяндамамасы да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Жапонияның ғалымы Хироюки Нагаминэ парсы тіліндегі «Мунтахаб ат-Таварих-и Муʻини» шығармасын басқа тарихи шығармалармен салыстырып талдаса, отандық ғалым, академик Берекет Кәрібаев Алтын Орда дәуірінен қалған тарихи сөз тіркестері мен мәтелдер жайында баяндады. Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоглы баяндамасында Алтын Орданың саяси құрылымының Қазақ хандығының саяси құрылымына әсері туралы мәліметтер келтірді. Профессор Клара Хафизова қытай тіліндегі «Юаньчао биши» шығармасындағы Жошы бейнесіне тоқталды.
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры Амантай Исиннің баяндамасы «Жошы Ұлысы негізінде құрылған мемлекеттер, олардың деректерде, халық жадында және зерттеушілер ортасында аталуы» деп аталды.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұқтар Әбілсейіт жазба деректер негізінде ортағасырлық Сарайшық қаласының Жошы Ұлысындағы қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірінде маңызды рөл атқарғанын көрсетті.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, т.ғ.д., Мұхтар Бахадырұлының да баяндамасы Сарайшық қаласына арналды. Ол тарихи дереккөздердегі Сарайшықтағы құрылыстар жайындағы мәліметтерді археологиялық материалдарымен салыстырды.
АБДИ гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскенбай «Ортағасырлық Қазақстандағы Жошы ұлысының географиясы» тақырыбына жасаған баяндамасында Жошының Қазақстанның қай аймағына қай жылдары келгенін, қандай өңірлерді мекен еткенін өзі дайындаған карта негізінде көрсетті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өткізген «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағылымы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы биылғы жылдағы тарих ғылымы саласындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған конференцияны университет жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізді.
Сымбат БЕГІМБАЕВА 30.05.2024 Ақпарат көзі: aikyn.kz |