қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
01.06.2024

Педагогикалық университет пен Тоғызқұмалақ федерациясы басшылары бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты

 

                

 

29 мамырда Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы, Республикалық тоғызқұмалақ федерациясы президенті Әлихан Байменовпен кездесті.

 

Кездесуге Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әкім Тұрсұн, Жетісу облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Ришат Асқарбекұлы қатысты, - деп жазады Aikyn.kz.

 

Кездесу барысында Абай университеті мен Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мақсаты - ұлттық дәстүрлерді дамытуға және насихаттауға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру, осы ұлттық ойынның елімізде тиімді дамуын ынталандыру, сондай-ақ бірлескен бұқаралық спорт және мәдени бағдарламаларды мен жобаларды ұйымдастыру. Бұл ынтымақтастықтың маңызды аспектісі - ғылыми-зерттеу бағыттарын жетілдіру, жастар арасында тоғызқұмалақты кеңінен насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

 

Болат Тілеп еліміздің жетекші педагогикалық университеті үшін Тоғызқұмалақ федерациясымен ынтымақтастық орнату маңызды екеніне тоқталып, жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, оның мәдени ықпалын кеңейтетінін атап өтті.

 

Кездесуде Қазақстанда тоғызқұмалақты белсенді дамытуға және кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәселелер қаралды. Сондай-ақ еліміздің мәдени мұрасына, оның ішінде қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарына қоғамның назарын аудару, оларды ынталандыру және қолдау мақсатында ұлттық құндылықтарды жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған бірлескен мәдени іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері де талқыланды.

 

Кездесу соңында тараптар жастар арасында ұлттық ойынды насихаттау және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру азаматтардың салауатты өмір салты мен патриотизмді қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

 

01.06.2024

Ақпарат көзі: aikyn.kz